Алты тоннадан астам таза алтын қоры анықталды

Алты тоннадан астам таза алтын қоры анықталды
ашық дереккөз
Алты тоннадан астам таза алтын қоры анықталды
Бүгінгі таңда еліміз бойынша өндіріс саласына айрықша көңіл бөлініп жатқаны баршаға мәлім. Иә, шынында да өндіріс – табыстың көзі. Оған ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда Қордай ауданына қарасты Ноғайбай ауылдық округінде алтын өндіретін кәсіпорын құрылысының ресми түрде іске қосылғаны – қуантарлық жағдай.  width= Ноғайбайдағы «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС-нің жаңа тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталып, уақыт капсуласын салу іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «MONTERRA GROUP AG» басқарма төрағасы Кристиан Граф фон Страхвиц, Германия Федеративтік Республикасының еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннердің арнайы келіп қатысқанын айта кеткен ләзім. Иә, аса құнды металл саналатын алтын өндіруге бекінген кәсіпорын басшылары әзірге өндіріс орнынан 6,4 тонна таза алтын қоры анықталғанын айтады. Инвесторлар мен мамандардың сөзіне сенсек, қоршаған ортаға едәуір зиян келтіруіне байланысты олар цианидті қолданып бағалы металдарды өндіруден бас тартыпты. Уақыттың талабына үндесетін жаңа технологияларды анықтау, оларды пайдалану маңызды болып тұр. Кристиан Граф фон Страхвицтің сөзіне зер салмақ, инвесторлар тарапы осынау мега жобаны бес жылдан бері жүзеге асыру жолында талмай еңбек етіп жүр екен. Сондай-ақ ол өнім өндірілгеннен кейін дайын құнды металды бірінші кезекте Қазақстан Ұлттық Банкі сатып алуға құқылы болатынын айтады. Сонымен қатар мамандар өндіріс орнынан өндірілетін алтын жұрт айтып жүргендей 585 (58,5 пайызы алтын) сынамалы металл емес, толыққанды таза алтын деседі. Деректерге сенсек, жобаның жалпы құны 1,6 миллиард еуроға тең екен. Бұл дегеніңіз қыруар қаржы салынған жобаның келешегі де кемел болатынын аңғара түссе керек. Жалпы бұл алып жоба үш кезең бойы жүзеге асырылады деп күтілуде. Алғашқыда 295 миллиард теңгені инвестициялау көзделген. Соның нәтижесінде бір тонна алтын өндірілуі тиіс. Кейіннен 235 және 310 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Комбинат толыққанды қуатына еніп, жұмыс істей бастаған кезде 10000 килограммға дейін алтын өндіруге қауқарлы болады. Бүгінге дейін инвесторлар жобаға шамамен 6 миллиард теңге салған. Әсіресе, геологиялық барлау жұмыстарына айрықша мән беріліп отыр. Таныстырылым кезінде мамандар облыс басшысы мен өзге де лауазымды тұлғаларға алтын өндірудің толыққанды технологиясын жүйе бойынша түсіндірді. «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС-нің бас директоры Меруерт Данбаеваның айтуынша, алдағы уақытта мұнда вахталық қалашық салынады деп күтілуде. Іс-шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жобаның өңір экономикасын өрге сүйреуде айрықша маңызға ие екендігін атап өтті. Иә, алып өндіріс алаңы толыққанды іске қосылған кезде мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылып қана қоймай, салыққа да қомақты қаржы түсетіні ақиқат. - Бұл компанияның іске жедел кірісіп, ағымдағы жылдың екінші жартысында комбинаттың құрылысын бастағаны ләзім, - деді Бердібек Сапарбаев жұмыс жобасымен танысу барысында. Осынау кәсіпорынның геологиялық қызметіне жауапты мамандардың айтуынша, бүгінге таңда жеті учаскеде геологиялық-барлау жұмыстары тәмамдалған көрінеді. Мұнымен қоса төрт бөлімшеде жұмыс қарқыны бәсеңсіген емес. Кенді өндіру тереңдігі шамамен 350 метрге дейін жетеді. Қазақстан республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қалдық қоймаларды жедел реттеу мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ ол жергілікті жастарды германиялық жоғары оқу орындарына инженер  мамандығын игеру мақсатында жіберу қажеттігін еске салды. Министрдің бұл ұтымды ұсынысын Германияның еліміздегі төтенші және өкілетті елшісі Тило Клиннер қолдады. Мұндай алып құрылыс алаңының жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде экологиялық талаптар қатаң сақталғаны абзал. Облыс әкімі тиісті тараптарға осы жайды  ескертті. Сонымен қатар ол мамандыққа адалдық танытатын жастарды жергілікті колледжердің базасында дайындау да маңызды іс екенін атап өтті. -Кәсіпорын жобалық қуатын толық іске асырған кезде мұнда 2800 жұмыс орны құрылатын болады. Басшылық жергілікті азаматтарды жұмысқа тартуға барынша ниетті болуы керек. Одан бөлек құрылысқа қажетті материалдарды жергілікті өндірушілерден алғандары ләзім,-деді облыс басшысы. Салтанатты таныстырылым рәсімінен соң бір ғасырдан кейін ашылуға тиіс аманат хат салынған уақыт капсуласын орналастыру іс-шарасы өтті. Бұдан соң «MONTERRA QAZAQSTAN» ЖШС-нің өкілдері, іс-шараға арнайы келген мәртебелі меймандар ағаш көшеттерін отырғызды. Салтанатты жағдайдағы барлық рәсімдерден соң мәртебелі меймандар батырмаларды басу арқылы құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді. Осы сәтте маңайдағы қырда тұрған ауыр жүк автокөліктері мен экскаваторлар қозғалып, жедел іске кірісті. Иә, құрылысты бастауға ресми түрде рұқсат етілген іс-шара дала сахнасында өтті. Мұнда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, осынау ғажап жобаның бас инвесторы, «MONTERRA GROUP AG» басқарма төрағасы Кристиан Граф фон Страхвиц сөз сөйлеп, өндіріс орнының ауданның ғана емес, өңірдің экономикасын көтеруде айрықша рөлге ие болатынын атап өтті. Иә, осы уақытқа дейін Қордай жерінде бірқатар баянды бастаманың лайықты түрде жүзеге асуына түрткі болып, демеушілік көрсеткен «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС-нің алға қойған мақсаттары көп. Өндіріс орнында ұзақ жылдар бойы еңбектің қазанын қайнатуға бел буған серіктестік басшыларының алмайтын асуы жоқ екені рас.

Табиғат Абаилдаев

Ұқсас жаңалықтар