Алаш пен ағайынның ардағы

Алаш пен ағайынның ардағы
ашық дереккөз
Алаш пен ағайынның ардағы

Елу жеті жыл сақталған суреттің сыры

39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55

– Нұрсұлтанның бөлесі Ержанда бір шаруам бар еді. Соған соқтым. Күн ысымай тұрғанда жол-жөнекей жұмыстарымды бітіре келейін дегенім ғой. Ауыл жұртының тіршілігі таң қылаң бергеннен басталады. Тұрғанбек ақсақал «Нексия» автокөлігінен түсіп жатып амандық-саулық сұрасқан бізге мән-жайды осылай түсіндірді. Қордай ауданындағы Қасық ауылына ертерек жеттік дегенімізбен, бұл уақытта ауылдағылар таңғы шаруаларын бітіріп, көлеңке саялап, демалуға кіріскен екен. – Президенттің бөлесі осы Қасық ауылында тұра ма? Қазына іздеп келіп, тағы бір көмбе үстінен түскендей болғасын, көкейіміздегі сауалды іркіп қала алмадық. – Иә, осында тұрады. Алыстан ат арытып келгендегі бар шаруамыз – әңгіме тыңдау екенін, әңгіме болғанда да Нұрсұлтан Әбішұлының бозбала шағы туралы қызықты оқиғаларды естігіміз келетінін білген қария бәлсінбеді. Төс қалтасынан сырты целлофанмен қапталған суретті шығарып, оны алақанымен аялай сипап, сөзін бастады. Досқа деген адалдық осылай болу керек. Елбасының бозбала шағында түскен суреті сол күйі сақталыпты. Тіпті, шеті де мыжылмаған, күн тиіп сарғаймаған. Түрлі-түсті емес демесеңіз, құдды екі-үш жыл бұрын ғана түсірілгендей. Ұқыптылық деп осыны айт. – Міне, мына суретті төс қалтамнан тастамай алып жүргеніме биыл 57 жыл болыпты. Мұны Нұрсұлтан маған 1957 жылы 26 сәуірде сыйлаған. Суреттің сыртындағы Президенттің өз қолтаңбасы. Ал енді осы сурет қолыма қалай тиді, Нұрсұлтанмен қашан таныстым, соны айтайын. Суретті қайтадан мұқият орап, жан қалтасына салған қария тамағын кенеді. Сонау бір ұмытылмас жастық шағын еске түсіріп, тебіренгендей. – Қордайда басқа үлкен-үлкен ауылдар бола тұра, интернат Қасыққа салыныпты. Жан-жақтағы ауылдардың балалары осы интернатта жатып оқитын. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең ғой. Киім жағы тапшы. Оқуға киіп баратын бәтеңкем болмай, мектепке кеш бардым. Соның кесірінен оқуды 21 жасымда бітірдім ғой. 1956 жылы мектепті бітіргенде әкем үш тоқтысын сатып, 50 сомға жетер-жетпес ақшасын қалтама салып беріп, Алматыға бардым. Ауылшаруашылығы институтына құжат тапсырып едік, түсе алмадық. Қазақ балаларының көбісі мен сияқты орыс тілінде шығарма жаза алмай емтиханнан құлап жатты. Ауылға қайтуға ұят, сұрастыра жүріп Шамалғандағы ауылшаруашылығы техникумынан бір-ақ шықтық. Техникумға оқуға қабылданған соң ауылға келдік. Қасықта Иван деген бала бар болатын. Өзі 1939 жылы туған, менен жасы кіші. Ауылға келгенде сол Иванмен әңгімелесіп отырып Шамалғандағы техникумға оқуға түскенімді айттым. Сөйтіп едім Иван: «Шамалғанда менің Әлжан деген әпкем, Әбіш деген жездем тұрады. Сұрастырып тауып ал да солардың үйіне барып тұр», – деді. Іздеп бардым. Техникумның төменгі жағындағы бір көшеде тұрады екен. Әлжан апа сондай балажан, кішіпейіл, жақсы адам екен «айналайын» деп қарсы алып, айран мен нанын ұсынып, құрт-майын алдыма қойып, төркінінен туған бауырының баласы келгендей ықыласпен күтті. Содан кейін әпкеміздің үйіне жиі барып тұрдым. Нұрсұлтан ол уақытта он алты – он жеті жас шамасындағы бозбала. Менен бес жас кіші екен. Бірақ, сол кездің өзінде жүріс-тұрысы ширақ, сөзі пысық еді. Құдайдың берген қасиеті шығар, ақылды екені көрініп тұратын. Бірге киноға да барып жүрдік... Жастық шақтың албырттығы ма кейіпкеріміз Тұрғанбек Тұрысбаев Шамалғандағы оқуын аяқтамай, тастап кетіпті. Ауылға келіп қой бағып, кейін Ырғайтыдағы техникумды сырттай бітіріп, бригадир болып жұмыс істепті. – Мен көрген бозбала Нұрсұлтан сондай еді. Кейін 1983 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аймағынан Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат ретінде Қасық ауылындағы Мәдениет үйінде кездесу өткізетін болды. Ол кезде ауданды Өмірбек Байгелди басқарып тұрған. Өмекеңе барып Нұрсұлтан сыйлаған суретті көрсетіп, болған жайды айтып бердім. Сурет Өмекеңе де әсер етті. Содан жиналыс арасындағы ыңғайлы бір сәтте Өмекең мені шақырып Президентке мән-жайды түсіндірді. Мен қалтамдағы суретті көрсетіп ем, «Ой, мынау өзімнің қолым ғой» деп күліп, сол жерде Елбасы екеуміз қайта табысып, қайта қол алысып, төс қағыстық. Бұл кезде арада сырғып 20 жыл өте шыққан болатын. Тұрғанбек ақсақал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қасық ауылына бұдан кейін де бірнеше рет келгенін айтады. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып қызмет істеп жүрген кезінде, нақтырақ айтсақ 1986 жылы 8 қарашада келгенінде Президент Қасық ауылындағы нағашысының үйіне барыпты. Ал 1995 жылы Манастың 1000 жылдық тойынан келе жатып, ат басын бұрған. «Сол жолы ауылдың сыртындағы бейіт басында мал сойылып, Құран оқылды. Елбасының кісілігін сонда көрдім. Президент машинамен келіп тоқтағанда үлкен қариялар, басшылар барып амандасып жатты, сол кезде анадай жерде отырған бір кемпір «Алдымен өзі келіп амандассын, мен неге барамын?» деді. Сөйтсек, ол кемпір Нұрсұлтанның жақын нағашысы екен. Назарбаев қарияға өзі барып амандасты», – деп бір қайырды ол. Тұрғанбек ақсақал Президентпен бұдан кейін Тараздың 2000 жылдығына арналған мерейтойда кездесіпті. Осы жүздесуде Елбасы бала кездегі досына сағат сыйлапты. – Бұдан кейін 2004 жылы Астанада көрдім. Бұл жылды ұмытпайтыным, Сидней Олимпиадасынан біздің жамбылдықтар олжалы оралған болатын, – деген Тұрекең. Бұл да тарих. Естен кетпейтін естелік. Елбасының қолынан сыйлық алған, бозбала шағында сырласып, дос болған Тұрғанбек Тұрысбаев ақсақалға қызыға қарадық.

Президент Н.Назарбаевтың бөлесі Ержанның шаңырағында

немесе 20 жылдан кейін кездескен аға мен қарындас

– Диабетіңе қандай укол салғызып жүрсің? – Бір уколды өзіме өзім салып алам. Сосын азанда бір, кешке бір дәрі ішем. Алыстан арнайы іздеп келген бізде шаруасы жоқ адамдай Қалбүбі апа алдымен замандасы Тұрғанбек ақсақалдың хал-жайын сұрады. Содан кейін ғана өзгелерімізге жағалай көз тастап, үстелге келіп отырды. «Туған күні жақындап қалды ғой, сурет сұрап келдіңдер ме? Бәрі сөйтеді, туған күні боларда ғана келіп, қоярда-қоймай суреттерімді алып кетіп, кейін қайтармай қояды», – деп апамыз сөзді өктем әрі өкпелі бастады. Қарияның өкпесі орынды. Жыл сайын шілде жақындағанда Шымкенттен, Алматыдан журналистер келіп, Қалбүбі ананың Елбасымен бірге түскен суреттерін сұрап алып, қайтарып бермей кеткен кездері көп болыпты. Біз сурет емес, әңгіме сұрап келгенімізді айттық. Осы сөз көңілін жібітті білем, адуынды апамыздың жүзі жадырай бастады. – Әлжан – Айдапкелдің қарындасы. Мен – Айдапкелдің үлкен қызымын. Айдапкелден төрт қыз, бір ұл. Тағы бір немере бауырымыз бар еді, қайтыс болып кетті. Әкем жалғыз ұлының есімін Иван деп қойыпты. Перзентханадан шыққанда «Кім болады?» деп сұрағандарға «Иван болсын» деген екен. Содан солай аталып кетіпті. Иван мен Нұрсұлтан екеуі жас жағынан шамалас. Сондай жақын болатын бір-біріне. Қалбүбі апамыз ширақ екен. Бірді айтып, бірге кетпей қойған сұрақтарға нақты жауап беріп отыр. Алпыс-жетпіс жыл бұрынғы оқиғаларды егжей-тегжейлі әңгімелейді. – Мен бастан-аяқ айтайын. Әлжан әпкеміз бізді жиырма жылдан кейін әрең іздеп тапқан. Біздің ауылда Мамыт деген кісі бар еді. Соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктей қоймаған жылдар болса да, осы аймақтағы ауқатты, ең бай адам болатын. Түйесі де, жылқысы да бар дегендей. Сол Мамыт бірде Алматыға түйе айдап бара жатып Шамалған ауылының үстінен өтеді. Ол кезде әпкеміздің үш баласы бар екен. Үлкені – Нұрсұлтан, ортаншысы – Сатыбалды, кенжесі – Болат. Сатыбалдының жастау кезі. Шамалған өзенінің бойында ойнап жүргенде түйелі адамды көріп, таңғалып, қасына барса, бір кемпір Мамыттан: «Әй, қайдан келе жатқан адамсың?» деп, сұрап жатыр екен. Сол кезде Мамыт: «Қасық ауылынан келе жатырмын» депті. Мұны естіген Сатыбалды үйіне жүгіріп келіп: «Апа, ана жақта түйе айдап бара жатқан кісіден бір апа «қайдан келесің?» деп сұрап еді, «Қасық ауылынан келе жатырмын» деп айтты» дейді. Сол сол-ақ Әбіш жездеміз атқа міне салып, Мамыттың соңынан шабады. Сөйтіп қуып жетіп: «Әй, жолаушым Қасықта Айдапкел деген кісі әлі тұра ма? Бала-шағасы бар ма?» деп сұрапты. Ол Айдапкелді білетінін айтыпты. Жездеміз: «Мына жерде менің үйім бар, Айдапкел деген кісінің қарындасы – менің әйелім, түйеңді өткізгеннен кейін қонаққа кел» депті Мамытқа. Үйіне келген соң жездеміз әйеліне бауырының табылғанын айтып, сүйінші сұрапты. Мамыт болса түйесін өткізіп келген соң Әбіштің үйіне барып, қонақ болыпты. Ұмытпасам, бұл 1954-1955 жылдар болатын. Әпкемдер Мамытты күтіп, бар мәзірін алдына тосыпты. «Қуыс үйден құр шықпа» деген деп, атына шылбыр беріпті. Ас үстінде Айдапкелді қайта-қайта сұрап отырыпты. Сонда Мамыт Айдапкелдің 1942 жылы соғысқа барып, 1944 жылы бір аяғын беріп қайтып келгенін, қызының колхозда үздік сауыншы болып тұрғанын (апамыздың «үздік сауыншы» деп өзін айтып отырғанын түсіндік) айтыпты. Әлжан әпкем төркініне 1955 жылы келді. Иван ол кезде ауылда киномеханик болып жұмыс істейтін. Клубта «мылқау кино» көрсетеді. Иван мен Нұрсұлтан екеуі содан бастап бауыр боп кетті. Қанша дегенмен туған жиен ғой. Сол жылдарда қол сағат тапшы, әкеміз бір қойын сатып Нұрсұлтанға сағат әперді. Нұрекең әлі күнге дейін «атам маған сағат әперген» деп айтып отырады. Әкем 1999 жылы қайтыс болды. Мынау Нұрсұлтанның атасының асына келген кездегі суреті, – деген Қалбүбі ана әңгімесін бір қайырып. Ойлап отырсақ, ауыр тағдыр Нұрсұлтанның анасы Әлжан апаны да айналып өтпепті. Соның салдарынан әз ана үйірінен адасқан еліктей 20 жыл бойы ағасын іздеп жүріпті. – Нұрсұлтан аға кейін Айдапкел атамның үйіне төрт рет келді. 1995 жылы Манастың тойына келгенде де арнайы бұрылған. Менің анам Қалбүбі – Айдапкел атамыздың үлкен қызы, одан кейін Иван, Ажаркүл, Зинакүл, Зина деген ұрпақтары болған. Иван 71 жасында ауырып дүниеден өтті. Ол 70 жасқа толғанда Нұрсұлтан ағамыз құттықтау жіберіп, Айдапкел атамның шаңырағын бұздырмай, жанынан үй салдырды ғой. Иван қайтыс болған соң «қара шаңырақта кім қалады?» дегенде «үйдің кішісі қалсын» деп, кіші баласын Теміртаудан көшіріп әкелген. Ол да жоқ қазір ортамызда. Бір жарым жылға жуықтады қайтыс болғанына. Нағашымыздың басқа балалары Теміртауда. Мұңая отырып мұны айтқан Елбасының бөлесі Ержан Сатылғанов болатын. * * * Қалбүбі апа Елбасының Қасық ауылына келген кездерін жалықпай әңгімелей беруге бар. Сол арқылы өзінің жастық шағын да еске алып, көңілі жадырай түскендей ме, қалай? «Сандыққа» салып сақтап жүрген суреттерін де шетінен шығара бастады. – Қасыққа келгенде Иван екеуі үнемі бірге жүретін. Сырлары да бір еді. Осы ауылда жүргенде бір қызбен танысты. Нұрсұлтанның әлгі қызға деген көңілі шынайы еді. Жап-жақсы сөйлесіп жүр еді, қу қыз бір күні басқаға бір жігітке тұрмысқа шығып кетті ғой. Қазір өкінеді, өкінгенмен не пайда? Иван Күлшайрамен бірге, Нұрсұлтан Дәкүлдің қасында отырып түскен суреттері бар. Ол сурет Елбасының музейінде де сақтаулы. Апамыз Президент Қасыққа бір келгенінде Дәкүлмен екі рет кездесіп, жағдайын сұрағанын айтады. Бұл – өскен ортасы мен өткенін ұмытпаған адамның кісілігі мен кішіпейілдігі болса керек. Елбасының нағашы жұртқа деген ықыласы өзгеше екен. Әр келгенінде нағашы, бөлелерінің ортасында отырып түскен фотосуреттері соның айғағындай. Қалбүбі апа болса жиенінің барлық суреттерін мұқият қаттап, сақтап отыр. Қасыққа Елбасының қарындасы Әнипа мен қызы Дариға келген кездерінде түскен суреттері де бар. Айтпақшы, ауылдың Қасық деген аты қайдан, қалай пайда болған? Ауылға кіреберіс тұста кәдімгі қасыққа ұқсас төбе бар екен. Ауыл аты соған байланысты аталған дейді қариялар. Түгін тартсаң майы шығатын, топырағы құнарлы, елі малды, жасыл желегі жайқалған ауылдың бүгінде елімен етене Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегінің бір түкпірінде жатқандығы анық.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Құрманбек ӘЛІМЖАН, Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».

Тараз–Қасық ауылы–Тараз.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар