Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

Тараз қаласындағы  бірқатар нысандарды аралады
ашық дереккөз
Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының өндірістік және әлеуметтік нысандарымен танысуды жалғастыруда. Соның бірі – кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығы. Материалдық-техникалық базасының жағдайы және мамандардың біліктілік деңгейі бойынша бұл медициналық мекеме – республикада ең алдыңғы қатарда. Тәулігіне мұнда жүзге жуық науқас қабылданады. Медициналық орталықтың директоры Сейітхан Жошыбаев Бердібек Сапарбаевқа медициналық бөлмелерді, зертханаларды, операциялық бөлмелерді және палаталарды көрсетті. Емханада 7 бөлім, 65 стационарлық төсек бар. Медицина қызметкерлері – 74 адам, оның 20-сы – дәрігер. Ғылыми орталық негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді, басқа медициналық қызметтерді қоспағанда, мұнда жылына 300-ге дейін жүрекке ота жасалады. Орталық осыған ұқсас шетелдік медициналық мекемелермен іскерлік байланыста десек, оның негізінде онлайн режімде конференциялар мен семинарлар өткізуді дәстүрге айналдырған. Облыс әкімі орталық қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тіледі. «Темір-Байлық» өндірістік кәсіпорнында Бердібек Сапарбаевты директор Сапарғали Әбдіқайымов қарсы алды. Кәсіпорын металл конструкциялар мен шағын сәулет формаларын шығарады. Қазіргі уақытта Тараз қаласы әкімдігінің тапсырысымен автобус аялдамалары, балалар мен спорт алаңдарының өндірістік құрылымдарын дайындауда. Мұнда 20-дан астам адам жұмыс істейді десек, олардың жалақыларының аздығы ойландырмай қоймайды. Облыс әкімі кәсіпорын директорына жұмысшылардың еңбегін лайықты түрде бағалап, ынталандыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы «Таразводстрой» кәсіпорнына да арнайы барды. Қазіргі уақытта компания жол салу, қиыршық тас және құм өндірумен айналысады. Директор Ерлан Сарыбаев алдағы уақытта бетон өндіруге ниетті екендігін жеткізді. Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшылығына тендерлерге белсенді қатысуға және өндірісті дамыту жөнінде кеңес берді.

Ұқсас жаңалықтар