Ережеге бағынбағанға шара бар

Ережеге бағынбағанға  шара бар
ашық дереккөз
Ережеге бағынбағанға шара бар

Қойнауы қазынаға толы ұлан-ғайыр жеріміз қашаннан өзге елдердің көз құртына айналып, қызығушылығын оятып-ақ келген. Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элементтерді қойнауына жасырып жатқан жеріміз әлі де талайларды тамсандыруда.

Ал біз сол жеріміз бен оның қазба байлықтарын тиімді пайдаланып жүрміз бе? Жерді пайдаланушылар оны қалай қолданып, ол үшін қанша ақы төлеп жүр? Келісімшарттағы пайдалану ережесінің тәртібі, мерзімі қандай? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен кезекті кездесуде өңір басшысы осы мәселеге баса назар аударып, оны тиісті құзырлы орындар басшыларымен талқылады. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде кең таралған пайдалы қазбаларға жасалған 144 жер қойнауын пайдалану келісімшарты тіркелген. Оның ішінде өндіруге арналған келісімшарт саны 132 болса, барлауға арналғаны – 12. Жалпы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға сәйкес, барлауға арналған келісімшарт 6 жылға дейінгі мерзімге, өндіруге арналған келісімшарт 25 жылға дейін, пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орындары бойынша келісімшарт 45 жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік дамуына бөлінетін қаржы міндеттемесінен облыстық бюджетке түскен қаржы көлемі 615,4 миллион теңгені құрап, 107 пайызға орындалған. «Алтыналмас» АҚ, «Golden Compass Jambyl» ЖШС, «Central Asia Gold Cor» ЖШС аталмыш міндеттемелерін 23125 мың теңгеге артығымен орындаса, «Шығыс кен басқармасы», «Тараз ӘКК ҰК» АҚ, «Металинвест» ЖШС, «Алтын-Тас СП» сынды барлығы ірі 17 жер қойнауын пайдаланушылармен аталған төлемдер жүргізілмеген. 2015-2017 жылдары жер қойнауын пайдалану жұмыстарының аяқталуына орай 62 нысанның 48-і бойынша кен орындарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы комиссиямен қабылданған. 12 жер қойнауын пайдаланушы қалпына келтіру жұмыстарын орындамаған. Зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында өндіру көлемін мүлдем орындамаған 9 жер қойнауын пайдаланушы бар екендігі анықталған. Ал оны 40 пайызға дейін орындағандар саны 3, 40 пайыздан 80 пайызға дейін орындағандар саны 6 екен. Жиын барысында Нұржан Молдиярұлы жер қойнауын пайдалану саласы бойынша жұмыс көлемі өте ауқымды болғандықтан, облыс әкімінен қосымша штат ашуды сұрады. Алайда ол Асқар Исабекұлының жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісімшарттың ережелері, тәртібі, оларға қойылатын бағалар жайлы қойған сұрағына мардымды жауап бере алмады. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовке осы және өзге де бірқатар мәселелерді анықтап, салаға жаңа, тиімді ережелер енгізіп, онымен жер пайдаланушыларды таныстыру қажеттігін айтты. Жаңа ережелермен жұмыс істегісі келмеген жер пайдаланушылармен қош айтысу қиын еместігін де жеткізді.

 

Эльвира Жарылқасынова

Ұқсас жаңалықтар