Өңірімізде 173 748,8 тонна қант қызылшасы жиналды

Өңірімізде 173 748,8 тонна қант қызылшасы жиналды
ашық дереккөз
Өңірімізде 173 748,8 тонна қант қызылшасы жиналды

Келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласындағы басымдыққа ие 6 бағыт бойынша субсидия бөлінетіні белгілі болып отыр. Оның ішінде қант қызылшасы да бар. Қалған дақылдар алынып тасталған. Қант қызылшасын жергілікті жерлерде өсіру елімізді импорттық өнімдерге тәуелділіктен құтқаратыны да белгілі. Осыған байланысты өңірімізде соңғы жылдары егін шаруашылығын әртараптандыру, әсіресе жоғарыда аталған дақыл түрін егіп өсіру басымдыққа ие бола бастады. Жамбылдық қызылшашылар облыстың балтамыр өсірумен шыққан атын қайта оралту жолында аянбай еңбек етуде. Олар биыл да тәтті түбір жинау науқанын сәтті аяқтап, облыс көлемінде 5 494 гектар алқапқа орналастырылған қант қызылшасы дақылынан 173 748,8 тонна өнім жинады. Бұл – өткен жылғы өнім көлемімен салыстырғанда 7 168 тоннаға артық. Биыл қызылша өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының заманауи техника пайдаланып, алқаптарға жоғары сұрыпты қант қызылшасы тұқымын сепкенін айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде аталған дақыл түрінің әр гектарынан алынған орташа өнім 316 центнерді құрады. Мәселен, Тараз қаласының шаруалары небары 20 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 634,6 центнерге дейін өнім алса, гектар қайтарымы Меркі ауданында – 367, Байзақ ауданында – 315, Шу ауданында – 301, Қордай ауданында – 283, Жамбыл ауданында – 252, Талас ауданында 250 центнерден айналды. Бүгінгі күні өңіріміздегі қант зауыттарына 135 564,1 тонна қант қызылшасы өткізілген. Бұл шикізаттың өңделіп, ұқсатылуы есебінен 17 мың тонна қант өндіріледі деп болжамдалуда. Айта кету керек, ағымдағы жылы облыста 5,6 мың гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылса, оның Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында 105 гектары жарамсыздыққа ұшырағаны белгілі болып отыр. Есесіне, қант қызылшасы егістіктерінің өнімділігі көңіл қуантарлықтай деңгейде. «Aq jol-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар