Қордай ауданы әрдайым алда

Қордай  ауданы  әрдайым алда
ашық дереккөз
Қордай ауданы әрдайым алда

Өтеген батыр атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Досаев өткен жылғы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдындағы қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, ауданның барлық ауылдық округтерінен жұртшылық өкілдері қатысты. Әкімнің баяндамасы жыл ішінде әр бағытта жүзеге асырылған сан-салалы жұмыстардың нәтижесіне негізделген деректерге толы болды. IMG_2845Былтыр өнеркәсіп өндірісі өнімі 10 миллиард 200 миллион теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17 миллиард 48 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 14 миллиард 425 миллион теңгеге орындалған. Оның ішінде жалпы аумағы 37 мың 477 шаршы метр, яғни, алдыңғы жылғыдан 37 пайызға көп тұрғын алаң пайдалануға берілді. Әйтсе де, тұрғын үй салу үшін жер кезегіне тіркелгендер саны аудан бойынша 11 800 адамға жетіпті. Кезек – инфрақұрылымы жүргізілмеген жерден үй салуға учаскелер беру 2006 жылдан бері тоқтатылуына байланысты көбейген. Оны азайту үшін аудан орталығында жалпы аумағы 615 гектар болатын «Шығыс-2» және «Солтүстік» жаңа ықшам аудандар дайындалып жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысының жалпы сметалық құны 989 миллион 23 мың теңгеге бағаланған, ол жерге былтыр электр желісін тартуға республикалық бюджеттен 250,0 миллион, облыстық бюджеттен 25,0 миллион теңге бөлініп, игерілді. Дәл осылай Сортөбе ауылында жаңа тұрғынжай алқабының инженерлік инфрақұрылым құрылысына 299 миллион теңге бөлініп, игерілуде. Бұл жұмыстар биыл аяқталып, электр жарығы, ауызсу жүйесі тартылған, жолы салынған жер учаскелері кезектегі тұрғындарға беріле бастайды. – Өңірдегі жетекші сала ауыл шаруашылығында өткен жылы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жетіп, 40 миллиард 626 миллион теңгенің, оның ішінде егіншілікте 23 миллиардтан, мал шаруашылығында 17 миллиардтан астам теңгенің өнімдері өндірілді, – деді баяндамашы. – Осы замандық озық технологияға бетбұрыс жылдан- жылға артып келеді. Агроқұрылымдар 699 миллион теңгеге 74 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Ылғал үнемдеудің тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы 5,5 мың гектарда қолданылды. 2015 жылы типтік жылыжай шаруашылығын ашқан «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа үлгідегі жылыжайлардың жалпы аумағын былтыр үш гектарға жеткізіп, онда қызанақ және құлпынай өсіруде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстар да аз емес. Барлық ауылдық округтерде жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, ауызсу жүйелері ретке келтіріліп, алдағы атқарылатын жұмыстардың сметалары әзірленуде. Былтыр аудандық мәндегі жолдарды жөндеуде 214,3 миллион теңге игерілген. «Нұрлы жол» бағдарламасымен Масаншы ауылында 280 орындық балабақша ашылды. Қазір ауданда 36 балабақша, 23 мектеп жанындағы шағын орталық бар. Өткен жылы 550 орындық жеті жеке меншік балабақша ашылды. Жасампаздық жұмыстар жалғасын тауып, биыл шалғайдағы Соғанды, Көктөбе ауылдарында мектеп салынады, аудан орталығында тағы бір 50 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің, спорт кешенінің, білім бөлімінің жаңа әкімшілік ғимаратының, Масаншы және Қалғұты ауылдарында мектеп құрылысы жобаланып, үш жылдан бері салынып жатқан шекарашылар қалашығы пайдалануға беріледі. Қордай ауылының орталық Жібек жолы көшесі бастан-аяқ қайта жаңғыртылады. Баяндама бойынша ауданның Құрметті азаматтары – Степное ауылдық округіндегі «Мерей» шаруа қожалығының басшысы Мэлс Асанқұлов, Өтеген ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрған Жасыбаев, Сортөбе ауылындағы дүнген этномәдени орталығының жетекшісі Салима Вансинвин, аудандық қоғамдық кеңестің бюджет және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі комиссия төрағасы Төле Сүгірбай және Отар ауылындағы қоғамдық қауымдастықтың басшысы Тынышбек Мадышев сөз алып, ұсыныстарын ортаға салды. Негізінен аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берілді. Аудан басшысы залдан қойылған ауызша және жазбаша көптеген сұрақтарға жауап берді. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттер туралы айтып, оны жүзеге асыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін қордайлықтардың ынтымағы мен бірлігіне сенім артты.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар