Жаңа тұрғын үйлердің жай-күйі қандай?

Жаңа тұрғын үйлердің жай-күйі қандай?
ашық дереккөз
Жаңа тұрғын үйлердің жай-күйі қандай?
Марат ҚҰЛИБАЕВ Бүгінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатқандардың қатары күн санап артып келеді. Оған Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларының тигізіп отырған әсері де аз емес. Жалпы бүгінде екінші деңгейлі банктер бұл бағдарламалар аясында өз салымшыларымен жұмыс істеуге ықылас танытып отырғаны – қуантарлық жайт. Соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз салымшыларының пәтерлі болуына ынталы. Сол үшін банк бірқатар құрылыс компанияларын қаржыландырып, олармен бірлесе тұрғызған көп қабатты тұрғын үйлерін сатылымға шығаруда. Бірінші кезекте банк өз клиенттеріне бірқатар жеңілдіктермен пәтерлерді ұсынуда. Қазір банк қолдауымен Сәтпаев көшесі мен 15-шағын ауданда бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Біз сол жақтағы 9 қабаттан тұратын қос тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен таныстық. Іргетасы былтыр қаланған үйлерді мердігер биыл 1 қазанда пайдалануға бермек екен. Қазіргі таңда әрқайсысы 45 пәтерден тұратын 90 пәтерлі 2 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары басталып кетіпті. Ал қасынан 3-үйдің іргетасы қаланып, біршама бой көтеріп қалған ғимаратты 1 желтоқсанда тапсыру жоспарланыпты. Бұл тұрғын үйдің құрылысын «Таразқұрылысдизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Құрылыс басында серіктестіктің директоры Ғазизбек Бекбердиевті жолықтырып, сөзге тарттық. – Тапсырыс беруші «Нұрлы-Таң» компаниясы. Бұл – Тараз қаласында шаһар тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін облыста жаңа құрылған фирма. Ол өңірімізде былтырдан бастап жұмыс істеуде. Қазіргі таңда қос үйдің құрылыс жұмыстарын 80 пайызға аяқтап отырмыз. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары басқа құрылыс жұмыстарымен қатар жүргізілуде. Бүгінде құрылыс басында 130 адам еңбек етуде. Мұндағы 2 бөлмелі пәтер саны – 36, ал 3 бөлмелісі – 54. Пәтерлердің максималды ауданы 72,1 шаршы метрден басталып, 90 шаршы метрдің аралығын құрайды. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны – банк салымшылары үшін 170 000 теңге. Бұның бір ерекшелігі аумағы қоршалған болады. Өзінің автотұрағы мен балалар ойын алаңы жасақталады. Бұл тұрғын үйді күтіп ұстау үшін тұрғындардан тұрғын үй комитетін құрып, үйдің пайдаланудан кейінгі жағдайын бақылауда ұстап, қадағалап отырамыз. Әрлеу жұмыстарына заман талабына сай соңғы құрылыс заттарын қолданудамыз, – деді серіктестік директоры. Құрылыс компаниясы салып жатқан көп қабатты тұрғын үйде барлық жағдай қарастырылған. Қазірдің өзінде 1,2,3- қабаттардағы пәтерлерді брондап, өз талғамы бойынша әрлеу жұмыстарын бастап кеткен банктің жеке салымшылары да бар. Банк өкілдері мұндағы тұрғын үй ауданы 75,2 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерді 12 миллион 715 мың, ал 84,5 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі пәтерді 14 миллион 823 мың теңгеге алуға болады дейді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевтың айтуынша, бұл нысан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйің» бағдарламасы аясында тұрғызылуда. Бұл бағдарламаның бір артықшылығы – банк клиенттерінің тұрғын үйі болмауы керек деген талап қойылмайтындығында. Мекен-жай бойынша тіркеу сұралмайды. Төлем қабілеті болса болғаны. Тұрғын үй құнының 50 пайыздық бастапқы жарнасын төлесе, жылдық пайыз 3,5-тен 7 пайыз аралығын құрайды. Қарызды 9 жылдан 19 жыл аралығына ресімдеуге болады. Өтініштер тек банк салымшыларынан қабылданады. Бірінші 8 жылын 7 пайызбен, қалған 11 жылының пайыздық үстемесі 3,8 пайызға дейін төмендейді. Үй аламын деген салымшылар құрылыс компаниясына келіп, өз талаптарын, қалай жөндеу керектігін айтса, құрылыс компаниясы келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп береді екен. Бұдан кейін 15-шағын ауданда болып, әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 9 көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де таныстық. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтерлерді тікелей сатуда. Бұл үйлер толықтай тамыз айында пайдалануға беріледі. Мұндағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 140 мың теңгені құрайды. Пәтер саны – 720. Пәтердің максималды ауданы 42,41-ден 68,25 шаршы метрдің аралығын құрайды. Банктің талаптары жоғарыдағыдай. Алдыңғы нысанға қарағанда мұндағы баға қолжетімді. 15-шағын ауданда бір бөлмелі пәтерді – 5 937 400 (42,41 ш.м. Бастапқы жарнасы 20 пайыз – 1 187 480 теңге, ай сайынғы төлем 43 293 теңге), екі бөлмелі пәтерді – 7 946 400 (56,76 ш.м. Бастапқы жарна 20 пайыз – 1 589 280 теңге, ай сайынғы төлем 57 942 теңгені құрайды, кейіннен 36 554 теңгеге дейін төмендетіледі), ал үш бөлмелі пәтер – 9 555 000 (68,28 ш.м. Бастапқы жарна 20 пайыз – 1 911 000 теңге. Қарыз бойынша ай сайынғы төлем 69 672 теңгеден бастап, кейіннен 43 953 теңгеге дейін төмендетіледі) теңгеге алуға болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Аль-аркаржан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы Сейітжапар Хамитов бұл үйлердің құрылысын былтыр бастап, биыл аяқтағалы отырғандарын жеткізді. Оның айтуынша, жобадан ауытқу болмаған. Құрылысқа негізінен отандық құрылыс заттары пайдаланылыпты. Біз кіріп-шыққан көп қабатты тұрғын үйде 1 бөлмелі – 15, 2 бөлмелі – 45, ал 3 бөлмелі 20 пәтер бар екен. Жаңа қонысын тойлап жатқан 14-тұрғын үйдің тұрғыны Гүлдана Әбдіғапар – жас маман. Ол былтыр «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 бөлмелі пәтер алып, қаңтар айында көшіп келіпті. – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 бөлмелі пәтерді 19 жылға алып отырмын. Айына 40 мың теңге төлеймін. Үйім жақсы, жылы әрі жайлы. Сапалы салынған. Жаңа қонысымда қыстап шықтым. Өзіме ұнайды. Мұнда бір ғана кемшілік бар. Бұл 15-шағын аудан жаңа салынып жатқандықтан, қоғамдық көлік қатынамайды. Қоғамдық көлікке міну үшін 2-3 шақырым жаяу жүруімізге тура келеді. Жұмыстан да кешігіп жатамыз. Таксилер де мұнда келе бермейді. Жолымызға асфальт төселіп, қоғамдық көлік жүргізуге билік қолдау көрсетсе, – дейді жас маман. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар