«Аq jol» – облыс айнасы

«Аq jol» – облыс айнасы
ашық дереккөз
«Аq jol» – облыс айнасы
Барат МЫҢБОСЫНОВ, зейнеткер. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты». Бірнеше ғасыр бұрын айтылса да, Міржақып Дулатовтың бұл сөзі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Расымен де, басылымы мықты мемлекеттің болашағы да жарқын. Ал мықты басылымдар қатары бізде жетерлік. Соның бірі – облыстық «Аq jol» газеті. Ғасырға жуық тарихы бар бұл басылыммен менің достығым мектеп қабырғасынан басталған болатын. Алғашқыда газетті тек оқып, жаңалықтардан хабар алып тұрсам, 1960 жылдардан бастап өзім де ауыл механизаторларының, сауыншылардың, шопандардың жетістіктерін жазып тұрдым. Сол жылдың соңына таман «Еңбек туы» маған «Жас тілшілер» деген газетті жаздыртып берді. Сонда менің қуанышымда шек болмады. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір облысымыздың айнасы – «Аq jol» түрлі түсті болып, облыстың ғана емес, республикамыздың да жаңалықтарын жариялап келеді. Спорт саласы да жан-жақты қамтылып, оқырмандармен тығыз байланыс орнаған. Мұнда әрбір оқырман кез келген тақырыпта ой-пікірін білдіріп, өзекті мәселелерімен бөлісе алады. Ол үшін арнайы «Оқырмандар отауы» деп аталатын арнайы бет те бар. Мұнан бөлек, «Айша бибі», «Маздақ», «Пырақ», «Шөкеңнің шошаласы», «Экономика», «Саясат», «Тіршілік», «Руханият» секілді сан алуан тақырыптағы беттер де ұдайы ұйымдастырылып келеді. Редакция ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, тұрғындарды облыстық «Аq jol» газетіне жазылуға шақырамын!

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар