Теңбіл допты тәуір тебер күн бар ма?..

Теңбіл допты тәуір тебер күн бар ма?..
ашық дереккөз
Теңбіл допты тәуір тебер күн бар ма?..
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="103134,103135"]

«Тараз» – облыстың барлық тұрғыны үміт артып отырған жалғыз футбол командасы. Мыңдаған көрермен апта сайын сенімін жоғалтпай, орталық стадионға барады. Ойынды көреді. Айналайын жанкүйер команданың әр сәтті ойынына әйелі ұл тапқандай қуанады. Тіпті жекелеген ойыншылардың шеберлік деңгейіне дейін біліп, саралап отырады. Жанкүйерлердің осындай сенімін біздің «Тараз» футбол клубы ақтап жүр ме? Қай жылдары сенім үдесінен шықты?

Аутсайдер атауынан арыла алмадық...

Айтпақшы, иә, сонау 1995 жылы тараздық клубтың ел чемпионатында күміс жүлдені иеленіп, 1996 жылы чемпион атанғаны бар. Одан кейінгі маусымда күміс жүлдені қоржынға салған. 2004 жылды кім естен шығарсын?! Орталық стадионда ел кубогін иеленіп, Алматының «Қайратын» ұтқан еді ғой. Ал кейінгі әлденеше жылдың ішінде «Тараз» бірнеше рет бірінші лигаға түсіп қалды. Ұмытпасам, 2012 жылы болуы керек, премьер-лиганы төртінші орынмен аяқтағаны бар. Сол кезде бір бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз. «Тараз» десе көбінесе 90-жылдарды еске ала береміз. Ол кезде премьер-лига супер-лига аталған еді. 1993 жылы Александр Шмариков бір маусымда 28 голды еншісіне жазса, 1994 жылы Олег Литвиненко 20 гол соқты. 1997 жылы Нүркен Мәзбаев 16 голдың авторы атанып, супер-лига бомбардирлерінің көшін бастаған... Олег Воскобойников үш жыл қатарынан «Жыл футболшысы» атанғаны да жадымызда ғой. Ол күндер қазір көрген түстей аяулы. Қанша жыл болды десеңізші, «Тараздың» жұлдызы жарқырамай келеді. Жыл сайын көштің соңғы жағында жүреді, ілгерілегенде 9-орынға жетіп жығылады. Кей жылдары маусымды жап-жақсы бастап, турнир кестесінің ортасынан ойып тұрып орын алады. Ал маусым соңында сол баяғы үйреншікті орнына барады. Кейбір жанкүйерлер арасында «Оныншы орын – «Тараздың» орны» деген сөз бар. Ал қазір 11-орынға орналасқан. Өкінішке қарай сүйікті командамыз жанкүйерлердің осынау мысқылына лайықты ойынмен жауап бере алмай жүр.

Құрам бар, құндылық жоқ

Клуб президенті Қанат Мұсатаев пен бас жаттықтырушы Вахид Масудов биыл «Тараз» командасын төмендегідей құрамда жасақтады. Қақпаны күзететіндер: Сейсен Мұхамеджан, Самат Отарбаев, Алмас Хамытбеков. Қорғаушылар ретінде Мақсат Әмірханов, Лаша Касрадзе (Грузия), Михайло Йованович (Сербия), Берік Айтбаев, Бекзат Шадманов, Мадияр Нұралы, Игорь Пикалкин, Рахымжан Розыбакиев, Виктор Крюковке сенім артса, жартылай қорғаушылар саналатын Дінмұхамед Қараман, Неманья Суботич (Сербия), Еливелто Рибейро (Бразилия), Абзал Таубай, Жақып Қожамберді, Мартинс Жоан (Бразилия), Бауыржан Байтана, Шейхислам Құлахметов, Бекзат Бейсенов, Гаврил Канның шеберлігінен үміт күтті. Ал өткір шабуыл өтінде Әлішер Сүлей, Серж Ньюадзи (Франция), Абылайхан Жұмабек, Элгуджа Лобжанидзе (Грузия) жасындай жарқылдайды деген шығар. Енді саралап көрейікші, Бірнеше легионер шақырылған. Командадағы 26 ойыншының 13-і жергілікті аяқ доп шеберлері. Олардың да биыл ойдағыдай ойын өрнегін көрсеткен сәті жадымызда жоқ. Легионерлерден Ньюадзи ғана тырысып жүргендей. Жалпы футболшыларға қарасақ, құрам бар, құндылық жоқтай көрінеді. Жеңіске деген құштарлық қой құндылық деп отырғанымыз.

19 ойын – 16 ұпай

Биыл премьер-лига аясында «Тараз» футбол клубы 19 ойын өткізіп, тек төрт ойында ғана жеңіске жетті. Төрт ойында қарсыласымен тең түсіп, он бір матчта қарсыластарына жол берді. Мұндай көрсеткішке жанкүйерлер көңілі қалай толсын? Енді осы ойындарға талдау жасайықшы. Жерлестеріміз биыл 10 ойынды сырт алаңда, 9 ойынды өз алаңында өткізді. Түздегі ойындардың нәтижесіне келсек, 7 ойында ұтылып, 2 ойында тең түсіп, 1 ойында ғана жеңіс тойын тойлаған. Атап айтқанда, «Қайратқа» 2:0, «Тобылға» 4:1, «Ертіске» 2:0, «Жетісу», «Ордабасы», «Шахтер» командаларына бірдей есеппен (1:0) есе жіберді. Атырау» мен «Қайсарға» қонаққа барғанда 1:1 есебімен тең ойнаса, тек «Ақтөбені» 2:3 есебімен жеңді. Сонда сырт алаңнан еншілегені – 5 ұпай. Ал өз алаңындағы ойынның үшеуін ұтып, екі кездесуде тең ойнап, төрт ойында ұтылыпты. Жалпы, өз алаңында 14 ұпай жоғалтқан, еншілегені 11 (мүмкін болғаны – 27) ұпай ғана. Жанкүйерлер қиқулап, қолдап тұрған кездің өзінде 4 ойында ұтылған командаға не деуге болады? Атап айтсақ, өз алаңында «Астана» мен «Атырауды» бірдей есеппен (2:0) ұтса, «Ертіспен» 0:0, «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең тарқасқан. Жанкүйерлер алдында «Қайсарға» 1:2, «Шахтер» мен «Тобылға» бірдей есеппен (0:1) жол берді. Әсіресе жанымызға батқаны өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 2:6 есебімен ұтылғаны. «Оқжетпес» былтыр жерлестерімізбен бірге бірінші лигада ойнаған, қазір турнир кестесінде 8-орында тұр. Биыл олар да көптеген жеңілістің ащы дәмін татыпты. Сол командаға ірі есеппен жеңіліп қалғанымыз түсініксіз. Керісінше, турнир кестесінде топ бастап келе жатқан «Астананы» 2:0 есебімен ұтқанымызды сенсация деуге болатын шығар. Жалпы, 16 ұпаймен он бірінші орында келе жатырмыз. Әлі де кеткен қателіктерді түзетуге мүмкіндік бар. Мүмкіндік болғанда, біздің жерлестеріміз биылғы маусымда бірінші лигаға түсіп қалмауды ғана көздейді. Маусымды 8 немесе 9 орынмен аяқтаса, жақсы нәтижеге жеткені.

Есет ДОСАЛЫ

«Тараз» жанкүйерлерінің айтары бар... Барат МЫҢБОСЫНОВ: – Жасым 82-де. «Тараздың» ойынын көру үшін алыстан арнайы келемін. Команданың 60 жылдан бергі жанкүйерімін. Команда әр ойынды жақсы бастап, соңына дейін сол екпіндерін сақтай алмайды. Әйтеуір, облысымыздың бас командасы болған соң, тым болмаса, өз алаңында жеңсе екен деген тілегіміз бар. Алмат АҚҚОШҚАРОВ: – Біз стадионға жергілікті команданың жеңісін көру үшін келеміз. Өкінішке қарай «Тараз» көбінесе сәтсіз ойнайды, ұтылады. Өз алаңында ұтыла беретінін түсіне алмаймыз. Сырттағы жеңілістерге кешіріммен қарауға болады. Өзімізден шыққан, басқа командаларда жүрген жақсы ойыншыларды «Таразға» алсақ, олардың командаға жаны ашиды деп ойлаймын. Мақаш КАМЕЛЕДИНОВ: – Қазір орталық стадионға келетін жанкүйерлер сиреп қалды. Оған себеп – «Тараздың» ала-құла ойыны. Әйтпесе, жерлестеріміздің ойынын Меркіден, Байзақ ауданынан келіп көретіндер бар. Мен көрерменді көлік тігіп, лотерея билеттерін ойнату арқылы жинап алуға болады деп білемін. Жанкүйерлер өте көп келсе, командамыз да намысқа тырысатын шығар. Қанат ӘМІРАЛИЕВ: – «Тараз» командасының, жерлестеріміздің ойынын көру үшін Байзақ ауданынан арнайы тұрақты келіп тұрамын. Қалай ойнаса да, мен «Тараздың» жанкүйері болып қала беремін. Әр ойынға қалмай келемін. Себебі футболдың қызығы жанкүйерлер үшін деп ойлаймын. Біздің команданың чемпион болған кезі де бар. Оны бәріміз білеміз. Алда да жеңіске жетеді деп ойлаймын. Тілші түйіні: Жоғарыда айтылғандай, футболда Тараз мектебінің өзіндік жолы, үлгісі, тарихы бар. Бір кездері «Химик» аталған қазіргі «Тараз» футбол клубының жасындай жарқылдаған сәттері аз емес еді. Кейінгі жылдары Тараз футболы неге кері кетті? Бұл – ойланатын мәселе. Клуб басшылығы көбіне қаржылық жағдайды алға тартады. Сонда барлық мәселе ақшаға келіп тірелгені ме? Жергілікті ойыншылардың отаншылдығы, елге құрметі, Таразға деген жанашырлығы қайда? Біз жергілікті «Тараз» футбол клубының еліміздегі беделді де белді командаға айналғанын көргіміз келеді. Оған мүмкіндіктер бар деп білеміз. Айтпақшы «Тараз» соңғы турда талдықорғандық «Жетісуді» жеңді. Жеңісті жорық жалғаса ма, кім білсін?!

Ұқсас жаңалықтар