Ұлттық музыка өнерінің ұлағаты

Ұлттық музыка өнерінің  ұлағаты
ашық дереккөз
Ұлттық музыка өнерінің ұлағаты
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="101142,101143,101144"]

«Баласағұн» сарайында І республикалық «Көне Тараз күмбірі» атты этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсы табысты өтті

«Домбырам өзіңменен үндес едім, Өзіңмен сырласымдай тілдесемін. Бабамнан қалған мұра сен болмасаң, Өмірдің не екенін білмес едім», деп Кенен Әзірбаев атамыз жырлаған қасиетті домбыра десек, «Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп ақын Қадыр Мырза-Әлінің толғануы да бекер емес. Елбасының Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісінің Ұлттық домбыра күні болып жариялануы да ұлт үшін ұтымды шешім.

Күмбірле күй, қалықта ән

Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Баласағұн» орталық концерт залында І республикалық «Көне Тараз күмбірі» атты этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсы өткізілді. Ұмыт болып бара жатқан бабалар мұрасын қайта жаңғырту, өңірімізден шыққан композиторлардың туындыларын насихаттау, этно-фольклорлық ұжымдардың шығармашылық қарым-қатынасын қалыптастыру, көне Тараздың көркін айшықтайтын күйлер жинағын топтастыру, Жетісу әндерін жаңғырту – мәдениет саласының негізгі мақсаты болып отыр. Ежелгі Тараз, киелі Әулиеата жерінде туған, еліне керемет күйлері мен жырларын тарту еткен Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев, Садыхан Әубәкіров, Мәди Шәутиев, Байсерке Қылышұлы, Тұраш Әбуов, Алтынбек Қоразбаев, Боранқұл Қошмағанбетов, Аман Малдыбаев, Мұхтарбай Рахманқұлов, Ержан Рысметов, Талғат Орынтаев, Асыл Жыңғылбаев, Өмірғали Ертуған, Олжас Байбек және басқа да талант иелерінің мол мұрасын ұлтымыздың құндылықтарына айналдыру – бүгінгі міндет. Өнер додасында «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер мен қазақ ұлт аспаптар оркестрлерінің конкурсында орындалған, көне Тараз бен жаңарған Жамбыл өңірінің ерекшеліктерін айшықтайтын 17 күйдің жинағы облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шығып, оның тұсауы кесілді. Конкурстың салтанатты ашылуында театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылымда Ықылас, Жамбыл, Кенен және Нұрғиса бабаларымыздың образдары сомдалды. Сонымен қатар «Тараздан тарту» атты би композициясы ұсынылды.

Байқауға еліміздің әр аймағынан 16 ансамбль қатысса, оның 6-ауы біздің өңірден қосылғаны қуантады. Ансамбльдердің қай-қайсы да деңгейлері жоғары екенін байқатты.

Байқауға күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев (төрағасы), ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Дәурен Ғылымов, Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы-композитор Әлқуат Қазақбаев, күйші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов қазылық етіп, әділ таразылады. Байқауға еліміздің әр аймағынан 16 ансамбль қатысса, оның 6-ауы біздің жамбылдықтар екені көңіл қуантады. Ансамбльдердің қай-қайсы да деңгейлері жоғары екенін байқатты. Бірнеше өнер ұжымы Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаевтың күйлерін, Кенен Әзірбаев, Алтынбек Қоразбаев, Садыхан Әубәкіровтің әндерін шебер орындап, елдің рухын көтерді. Көрермендер қатары да көп болды. Залда ине шаншар жер болған жоқ. Көрермен жеңіл, эстрадалық әндерден гөрі, ұлттық ансамбльдердің сүйемелдеуіндегі дәстүрлі әндерді сағынған екен. Байқауда біз осыны байқадық. Тіпті өнер додасын алыс облыстардан келіп тамашалаған көрермендер де болды. – Мен Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданынан арнайы келдім. Маған бұл байқауда ұнағаны – көне аспаптардың бірнеше түрінің қамтылуы. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан келген ансамбльден мүйізсырнайды байқадық. Өзге де ансамбльдерден тұяқтас, сыбызғы, нарқобыз, дағара, сусылдыры, ортеке, дауылпаз, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, шертер секілді көне аспаптарды көріп, көңіліміз толып отыр. Екіншіден, ансамбльдер құрамында өнерлі жастар көп. Осы облыста көркемдік жетекші болып жүрген Дастан Көрегенұлының да еңбегін айта кеткім келеді. Жалпы бұл байқаудың қазаққа, көрерменге берері көп екенін байқадым. Осы шараны ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғысым шексіз, – дейді қызылжарлық көрермен Таласбай Мұсабеков. Байқауда ансамбльдер аянып қалған жоқ. Бірінен-бірі өтеді. Қазақтың ұлттық аспаптарынан шыққан күй сазы көңілге қонып, әсерлі әндер жүрекке жетіп жатты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысының «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне берілсе, жүлделі бірінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы ие болды. Екінші орын екі ұжымға бұйырды. Олар – Көкшетау қаласының «Айнакөл», Шымкент қаласының «Тұмар» фольклорлық ансамбльдері. Үшінші орынға Ақмола облысының «Оқжетпес» және Тараз қаласының «Тараз ғасыр» ансамбльдері лайық деп танылды. Сондай-ақ Ықылас Дүкенұлы атындағы жүлдемен Қызылорда облысындағы «Жігер», Жамбыл Жабаев атындағы жүлдемен Шығыс Қазақстан облысындағы «Сұлусаз», Кенен Әзірбаев атындағы жүлдемен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Алатау», Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдемен Шу ауданындағы «Әсем әуен», Садыхан Әубәкіров атындағы жүлдемен Байзақ ауданындағы «Шолпан», Алтынбек Қоразбаев атындағы жүлдемен Меркі ауданындағы «Меркі әуендері» ансамбльдері марапатталды. «Үздік шығарма» аталымына Тараздағы «Қазақ елі» ансамблі, «Көне Тараз күмбірі» арнайы жүлдесіне байзақтық «Шолпан», облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесіне Атырау облысының «Жәдігер», К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның арнайы жүлдесіне Алматы облысының «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері ие болды. Байқау соңында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады.

Бір мезгілде – 300 домбыра

Дәл осы күні 300 өнерпаз Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты домбыра-патиге қатысты. Өнер шеберлері мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұловтың дирижерлік етуімен Түркештің «Көңілашар» күйін шеберлікпен орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың және ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаевтың бастамаларымен «Ерке сылқым» мен «Көне Тараз» және Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін бірлесіп орындады. «Көне Тараз күмбірі» атты этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсының гала-концертінде облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері мен жеңімпаз атанған ансамбльдер өнер көрсетіп, С.Кәрімбаевтың «Жамбыл жастары вальсі» әнімен іс-шараны аяқтады. Ұлттық домбыра күні өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түскені анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар