«DAMU» – ТҮРЛІ КӘСІПТІ ДАМЫТУДА

«DAMU» – ТҮРЛІ КӘСІПТІ ДАМЫТУДА
ашық дереккөз
«DAMU» – ТҮРЛІ КӘСІПТІ ДАМЫТУДА

«DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Аймақтық БАҚ өкілдері мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдаланған облыстағы үш кәсіпорынның қызметімен танысып шықты.

Филиал директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы операторы функциясын жүзеге асырады. Олардың қатарында «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бар. – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша біз биылғы он ай ішінде 128 жобаны субсидиялап, екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлеріміз 6 миллиард теңгеден астам несиеге қол жеткізді. Кепілдендіру бағдарламасы бойынша он айда 7 жобаға кепілдік сомасы 900 миллион теңгеден асатын қаржылай қолдау көрсеттік. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында осы уақыт аралығында жалпы сомасы 254 миллион теңгені құрайтын 5 жобаны мақұлдадық. «Еңбек» бағдарламасына келер болсақ, биылға 1 миллиард 36 миллион теңге бөлінген болатын. Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін 524 миллион теңгені құрайтын жобалар қаржыландырылды. Егер кәсіпкерлікке ниетті, әлеуеті жетіп тұрған азаматтардың бизнес идеялары мен жобалары болса, біздің қорға келіп, кеңес ала алады. Жобалары біздің бағдарламаларға сәйкес келетін болса, біз екінші деңгейлі банктер арқылы несие алуына жәрдемдесіп, қолдау көрсетеміз. Банктер мақұлдағанға дейін құжаттарын сүйемелдеп, көмек көрсетеміз, – деді филиал директоры. Журналистер бас сұққан алғашқы нысан – «ЖамбылРемСервис» ЖШС-ның 95 жылдық тарихы бар. Вагон құрастыру, доңғалақ шығыршықты, арба цехы, автобақылау бекеті сынды цехтарда 271 адам жұмыс істейді. Серіктестіктің бас директоры Әмірхан Күндәулетовтің айтуынша, мекеме биыл «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 3 жыл мерзімге 200 миллион теңге көлемінде несие алып, жаңа бөлшектер алған. Айына 250-300 вагонға дейін ағымдағы және күрделі жөндеу жасайтын депо қазіргі таңда еліміздегі өз атын қалыптастырған, танымал серіктестік. Ал «RC Agro Group» ЖШС Рамазан Ибраимов пен Алабажак Жикан есімді қос ел азаматтарының бірлескен жобасы нәтижесінде жұмыс істеуде. Серіктестік негізінен Голландиядан әкелінген ұрықтарды өндіріп, көшет өсірумен айналысады. Қазақстан бойынша әзірге баламасы жоқ бұл жылыжай өнімдері елімізге ғана емес, Орта Азия, Израиль, Қытай, Польша елдеріне экспортталады. Кез келген шаруа қожалығы мұнда сан түрлі көкөніс түріне тапсырыс беріп, дайын көшеттерді өз жерлеріне апарып отырғыза салады. Бұл диханға әлдеқайда тиімді. Өйткені дайын көшеттің барлық дәрумені, екпелері салынып, егістік басына дейін жеткізіліп беріледі. 2,8 сотық жерде орналасқан жылыжайда бір айналымда 3 миллион көшет егіледі. Бір жылда үш айналымда көшет өндіруге болады. Сонда жылыжайдың жылына 20 миллионға дейін көшет өндіріп, шығаруға мүмкіндігі бар. Біз барған сәтте жылыжайда негізінен көктемгі ауысымға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 20 жылдық өтілі бар агроном әрі ЖШС директоры Алабажак Жиханның айтуынша, жылыжайды «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының» қолдауымен 100 мың АҚШ доллары көлемінде несие алып бастаған. Қазір мұнда маусым кезінде 70 мың теңге жалақымен 30-40 адамға дейін жұмыс істейді. 2017 жылы іргетасы қаланған келесі нысан – «Good Look» cауда үйі» ЖШС мал мен құсқа құрама жем дайындаумен айналысуда. Серіктестік басшысы Румия Хашимова «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Сбербанк» АҚ-нан «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының сүйемелдеуімен 430 миллион теңге несие алып, шаруашылығын ұлғайтуда. Тәуліктік қуаттылығы 480 тоннаға жететін серіктестік өнімдері Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстанға да экспортталуда. Мұнда 46 жұмысшы 100 мың теңге көлемінде орташа айлықпен еңбек етуде. Баспасөз туры барысында өңірдегі өркенді іспен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанына тағы бір көз жеткізіп, бизнес керегесінің кеңейіп, қанатының қатая түскенін байқадық.

Эльвира жарылқасынова

Ұқсас жаңалықтар