Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу ісі жетілдірілуде

Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу ісі жетілдірілуде
ашық дереккөз
Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу ісі жетілдірілуде

ҚР Президенті Қ.Тоқаев үстіміздегі жылдың мамыр айында Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыруды, бюджеттік мекемелердің басшыларын бұл істен босатуды, сондай-ақ сатып алуларды саяси мемлекеттік қызметкерлердің араласуынсыз жүзеге асыру тетіктерін енгізуді тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында аталмыш министрлік мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырудың жаңа моделін пысықтауда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулар жүйесі мен квазимемлекеттік секторды жетілдіру мақсатында «Мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілер енгізу туралы» Заңның жобасы түзіліп, әзірлену үстінде. Осыған байланысты жер-жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. «Arai Plaza» кәсіпкерлер орталығында өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірлесе ұйымдастырған семинар-кеңесте осы мәселелер басты әңгіме арқауы болып өрілді. Жиынды жоғарыда аталған департамент басшысының орынбасары Берік Меңдібаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, одан әрі «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Индира Молдабекова жүргізді. Бұдан кейін департаменттің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Ербол Беков мемлекеттік сатып алудың үстіміздегі жылдың 9 айы ішіндегі қорытынды нәтижелері жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. «Бізде мемлекеттік сатып алулар веб-порталында камералдық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін 312 681 146 927 теңгені құрайтын 77 082 мемлекеттік сатып алулар камералдық бақылаудан өтті. Соның ішінде 18 513 673 393 теңгенің 2 397-сі бойынша заң бұзушылық орын алды. Есепті кезеңде кінәлі тұлғаларға барлығы 72 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 63, 3 миллион теңгесі бюджетке қайтарылды», – деді ол. Ал департаменттің №1 сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы Әулетхан Бөкейханов мемлекеттік сатып алу заңнамасы жобасына енгізілген мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру, әкімшілік жауапкершілікті орнықтыру, нобайлық шарт жасасу, электронды дүкен енгізу жосықтары секілді бірқатар өзгерістер мен толықтыруларға жан- жақты тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде сатып алулар ісінің ашықтығына айрықша мән берілуде екен. Соның нәтижесінде құқы бұзылған кез келген тапсырыс орындаушының шағымын тіркетуіне де мүмкіндігі бар. Бұл істің электронды форматта өріс алуы шағымданушылар қатарын бұрнағыдан әлдеқайда көбейте түскен. Есепті кезеңде мемлекеттік сатып алудың заңдылығын тексеру бойынша заңды және жеке тұлғалардан барлығы 1400-ден астам арыз-шағым (оның 617-сі мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы) түсіп, қазіргі уақытта 1300-ден астамына тиісінше жауаптары қайтарылыпты. – Әрине, ашықтық пен мөлдірліктің нәтижесінде пайда болған мұндай құбылыстарды ретке келтірудің де жолдары жоқ емес. Әлемдік тәжірибеге сүйенуге де тура келеді. Мәселен, Еуропаның көптеген мемлекеті, Украина мен Грузия секілді елдер мемлекеттік сатып алуларға қатысты келіп түскен шағымдарды ақылы негізде қарауды енгізіп отыр. Бұл жағдайда тексеру барысында шағымы орынды болып жатса, онда иесіне төлеген ақшасы қайтарылып беріледі. Ал бұрыс болса, ол ақша мемлекет қазынасында қалады. Сондай-ақ заң жобасына мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң қолдану тәжірибесінің нәтижелері бойынша түзетулер енгізілген, – деп түйді сөзін Әулетхан Талғатұлы. Келесі кезекте облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Ғалия Болысбекова мемлекеттік сатып алудағы қазынашылық сүйемелдеу жөнінде тарата айтып берді. Басқосу барысында ой-ұсыныстар ортаға салынып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Б.Тоққошқарұлы.

Ұқсас жаңалықтар