Көп балалы 22 мыңнан аса отбасыға жаңа жәрдемақы беріледі

Көп балалы 22 мыңнан аса отбасыға жаңа  жәрдемақы  беріледі
ашық дереккөз
Көп балалы 22 мыңнан аса отбасыға жаңа жәрдемақы беріледі

Келесі жылы мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесі өзгереді. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдан бастап енгізілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы жамбылдық 22 мыңнан астам көп балалы отбасыға беріледі. Бір айта кететіні, кәмелетке толмаған төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақының бұл түрі осыған дейін тағайындалмаған. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмасына сай әзірленген жүйе. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін қарастыра келе, табысы аз және көп балалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытын нақтылады.Таяуда министрлік тиісті заң жобасын Парламент қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. Енді мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көп балалы отбасыларға табысына қарамастан төленбекші. Оның мөлшері бала санына қарай белгіленеді. Мысалы төрт баласы бар отбасыларға – 42 500, 5 балаға – 53 125, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан көп баласы барларға 74 375 теңгеден төленеді. «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Қазір оны өңірдегі 20 мыңға жуық адам алып отыр. Жәрдемақының осы түрі әрі қарай да сақталып қалады. Үкіметтің 7 қазан күнгі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырғаны белгілі. Осы жиында Біржан Бидайбекұлы: «Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», – деді. Министрдің айтуынша, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Ол осындай барлық отбасыға табысына қарамастан төленеді. Атаулы әлеуметтік көмекті төлеуде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда аталған төлем тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да берілмейді. Сонымен қатар мұнда табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. Мәселен 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6-дан 18 жасқа дейінгі оқушыларды ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі. Оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары да өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

Райхан НАЗАРОВА, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар