«Шахристан» шамдары жанатын сәт жақын

«Шахристан» шамдары жанатын сәт жақын
ашық дереккөз
«Шахристан» шамдары жанатын сәт жақын
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="110577,110578,110579,110580,110581,110582,110583"]

Көне шаһардың қақ ортасындағы «Шахристан» этномәдени кешенінің атақ-даңқы алысқа кеткелі тұр. Тараз тарихымен біте қайнасып, арғы-бергі кезеңдегі шайырлардың жырына тақырып, тарихшылардың жазбасына шежіре болған көне қала орнының ендігі сәулеті тіпті керемет болмақ. Бүгінгі күні кешеннің құрылысы ерекше қарқын алып, сәулет өнерінің мамандары аянбай тер төгуде. Амандық болса, құрылыс жұмысы облыстың 80 жылдық мерейтойына орай аяқталып, ел игілігіне беріледі. Ол күн де алыс емес!Қазір «Шахристан» этномәдени кешеніне бара қалсаңыз қайнаған құрылыс алаңын көресіз. Бір шетте үлкен жүк көліктері түрлі құрылыс материалдарын тиеп кеп жатса, екінші тұста құрылысшылар уақытпен санаспай еңбектенуде. Осындағы атқарылып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүрген штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев былай дейді:

«Құрылыс маусым айында басталды. Негізгі жұмысты «КДСМ» және «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. «КДСМ» ЖШС бұған дейін «Жеңіс» саябағында, «Даңқ» аллеясында, сондай-ақ Атшабардағы «Jastar aleıasy»-ндағы құрылысқа қатысып, ұқыптылығы және жауапкершілігімен ерекшеленген мекеме. Сондықтан бұл серіктестікке үлкен сенім артылып, алып жоба берілді. Ал «Өмірзақ» ЖШС өңірдегі бірқатар тас жолдарды жаңартуда жүйелі жұмысымен көзге түскен серіктестік. Этномәдени кешенде бұдан бөлек, жоспарлы жұмысқа демеу болып жатқан тағы 8-9 серіктес компания бар. Құрылысқа бірінші ауысым бойынша 600-ге жуық жұмысшы, ал екінші ауысымда 100-150 жұмысшы жұмылдырылған. Сондай-ақ 18 техника күн-түн демей жұмыс істеп тұр. Құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан әкелінуде. Самарқанд кірпіші, глазурь атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен жеткізілуде». Жоба бойынша «Шахристан» этномәдени кешенінде 11 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Олардың қатарында тарихи-өлкетану музейі, «Руханият және тарихтану» орталығы, қолөнершілер шеберханасы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, «Сағат» стеласы, Арбат-1, 2, 3 нысандары бар. Сондай-ақ кешеннің аумағына 45 мың тас төсеніш төселіп, алты субұрқақ орнатылады. «MART» сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы жағажай жасалмақ. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күні ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары басталып кеткен. Кешен аумағындағы ең басты нысандардың бірі – өлкетану музейі. Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі тарихи бұйымдар қойылады. Нысанға бас сұққан туристер облыстың тарихи орындары мен даңқты тұлғалары жайлы да мол мағлұмат алады. Жоспар бойынша бір бұрышына Шерхан Мұртазаның мұралары жинақталады. Екі қабаттан тұратын музейде түрлі жиындар өткізетін орындар да болады. Ал көркемсурет галереясына облысымыздағы таланттардың туындылары қойылады. Мұнда жас өнерпаздарға шеберлік сабағын өткізетін бөлмелер де жасақталып, онда еліміздің көркемсурет шеберлерімен қатар, әлемдік деңгейдегі өнер иелері де арнайы дәріс оқиды. Қолөнершілер шеберхана қолөнершілердің бұйымдары қойылады. Олар қолжетімді бағамен туристерге сатылады. «Руханият және тарихтану» орталығында аты айтып тұрғандай, рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі тақырыптағы құндылықтар көрсетілмек. Оған әр мекеме мен ұйым үн қосып, өз бұйымдарын қоюға құқылы. Амфитеатрда өңір өнерпаздарының өнерлерін көрсетуге бар мүмкіндік жасалған. Ашық аспан астындағы театр талай таланттарды жарыққа шығаратын күн де алыс емес. Ал бұрынғы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған тұсқа үлкен «Сағат» стеласы қойылады. Сөйтіп, Тараз шаһарындағы «Шахристан» этномәдени кешені келушілердің көзайымына айналып, даңқы еселене түседі.

Ерман Әбдиев

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар