Байтақ дала – туған жердің қымбат бізге әр тасы

Байтақ дала – туған жердің қымбат бізге әр тасы
ашық дереккөз
Байтақ дала – туған жердің қымбат бізге әр тасы

Осыдан екі ай бұрын ауданның белсенді азаматтарының бастамасымен «Алтын аймақ шақырады» атты экспедициялық жорық ұйымдастырылатыны «Merke News» сайтында жарияланған. Саяхат Әулиекөл – Көккөл – Қарақыстақ бағыттарын қамтиды. Оған қатысуға жүзден астам адам ниет білдірген. Арнайы іріктеуден өткен, құрамында облыстық туризм басқармасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен аудандық әкімдіктің қызметкерлері барлығы 40 адам бар экспедициялық топ осыдан бір апта бұрын Сандық, Қарақыстақ жайлауларына саяхатқа да шықты. Жорықтың басты мақсаты – ауасы тұнық, суы шипалы өңірдің Әулиекөл, Көккөл, кіші Әулиешоқы, үлкен Әулиешоқы, Сандық, Қарақыстақ секілді қойнауы құпия сырға толы, табиғаты көркем жерлерді аралап көріп танысу арқылы насихаттауды, туристік нысан ретінде қалыптастыруды көздейді. Оның ішінде инфрақұрылымын жүргізіп, аталған аумақты ел игілігіне айналдыру үшін «Меркі – Қасқасу – Қарақыстақ», «Меркі – Құлан – Сандық», «Меркі – Ойранды – Қарақыстақ – Сандық» бағыттарындағы автомобиль жолдарының жай-күйін зерделеу де бар. Міне, экспедиция мүшелері Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылынан басталатын Қарақыстақ жайлауына бет түзеп келеді. Көккөлге осылай жүре берсе, бес сағатта жетуге болады екен. Асу асып, 101 шақырымды артқа тастаған жорықшылар Ақтастыда алтын өндіріп жатқан кеншілер салған қара жолмен туралап Көккөл басына жетіп, жүктерін түсірді. Айнала – көк шалғын. Ілгеріде ата- бабаларымыз «Құдайдың құдіретін көрем десең, тауға шық» деген екен. Міне, соған көзіміз жетіп отыр. Тау шатқалына кіреберісте бізді «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің қорықшылары күтіп алды. Олар жол-жөнекей мал бағып отырған малшылармен, әрбір сай мен жыраның атауымен, олардың ерекшелігімен таныстырды. Қарақыстақта кезінде егін де егілген екен. Бір емес, екі мешіт, тіпті балаларды оқытатын медресе де болғанын, қазір де арпа, жоңышқа, картоп, көкөніс т.б. егіп отырғандарын қорықшы Азат Еренсіз тәптіштеп айтып берді. Саяхатымыз жас ботаның көзіндей мөлдіреп, тұнып жатқан Көккөлмен танысудан басталды. Осы айтулы әулиекөл туралы аңыз кім-кімді де қызықтырмай қоймасы анық. Оның айналасы түгел тау-төбе екен. Үлкен қазан аумағындай көлдің ерекше қасиеті – оған еш жақтан су ағып келмейді, ағып та кетпейді. Сонда да деңгейі бір өзгермейді, қыста қатпайды, суы борсымайды, айналасы түгел тал-дарақ, арша, шырша, алуан түрлі өсімдік, гүл өсіп тұрса да, айдын бетіне бірде-бір тал жапырағы түспейді... Өйткені арнайы барған топ биіктен дрон ұшырып суретке түсірмек болғанда, «ақылды» қондырғы бұл тапсырманы орындауға қауқарсыз болып шықты, тіптен ол жаққа қарай ұша да алмай қойғаны бар. Төрт көзі түгел аңысын аңдумен тұрған экспедиция мүшелері бұл тылсым күштің құпиясына шынында қайран қалысты. Ел аузынан бұл «Ақбураның көлі», одан ақ бураның даусындай үн шығады, айдаһар да көрінеді дегенді естігенбіз. Сол әулиекөл көз алдымызда моп-момақан, тымырсық күйінде, желмен жай ғана тербеліп жатыр. Фотоаппараттары мен жол сөмкелерін арқалаған табиғат жанашырлары айнала төңіректегі мүлгіген тыныштыққа, таза ауаға масайып, көкірек кере демалып, түріне сан жетпейтін, біз көрмеген өсімдік пен гүлдерге тамсана қарап, бұдан әрі Сарыкөлді, Жасылкөлді, Бұзылғанкөлді, Астаукөлді қызыға аралап шықты. Сонда қорықшылар алты сары ала қаз бірнеше жыл бойы осы көлдерді мекен етіп келе жатқанын, енді олардың қатарына қара дегелек қосылғанын айтып қалды. Біз тек жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ақ дегелек» деген әнін, отбасына сәби сыйлайтын ақ дегелекті ғана білетінімізді жасыра алмадық. Қарақыстақтың көркін, сәнін, көз тартатын сұлу келбет, сымбатын, самал желмен тербелген, жұпар исі аңқыған сан түрлі гүлдерін санап та, түстеп танып та тауысу мүмкін емес. Қар басқан шыңдар, сілем-сілем шатқалдар, аспанмен тірескен арша, шырша, Қарақыстақ өзенін бойлай өскен тал, теректер де, аталарымыз уық жасайтын, тек қана осы жерде өсетін сәмбі талдар да көз жауын алады. Жаныңды тербетеді, көңіліңді қуанышқа бөлейді. «Міне, біздің еліміз, көрікті жеріміз, темірқазығымыз, алтын аймағымыз, ақ бұлағымыз, мөлдір шуағымыз, тұғырлы тұрағымыз» деп, әлемге осынау биіктен жар салғыңыз келеді. Осы құштарлық жорықшыларды кіші Әулиешоқыға бастады. Облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай бастаған топ күнбатыс жақтан, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден құралған топ теңіз деңгейінен 3610 метр биіктегі Әулиешоқының басына екінші жағынан көтерілді. Биіктен Қарақыстақ бассейні алақандағыдай көрінеді екен. Оңтүстіктен қырғыз ағайындардың Қарақорым ауылы да менмұндалап көрініп тұр. Бабаларымыздың ен жайлауы, кең жайлауы болған жер бізді де таңғалдырмай қоймады. Ертеде төрт құбыладан – батыстан, шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен шыққан бұлт Әулиешоқыда тоқайласып, бір айналмай өтпейді» дейді екен. Сол құбылыс саяхатшылар шоқыдан түсіп лагерьге жақындағанда қайталанып, төрт жақтан қоршаған бұлт Әулиешоқы басында түйісті. Соңы жауынға ұласып, бұршақ пен қарға айналып барып тоқтады. Түс аумай экспедицияға «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жедел тобының» басшысы, табиғатты қорғау облыстық кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев бастаған топ келіп қосылып, ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мән-мағынасын арттыра түсті. Топ жетекшісі облыс әкімінің бастамасымен орман және жан-жануарлар дүниесін, қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беріліп келе жатқанын, құрылған кеңес пен тікелей облыс басшысына есеп беретін «Сапсан» жедел тобы да бұл іске айтулы үлес қосып жатқанын, соның негізінде жаңа ереже дайындалғанын, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі фауна-флора, аңшылық мәселелері оңды шешімін тауып, іс оңға басып келе жатқанын жеткізді. Табиғатты туған анасындай көретін, осы салада 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген, өз мамандығын жанындай жақсы көретін азаматтың аузынан Меркі аймағында бірді-екілі болса да сілеусін, 5-6 қар барысы пайда болғанын, аң мен арқардың, тау ешкісінің, тау текесінің, шіл, кекіліктің, ұлардың, елік пен қабанның, тағы басқаларының саны артып келе жатқанын естіп, біз де қуанып қалдық. Сандық жайлауына бет түзеген экспедициялық топ қиындығы ерекше, бірнеше белестен тұратын асудан асып, жол-жөнекей асуда қарсы кездескен 6-7 жүрдек машинамен Қарақыстақ – Көккөлге бет алған отызға тарта туристпен жүздесіп, өңірімізде туризмнің жайлап болса да дамып келе жатқанына көзіміз жете түсті. Кейін білдік, олар тараздық туристік компаниялар арқылы ақысын төлеп, саяхаттап жүргендер екен. Жорықшылар Сандық пен Шайсандықтың да айтып жеткізе алмайтын тамашасына куә болысты. Осындағы XI ғасырда Батыс түрік қағанатының орталығы болған Сандықтаудағы бірден, екіден, тіптен бір қорықта үштен тұрған балбал тастармен, жайлауды жайлап жатқан «Меркі» қой зауытының шопандарының жай-күйімен де таныстық. «Жолы болатын жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, мұнда экспедиция мүшелері «ақермендіктер» өткізіп жатқан «сірне» тойының үстінен түсіп, Сайлау мен Рабиғаның той дастарқанынан дәм татты. Содан кейін руникалық жазбалар таңбаланған тастарға бет түзеді. Қысы ұзақ, қары қалың, тасы аз, тегіс асудың күнгей жағына демалыс орнын салуға болады екен. Онда шаңғы, шана, ат спортын дамытуға да мүмкіндік барына көз жеткіздік. Бұдан кейін сапарымыз «Қарақыстақ – Ойранды – Меркі» бағытындағы жолмен ауылға қарай ойысты. Ойранды асуы да өзінің әсем көркімен, сансыз сылдыраған бұлағымен тәнті етті. Осында аңыз бойынша Мұса пайғамбар ұстаған асатаяқты жасайтын тіп-тік өскен қасиетті ағаш түрі көпшілікті өзіне ерекше тартты. Жорықшылар бұлақ көзін ашып, андыздап кеткен тау суын негізгі арнаға бұрып, игілікті іс те атқарды. «Ақсарай» жайлауына жетіп, елді мекендердің қарасы көрініп, ұялы телефондар іске қосыла бастаған сәтте экспедициялық топты аудан әкімі Мейірхан Өмірбек қарсы алып, ауданның туризмін дамытуға, туризм бағыттарын жасауға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. – Дана халқымызда «Жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық» деген сөз бар. Қарақыстақтың да, Сандық жайлауының да жақсы жақтарын, қиындықтарын өз көзімізбен көріп, мәселелеріне қанықтық. Енді дәйекті жұмыс жүргізіп, зерделеп, сараптап, тиімділігі жоғары шаруаны қолға алуға ниеттіміз, – деді аудан әкімі. «Арай» газетінің фототілшісі А.Қартабай: «Республикамызда фототілшілер қауымдастығы бар. Енді солардың басын қосып фотоэкспедиция ұйымдастырсаңыздар, одан да ұтарларыңыз көп болар еді», – деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы айтулы фотожурналистің еңбектерін, альманах-альбомын шығарысуға құлықты екенін білдіріп, бірлесе әрекет етуге шақырды. Өз кезегінде жорық барысында түйген ойларын ортаға салған облыс әкімдігі туризм басқармасының бас маманы Салтанат Тулекова Меркі ауданының туризм саласына көңіл аударғанына қуанышты екенін, бастаманың тиімді екенін айтты. Сонымен қатар Қарақыстақ, Сандық жайлауларының табиғаты көркем, терең де құнды тарихы бар екеніне, туризмді дамытуға қолайлылығына ерекше назар аударды. Сапарды өте тартымды, жоспарлы, мақсатты, сәтті ұйымдастырған меркіліктерге ерекше ықылас білдірді. Ал бастамашыл топ мүшесі, демеушілердің бірі Қанат Шайхиев Түркия, Америка, Белоруссия, Қытайда басқа да шет елдерде туристік сапармен болғанын, олардағы жағдайды баяндай келе, «Мына екі күнгі саяхат мен үшін шет елдердегіден әлдеқайда қызықты өтті» – деді ол. Сонымен, екі күнге созылған іссапар өте тартымды, өте тиімді, пайдалы өтті десек қателеспеспіз. Алған әсерден, көрген кереметтерден, табиғаттан алған күш-қуатта да, кеудені кернеген қуанышта да шек жоқ. Экспедиция мүшелері мұндай іс-шараны көптеп өткізіп, жиі саяхатқа шығып тұруға уағдаласты.

Серік ҚҰРАЛБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар