Көптің көңіліне қонды

Көптің көңіліне қонды
ашық дереккөз
Көптің көңіліне қонды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өткені де белгілі. Кейіннен латын графика-сына көшудің алғы шарттары нақты қолға алына бастады. Мәселен, парламенттік тыңдау мен талқылауға жаңа графиканың алғашқы нұсқасы ұсынылған кезде ондағы қосарланған таңбалар туралы филолог ғалымдар екіұшты пікір айтып, көкейдегі көп күдікті назарға алған-ды. Әлбетте, бұл әліпбилік нұсқа соңғы шешім емес еді. Латын графикасына көшу мәселесін Қазақстан секілді бүкіл мемлекет болып талқылаған ел жоқ шығар. Барлық саланың азаматтары саналы түрде өз пікірлерін ортаға салып, көзқарастарын ашық білдірді. Елімізде «сабақты ине сәтімен» деген ғажап сөз бар. Расымен де ұтымды ұсыныс, ілкімді ой санаға қонымды шығатыны әу бастан аян. Таяуда Елбасы назарына латын әліпбиінің тағы бір нұсқасы ұсынылғаны мәлім. Байқауымызша, осы графика көптің көңіліне қонып отырған секілді. Алғашқыда айтылғандай, бір әріпті қосарланған дыбыспен таңбалап, ел арасында түсініксіздік туындатқаннан гөрі, кей дыбыстардың төбесіне ноқат таңбасын қойып, нақты жазған көптің көңіліне қонып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңы саналатын тоқсаныншы жылдардың өзінде еліміздің әліпбиін латын графикасына негіздеудің алғы шарттары әңгімеге арқау болған-ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осы бір ойға қонымды тірлікті есінен шығарған емес. Десе де дербес ел ретінде енді ғана қанатын жая бастаған Қазақстанға сол кезде әліпби ауыстыру оңайға соқпайтын. Сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев осыны жіті назарда ұстап, алдымен елінің әл-ауқатын арттыруды жөн санады. Нәтижесінде ширек ғасырдан астам уақыт бедерінде еліміз экономикалық тұрғыдан қуаттанды. Бұл көңіл марқайтарлық нәтиже. Бірлігі мығым елдің бағындырған биік белесі. Енді міне, ғаламдық деңгейде үлкен беделге ие латын графикасына көшудің де кезі келіп жеткен сыңайлы. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген сөз текке айтылмаса керек. Әлем елдерінде өте танымал латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін түзіп, нақты бір жобаға келтіру кезек күттірмейтін мәселе. Оған біздің қоғам да пісіп жетілді. Кейбір ағайындарымыздың латын әліпбиіне көшуіндегі орын алған олқылықтарын қайталамайтын оңтайлы жолды қарастырғанымыз ләзім. Өйткені біз экономикалық және интеллектуалдық әлеуеті толысқан елге айналып келеміз. Болашақ ұрпақ жалпыға жеңіл, тілдік ортаға икемді болғаны абзал. Жаңа графикаға қарап отырсақ, сол үдеден шығатын сынды. Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дейді. Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған мәселені ел болып кіріскенде ғана оңай еңсереміз. Латын әліпбиін меңгеру ешкімге де қиындық тудырмайды. Ендеше, тұтас жұрт болып, осы бір маңызды жұмыстың лайықты атқарылуына күш салайық!

Қуаныш Құлыбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар