«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сыбайлас жемқорлықтан қайтсек арыламыз?

Сыбайлас жемқорлықтан қайтсек арыламыз?
ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлықтан қайтсек арыламыз?

Тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларға қатысқан респонденттердің 42 пайызы жемқорлық кең таралған деп есептесе, 33 пайызы сыбайластықтың салдарын сезініп үлгергенін алға тартыпты. Үштен бір бөлігінен астамы пара беруге лауазымды тұлғалардың өздері итермелейтінін айтқан. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен семинарда партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Бақтияр Алдашов осыны мәлімдеді. Партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуы барысы туралы баяндама жасады. – «Нұр Отан» партиясы өз алдына жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы жүйелі күрес жүргізуді мақсат етіп қойып отыр. Әйтсе де «бармақ басты, көз қысты» әрекет азаяр емес. Заңдар жаңғыртылып, талап қатайғанына қарамастан, оқта-текте болса да лауазымды қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол беріп, әшкере болуы – осы сөзіміздің дәлелі. Жаһандық индекс бойынша былтыр еліміз әлемдегі 177 мемлекеттің ішінде 131-орынға тұрақтаса, 2013 жылы 140-орында болған екен. Бір қарағанда ілгерілеу бар секілді. Бірақ нәтиже мардымсыз. Осыдан кейін сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде үлкен нәтижеге қол жеткіздік деп қалай айта аламыз? – деді ол. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Сыдықов мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, облыстық прокуратура, облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі секілді мекемелермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, қоғамда оған қарсы мәдениетті қалыптастыру, бизнестік ортада сыбайластыққа жол бермеу, жою секілді жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. Дегенмен бизнеске қысым көрсету жайттары әлі де көптеп кездесетінін, оған осы мәселе бойынша түсетін шағымдардың жиілегені дәлел болып отырғанын тілге тиек етті. Қайрат Сыдықовтың берген мәліметіне сүйенсек, былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасына 5 жарым мыңнан астам шағым түсіпті. Экономика саласында прокуратурамен бірлескен тексеру барысында 20 мың заң бұзушылық анықталған екен. Нәтижесінде үш мың заңсыз шешім жойылған. Бір қызығы, кәсіпкерлердің құқығын бұзатын лауазымды тұлғалар іс жүзінде ешқандай жауапкершілікке тартылмайтын көрінеді. – Былтыр және алдыңғы жылы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау бойынша 16 іс қозғалып, оның тек 2-еуінде ғана кінәлілер жазаланды. Қылмыстық кодекстің 370-бабы, яғни қызметтік әрекетсіздік бойынша 2 жылда 53 іс тіркелгенімен, бірде-бір адамға жаза қолданылған жоқ. Кәсіпкерлік қызметке лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуы бойынша бар-жоғы төрт әкімшілік іс қозғалған. Жеке кәсіпкерлік субъектілерге тексеру жүргізу тәртібін бұзу бойынша қозғалған 44 әкімшілік өндіріс ісі бойынша 27 тұлға ғана жазаланса, алдыңғы жылы жеке және заңды тұлғалардан түскен 17 мың шағымның ішінде бар-жоғы 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Былтыр осы тектес шағымдар көлемі екі есеге өсті. Ал жауапкершілікке тартылғандардың саны – үшеу-ақ. Бұдан кәсіпкерлерді қолдауға арналған заң баптары бойынша жұмыс жүргізілмейтінін аңғаруға болады, – дейді ол. Жиында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Ерболат Әмірбеков өткен жылғы жүргізілген сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті мен партияның Жамбыл, Байзақ аудандық филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағалары атқарылған шаралар туралы баян етті.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар