Өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылады

Өзекті  мәселелерді  шешу   жолдары  қарастырылады
ашық дереккөз
Өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Оtаn» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай Талас ауданындағы жұмыс сапарын аймақтың индустриалды әлеуетімен танысу мақсатында «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. 2014 жылы республикалық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген бұл жобаның қуаттылығы жылына 15 мың тонна натрий цианидін және 5 мың тонна сульфат шығаруға есептелген. Аталмыш зауыт биылғы 6 айда 6364 тонна натрий цианидін және 1262 тонна аммоний сульфатын өндірген. Зауытта тұрақты 535 жұмыс орны бар. Дархан Қамзабекұлы келесі кезекте «Қаратау Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Зауыттың тыныс-тіршілігімен бас директордың сенімді өкілі Темешбай Тайырұлы таныстырды. Жылына 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп-өндіруге арналған зауыт 2017 жылдың наурыз айында іске қосылған. Қазіргі кезде мұнда 96 адам жұмыс істейді. Зауыт 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында 50857 тонна мәрмәр ұнтағын және 2625 тонна мәрмәр үгіндісін өндіріпті. Жалпы өнімнің сомасы 414,91 миллион теңгені құрайды. Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының ұжымымен де кездесіп, орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі таңда «Игілік» мекемелерден бөлек 134 көппәтерлі үйді ауыз сумен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. 181 адамды жұмыспен қамтып отырған коммуналдық мекемедегі орташа жалақы 80500 теңгені құрайды. Кәсіпорын алдағы жылыту маусымына 90 пайыз дайын. Бұл жайында «Игілік» мекемесінің бас инженері Александр Сергиенко айтып берді. Бағытын ауылдық округтерге бұрған депутат ондағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандарда болды. Қасқабұлақ ауылына кіреберістегі 12 шақырым автомобиль жолына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігер «Жандос и Ко» ЖШС-ның өкілдерімен тілдесті. Арнайы техникалардың көмегімен күніне 600 метр жол төселіп жатқанын айтқан серіктестік басшысы аралықты жалғайтын жолды талапқа сай жөндеп, пайдалануға беретіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ Дархан Мыңбай құрылысы жүріп жатқан Қасқабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің жұмыстарымен танысып, жыл соңында пайдалануға берілетін нысанның сапасына назар аударды. – Ауылда 1204 тұрғын бар. Өткен жылы ғана жаңа типтегі мектеп ел игілігіне берілді. Тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Жотада 1740 гектар егістік алқабы бар. Елді мекеннің әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді, – деген округ әкімі Сулхадин Мұстафаев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын білдірді. Қасқабұлақ және Есейхан ауылдарындағы ауызсу жүйесі нысаны құрылысы аяқталған уақытта 2500-ге жуық ауыл тұрғыны ауызсумен қамтылмақ. ***

Дархан Мыңбай Сарысу ауданына сапарын «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады. Іргелі кәсіпорынның жауапты мамандары бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын кеңінен баяндады. Өндірістік нысанды аралап көрген Дархан Қамзабекұлы кәсіпорын жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ, халық қалаулысы аудандағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жұмысымен танысып, тұрғындар арасында рухани құндылықтарды кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында Жаңатас қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, аудандағы 14 елді мекенді газдандыру, кәріз жүйесін тазалау имаратының құрылысын жүргізу, қала көшелерін жөндеу және бос тұрған коммуналдық меншіктегі жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлінуіне ықпал жасау туралы өзекті жайларды қозғады. Дархан Қамзабекұлы осы көтерілген мәселелерді қағазға түсіріп, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан өзіне жолдауды сұрады. Қабылдауда болған аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы Тоқтар Жәкел ауданда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өз ісін бастағысы келетін азаматтар көп екенін, бірақ екінші деңгейлі банктер тарапынан кепілге жылжымайтын мүлікті облыс орталықтарынан, ірі қалалардан сұрайтындығын, оған көп адамның мүмкіндігі жоқ екендігін айта келіп, осы мәселенің оңды шешілуіне көмек беруін сұрады. Депутат көтерілген мәселенің күрделілігін ескеріп, оны зерделеп, Парламенттің отырысында көтеруге уәде етті. Сондай-ақ қабылдау барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Олжас Көкей «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы тек ауылда емес, шағын қалаларда жұмыс істеуі тетіктерін қарастыру, аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Бегеев кеңестік кезеңде Жаңатас қаласы қолайсыз экологиялық аймақ есебінде болғанын, сол үшін тұрғындарға арнайы өтемақы төленгенін, көршілес Қызылорда және Түркістан облыстарында әлі күнге осы тәжірибе қолданыста екенін айта келіп, оны аудан көлемінде қайта жандандыру мәселелерін көтерді. Бұл мәселелердің барлығы зерделеуді қажет ететінін айтқан Дархан Мыңбай шешілу жолдары қарастырылатындығын жеткізді. Жұмыс сапарының соңында Мәжіліс депутаты көрші орналасқан екі аудандағы қолға алынып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП Талас, Сарысу аудандары.

Ұқсас жаңалықтар