Идеялық құндылықтарға негізделген Саяси Доктрина

Идеялық құндылықтарға  негізделген Саяси Доктрина
ашық дереккөз
Идеялық құндылықтарға негізделген Саяси Доктрина

мемлекет пен халықты біріктіреді

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздік жылдарында еліміз толайым табыстарға қол жеткізді. «Қазақстан – 2030» Стратегиясында белгіленген міндеттер нәтижелі жүзеге асырылды. Ендігі меже – дамыған 30 елдің қатарына кіру. Оған жетудің нақты бағдары 2050 жылға дейін жоспарланған құжатта көрсетілген. Бүгінгі таңда Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Бағыт-бағдары айқын еліміздің келешегі де жарқын боларына сенім мол. Негізі көшбасшы партияның «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» саяси доктринасы осындай идеялық-дүниетанымдық көзқарастар мен құндылықтарды біріктіреді. Жалпы «Нұр Отан» өз алдына мемлекет пен халық арасындағы өзара әрекеттестікті қалыптастыру міндетін қойған. Оның түпкі идеясы – иманды азамат, күшті экономика, әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт, әлемге ашық Қазақстан мен тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру. Доктринада біздің еліміздегі басты байлық адам екендігі атап көрсетілген. Оның сапалы білім алып, жұмысқа орналасуы, еңбегіне лайықты еңбекақысын алуы, ең бастысы басында баспанасы болу керектігі жазылған. Болашаққа деген сенімді нығайту үшін әлеуметтік саясаттың барлық салаларына ерекше мән берілген. Бүгінгі қоғам – адами капитал негізгі рөлге ие, әлеуметтік игіліктерге қол жеткізген, басымдықтар мен әділеттілікті көздейтін қоғам. Бұл – партияның даму стратегиясын айқындауға арналған маңызы зор құжат. Мұнда партияның идеологиясы нақтыланып, ұзақ мерзімге арналған негізгі құндылықтары айқындалған. Оның жастармен жұмысты күшейту, мемлекеттік тілді дамыту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру, аймақтарды дамыту, қоғамдық бақылау мен азаматтық бастама секілді негізгі бес бағыты бар. Ол ел азаматтарын ортақ мақсат төңірегінде біріктіру идеясынан туындаған. Сондықтан «Нұр Отанның» аумақтық филиалдары жыл сайын қатары толыға түскен қоғамдық ұйымның іс-әрекеті әлеуметке жақын мәселелердің шешілуіне ұйытқы болуды көздейді. «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының мүшелері әрдайым әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өңірлердегі негізгі салаларға мән беріп шешімін табуға ұмтылады. Мәселен, бір ғана «Қазпошта» бастауыш партия ұйымы қатарында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ұжымының 120 қызметкері бар. Олар ұрпақ сабақтастығын сақтау үшін, қоғамда ынтымақ, патриотизм, қарт адамдарға және дәстүрге деген құрметті күшейту мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қамқорлық шараларын өткізіп тұрады. Соның бірі – Тараз қаласында өткізілген «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы. Осы акция аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Е.Жетібаев, Г.Иванов, Б.Кошикке сый-сияпат жасалып, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді. Партияның қолға алған ізгі шарасының бірі – жас мамандар, жоғары және кәсіптік-техникалық арнаулы орта білім беретін оқу орындарының түлектерін еңбек ұжымында әлеуметтендіру мақсатында ұйымдастырылған «Сәтті қадам» жобасы. Бүгінде осы жобада көрсетілгендей, колледж түлектері арнайы әлеуметтік серіктестердің қатысуымен өтетін бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне қатысып, жұмыс берушiлермен тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік алып отыр. «Нұр Отан» бастамашы болған әлеуметтік маңызы зор жобалардың қатарында «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы негізінде жүргізілетін «Таза сессия» акциясының студенттер үшін маңызы зор. Жалпы партияның қолдауымен жастардың дұрыс қалыптасуына жағдай жасалып, әлеуметтендіру және олардың азаматтық деңгейін көтеруге баса мән берілуде. Саламатты өмір салтын насихаттау, спорт алаңдарының қолжетімділігі мен жүйелі медициналық қызмет көрсету мәселелері де назардан тыс қалмаған. Ал сапалы білім беру – басты мәселе. Сондай-ақ оқушыларға мамандық таңдауда бағыт беру мәселесі де ұмыт қалып отырған жоқ. Облысымыздың оқу орындарының қызметкерлерінен партиялық автокеруен ұйымдастырылып, аудан мектептерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, жастардың болашақта еңбек нарығына қажетті мамандықтарды игерулеріне жағдай жасалуда. Одан кейін жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, баспана және отбасы мәселелері қарастырылады. Еліміздегі жетекші партияның алдағы онжылдықтардағы бағдарламасын айқындайтын бұл құжат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа алып, әзірленген. Ол еліміздің жаңа даму кезеңіндегі басым бағыттарын айқындауымен құнды.

Жанар ОРЫНБАЕВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының саяси бюро кеңесінің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар