Тағы да жайылым мәселесі... шынында нәтиже бар ма?

Тағы да жайылым мәселесі... шынында нәтиже бар ма?
ашық дереккөз
Тағы да жайылым мәселесі... шынында нәтиже бар ма?
Мал жайылымы қазіргі таңда күн тəртібінде тұрған өзекті мəселенің бірі. Ол үнемі түрлі жиындарда ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп келеді. Бұл мәселенің шешімін табу үшін облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Жұмысшы топ құрамына аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, жер инспекциясы басқармаларының қызметкерлері мен прокуратура өкілдері енгізілген. Жұмыс тобы жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп, босалқы жер қорын нақтылады. Атап айтсақ, анықталған босалқы алқаптардың 23981 гектары егістік, 1 226 399 гектары жайылымдық жерлер. Жалпы облыстың жер қорында жерлердің барлық санаттары бойынша 8,1 миллион гектар жайылымдық бар. Бұл статистикалық есепке сәйкес облыста тіркелген 860,2 мың бас шартты мал басына шаққанда 9 гектардан айналады. Яғни, қолда бар жайылым қорын пайдалануды дұрыс ұйымдастыра білсек, жайылым жер жеткілікті деуге негіз бар. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, басқарма облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесіп аудандарға шығу барысында халықпен жиындар өткізіпті. Анықталғаны жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелген мал басына 683 мың гектардан астам жайылым жетіспейді екен. Сондай-ақ бірлесе жүргізілген жұмыстан кейін облыс бойынша 773 егесіз жайылым анықталып оған мал шығарылған. Бұл өз кезегінде ауылдық округтерге бекітіліп берілген 363 мың гектар жайылым жер көлемінің жүктемесін азайтуға өз септігін тигізуде. Дегенмен, кейбір ауылдық округтердің ауыл тұрғындары малын жыл бойы елді мекен қасында ұстап, сауын малынан өзге мал басын шалғайдағы жайылымдарға шығаруды ұмыт қалдырған. Кейбір ауыл әкімдерінің бұл мәселемен айналыспайтындығы белгілі болды. Мəселен, Байзақ ауданында –Түймекент, Қостөбе, Сарыкемер, Жамбыл ауданында – Қарасу, Қызылқайнар, Ақбастау, Жуалы ауданында – Ақсай, Қошқарата, Шақпақ, Қордай ауданында – Қарасу, Қасық, Шу ауданында – Көкқайнар, Жаңажол, Меркі ауданында – Меркі, Ақарал ауылдық округтерінде тұрғындар аулада ветеринарлық нормадан артық мал ұстап отырғаны анықталды. – Қолданыстағы заң талаптарына сүйенер болсақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы №28 Бұйрығымен бекітілген «Жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтерінде» бір бас малға қажетті шаршы метр жер есебінде қанша басқа дейін мал ұстауға болатындығы заңдастырылған. Мысалы, азаматтың өзіндік қосалқы шаруашылығында 0,15 гектар (1500 ш/м) жер болса, оның шамамен 700 шаршы метрінде тұрғын үйі мен ауласы орналасады. Сонда қалған 800 шаршы метр жерде 20 бас ірі мал немесе 65 бас ұсақ мал ұсталуы қажет. Осы нормалардың сақталмауы Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің нормаларына сәйкес айлық есептік көрсеткіш бойынша жеке тұлғаға – 20, кіші кәсіпкерлік субъектісіне – 50, орта кәсіпкерлік субъектісіне – 100 және ірі кәсіпкерлік субъектісіне – 200 еселенген мөлшерде айыппұл салу қарастырылған. Өкінішке қарай бұл заңнамалар округ əкімдері тарапынан бақылаусыз қалған, – дейді басқарма басшысы. Қалыптасқан жағдайдан шығу және жайылымдарды пайдалануды реттеу үшін Жамбыл облысының жер қорын пайдалану картасына барлық ауылдық округтер енгізіліп, аудан әкімдеріне негізгі 5 бағыт бойынша шаралар қолдану тапсырылды. Дегенмен, облыс аудандарында тиісті шаралардың уақтылы әрі өз дәрежесінде атқарылмауынан жайылым мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып кетер болсақ, бірінші бағыт, босалқы жер қорындағы жайылымдарды елді мекендерге бекітіп беру. Бұл бағытта нақты жоспар белгіленген алты айдың қорытындысымен 17,6 мың гектар жайылым елді мекендерге берілді. Бұл көрсеткіш бойынша республикада біздің облыс көш бастап тұр. Екінші бағыт, елді мекендерге жақын мал аяғы жететін 5 километр аралықтағы жайылымдарды мемлекетке қайтарып, ауылдық округтерге бекітіп беру. Бұл бағыттағы жұмыс бар-жоғы 366 гектарға ғана орындалған. Бұл мәселе Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандарында дұрыс шешімін тауып жатса, басқа аудандарда ол мүлде қолға алынбаған. Келесі орман қорындағы жайылымдарды пайдалану бағыты бойынша табиғи ресурстар басқармасы тарапынан 28 мың бас малға 106,1 мың гектар жер жалға берілген. Жалпы орман қорында бүгінде 242,9 мың бас мал бағылуда. Жер есебіне сәйкес алар болсақ, орман қорындағы 1,7 миллион гектар жайылым жерлердің бүгінде 1 миллион гектары игерілуде. Жалпы орман қоры есебінде мал жаюға болатын жерлер 0,9 миллион гектарды құрайды, ал қалған жайылымдарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен сексеуілдерді қорғау мақсатында мал жаюға шектеу қойылған. Бұрын Қызылқұм өңірі түгелдей шаруашылықтардың иелігінде болып, ол жерлер жайылым және шабындық ретінде пайдаланылған еді. Енді орман қорына өткен соң қойылған шектеулер министрлік тарапынан алынып тасталуы керек деп есептейді мамандар. Бұл туралы табиғи ресурстар басқармасы тарапынан министрлікке хат жолданғанымен нақты нәтиже әзірге жоқ. Келесі бағыт жер пайдаланушылар иелігіндегі жерлерге мал жаюға кедергі келтірмеу туралы жер пайдаланушылармен Меморандум жасасу. Басқарма тарапынан мұндай Меморандумның типтік жобасы әзірленіп, аудандарға жолданды. Нәтижесінде 486,5 мың гектардан астам ауыл шаруашылық алқаптарын пайдалануға келісім жасалып, жұмыс жалғасуда. Дегенмен 156 ауылдық округтердің 100-інде ғана осындай келісімдер жасалса, қалған 14 округтерде жайылымға қажеттілік бола тұра бұл шара қолға алынбай отыр. «Жетіспейтін 683 мың гектар жайылымдықтардың 213 мың гектары босалқы жерлерді елді мекендерге қосу, 199,7 мың гектары 5 километрлік радиустағы жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру, 215 мың гектары орман қоры, 252 мың гектары игерілмеген жайылымдар есебінен, 437 мың гектары Меморандум жасау жолымен реттелуде. Осы сандар әр аудан бойынша индикаторлық көрсеткіштер ретінде белгіленіп, орындалуы бақылауға алынды. Бұл талаптар орындалған жағдайда жайылым жерлердің жетіспеушілік мәселесі күн тәртібінен алынатын болады», – дейді басқарма басшысы. Ал пайдаланылмай жатқан жайылымдар, оны мемлекет меншігіне қайтару туралы айтатын болсақ, жүргізілген зерделеу барысында облыс аумағында 252277 гектар жайылым жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Атап айтсақ, Мойынқұмда – 56 мың, Сарысуда – 42 мың, Қордайда – 37 мыңнан астам жайылым жерлер игерусіз қалған. Жұмыс топтарымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының қорытындысында 269 891 гектар жайылымға мал басы тіркелген. Сондай-ақ көлемі 6 124 гектарды алып жатқан 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 630 гектар жайылым жерді егелері өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарған. Бұдан бөлек, биыл облыс көлемінде 82 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудан бөлінісінде жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен 55 826 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 68 пайызға орындалған. Оның егістігі – 3 822, жайылым – 52 мың гектарды құрайды. – Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында – 13915 гектар жер қайтарылып, жоспар – 127, Т.Рысқұлов ауданында – 15877 гектар қайтарылып, жоспар 144 пайызға орындалды. Ал жоспарды бүгінгі күнге Байзақ – 11, Жуалы – 19, Шу ауданы – 28 пайызға ғана орындап отыр. Егістік жер мәселесіне келсек, жұмысшы топтар тарапынан барлығы 19 346 гектар егістік пайдаланбай жатқаны анықталды. Бұл жерде ең жоғары көрсеткіш Таласта – 5 168, Шуда – 5 039, Меркіде – 4 076, Қордай – 2 240 гектар алқап осы аудандардың үлесіне тиесілі, – дейді облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек. Қорыта айтсақ, облыс әкімдігінің жер қатынастары мен жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармалары бірлесе отырып, жайылым жер мәселелерін шешу, босалқы жер қорындағы жерлерді айналымға енгізу, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудандар бөлінісінде индикаторлар дайындады. Бұл көрсеткіштер бойынша, алдағы жылдың 1 сәуіріне дейін босалқы жерлер санатындағы 213 138 гектар жайылым жерлерді  елді мекенге қосу көзделген. Сонымен бірге, алдағы 3 жыл мерзімде елді мекеннен 5 километр радиуста орналасқан 199306 гектар жайылымдарды қайтару жоспарланған. Оның барлығы жыл-жылмен бөлініп қойылған. Бас-аяғы жұмыс тобы алдағы үш жылда босалқы жер қорындағы жерлерді айналымға енгізіп, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаратынына сенімді. Бұл облыс әкімі Бердібек Машбекұлының төрағалығымен өткен жұмыс тобының жиынында да қолдау тапқан еді. Енді бұл аудан әкімдері мен ауыл әкімдерінің индикаторлар көрсеткішіне де енгізіліп отыр. Басталған істің аяғы сиырқұйымшақтанып кетпесе, жоспарлы жұмыстың алда нәтижесі болады деген сенімдеміз. Марат ҚҰЛИБАЕВ  

Ұқсас жаңалықтар