Менің дәулетіне сәулеті сай мекенім

Менің дәулетіне сәулеті сай мекенім
ашық дереккөз
Менің дәулетіне сәулеті сай мекенім

Жамбыл жері – менің де туған өлкем. Әркім өзінің туған өңірін қасиет тұтары анық. 80 жылдық мерейінің қарсаңында мен де Туған жерім турасында толғанбай қала алмадым. Жер киесі – Туған жер ғой, шіркін! Туған Жер иесі – Туған Ел! Туған Жерің мен Туған Елің – қос қанатың. Алла жаратқан болмысыңның қалыптасуы туған жерде бастау алады.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі.

Өзім туып-өскен өңір – менің өмірімнің қайнар көзі. Сондықтан Отан – қуат, отбасы – шуақ болса, жанымның шуағы да, қуаты да – Жамбыл өлкесі. Әулиеата деп аталған бұл аймақ – киелі де әулиелі өлке. Алғашқы қазақ мемлекеті осы аймақта құрылды. 2015 жылы оның 550 жылдығын бүкіл Қазақстан болып жақсылап тұрып мерекеледік. Осы жерде тереңнен тамыр тартқан тарихы бар өркениетті қала Тараздың күннен-күнге құлпырып, облысты табыстан-табысқа бастап келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Ұлы бабамыз, әлем әдебиетінің бір жауһары «Даналық кітабын» жазған Жүсіп Баласағұн өзіміздің Шу алқабында туып-өскен. Облысымыздың даңқты университеті Қазақ тарихының негіздерін ең алғаш жазған Мұхамед Хайдар Дулатидың атымен аталады. Алатау мен Қаратаудың Жуалыда түйіскен қасиетті тұсында ұлтымыздың айбыны болған батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Даналық сөздің шебері Бөлтірік шешеннің, атақты сері Кенен Әзірбаевтың, заманымыздың заңғар қаламгерлері Шерхан Мұртазаның, Шона Смаханұлының, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың, Социалистік Еңбек Ері, атақты шаруашылық басшысы Әбдір Сағынтаевтың тағы басқаларының ерліктері мен елдіктері ұрпақтарымызға үлгі. Тәуелсіз елімізде Халық Қаһарманы атанған Бақытжан Ертаев бауырымыз, қасиетті өлкемізден қуат алып түлеп ұшқан халқымыздың Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Алтынбек Қоразбаев сынды өнерпаздар, Ж.Үшкемпіров, С.Қонақбаев, Е.Ыбрайымов, Б.Артаев және басқа да атақты спорт саңлақтары мен еңбеккерлеріміз отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп, көш бастап тұр. Облысымыздың әр ауданында да ардақ тұтар азаматтары аз емес. Мысалы, бір ғана Жуалы аумағынан 13 генерал шықаны – жерлестерінің мақтанышы. Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегерлерінің бесеуі – біздің облысымызда туып-өскен ұлт қайраткерлері. Бүгінгі облыс келбетінен, әрісін айтпағанда, беріде басқарған Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов, Қанат Бозымбаев, Кәрім Көкірекбаев, Асқар Мырзахметовтің үлгілерін көреміз. С.Үмбетовтің Бауыржан Момышұлы шығармаларының 30 томдығының жарық көруіне ықпал еткен қамқорлығы, Қ.Бозымбаевтың республикада теңдесі жоқ спорт кешенін салып бергені, К.Көкірекбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудегі ұйымдастырушылық үлгісі мен әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдауды көбейткені ел есінен шықпайды. Ал Мырзахметов бастамасымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының қайта жаңғыруы – Отанға деген сүйіспеншілік дәстүрінің айқын белгісі. Облысымыздың әрбір тұрғыны осы «Жеңіс» саябағындағы ат шаптырым аумақты алып жатқан монументтерден Ұлы Отан соғысына қатысқан өзінің ата-бабаларының есімдерін тауып, ерлік, отаншылдық рухына бөленуде! Қымбат тасқа қашалып жазылған ардақты есімдер ішінде менің әкемнің де Төре Миразовтың да аты-жөні бар. Елге шыққан сайын әулетіміздің үрім-бұтағы осында болып, тізе бүгіп, құрмет көрсетеміз. Бүкіл ел осылай етеді. Бұл ата-бабалар рухына бас июмен бірге, олардың рухын естен шығармай, ағылып келіп жататын жамбылдықтардың тәуелсіз елдің елдігіне сүйсінген ризалығы деп білемін. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамашылығымен Тараз қаласындағы жасалған сәулет нысандары туралы айту – азаматтық әділдік болар еді. Қаланың әр тұсында орналасып, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің тарихын біріктіре алмай тұрған бірқатар нысандар Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының аумағына көшіріліп, «Ерлік» мемориалдық кешені жасалды (Б.Момышұлы ескерткіші, Мәңгілік алау). Облыстан шыққан 39 «Кеңес Одағының Батыры» және 9 «Даңқ» орденінің толық иегерлеріне «Алтын жұлдызды» тұғыр орнатылып, 105 мыңнан астам облысымыздан соғысқа аттанған жауынгерлердің аты-жөндері гранит тасқа жазылды. «Тыл еңбеккерлеріне тағзым», «Ауған соғысы» ардагерлері мен «Чернобыль» апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтарға монументтер мен әскери техниканың 12 түрінен құралған экспонаттар қойылды. Биыл Бауыржантану орталығы бар «Даңқ» мұражайы ашылды. Сондай-ақ Жамбыл облысының тумасы, Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтағы жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға деген құрмет көрсетудің үлгісі деуге болады. Бұл іс тәуелсіздік жолын өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, олардың Отанға деген патриоттық сезімдерін күшейте түсері сөзсіз. Менің, негізінен, Тараз туралы айтуымның бір себебі – әлемдік өркениет тәжірибесінде мемлекет дамуында басымдық қалаға берілетіні белгілі. Мысалы, әл-Фарабидың іргелі еңбектерінің бірі «Қайырымды қала...» деп аталып, қала дамуының көрсеткіштері жан-жақты сөз болатыны баршаға мәлім. Сол сияқты облысымыздың ілгерілеулері алдымен қала арқылы жүзеге асатынын ескерсек керек. Биыл Жамбыл облысының ресми құрылуына 80 жыл толып отыр. Бұл мереке облыс тарихының тағылымын таныта беруге, еліміздің даму қарқынын арттыруға, ертеңгі жарқын болашағының негіздерін қалауға үлестерін аянбай қосып отырған облыс тұрғындары үшін жаңа рухани қуат екені сөзсіз!

Ұқсас жаңалықтар