Тоғыз жолдың торабында табыс мол

Тоғыз жолдың торабында табыс  мол
ашық дереккөз
Тоғыз жолдың торабында табыс мол

Ауданда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісі қатар дамып, әлеуметтік-экономикалық өрлеу байқалуда. Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижелері аудан әкімі Рүстем Дәулеттің аудан жұртшылығы алдындағы есебінде де толық көрініс тапты. Аудандық Мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты. Рүстем Рысбайұлы өз есебін Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді тілге тиек етуден бастады. Жалпы, есепті мерзім ішінде аудан бойынша жалпы өндірілген өнім көлемі 85 миллиард 451,4 миллион теңгені құрап, жоспар 145,4 пайызға орындалған. Ауданның өнеркәсіп саласында10 миллиард 809,8 миллион теңге сомасында өнім өндіріліп, қызметтер көрсетілген. «Тараз химиялық паркі» инвестициялық жобасы инфрақұрылымының құрылыс жұмыстарына 2014-2016 жылдары 22,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Оның 9,5 миллиард теңгесі 2016 жылы салынған инвестиция. Бүгінде жобаның құрылыс жұмыстары басталуда. Былтыр өңірде «Kaz Mia» ЖШС-ның мия тамырын өңдейтін зауыты іске қосылса, биыл «Глифосат» және «Каустикалық сода» өндіру жобасы жүзеге асырылмақ. 2,,,Шулықтар үшін өткен жыл мол астық өндірілуімен есте қалды. Егін орағының қорытындысы бойынша жиналған дәнді дақылдардың жалпы түсімі 73834 тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18720 тоннаға артық өнім алынған. Масақты дәнді дақылдардың өнімділігі әр гектардан 24,5 центнерден айналған. Майлы дақылдардың, картоп, көкөністің де түсімі жақсы. Бұл өнім түрлерін тұрғындарға қыста да үзбей ұсынуда жалпы сыйымдылығы 47 800 тоннаны құрайтын 7 сақтау қоймасының маңызы зор болып тұр. Ауданда 5 жылыжай жұмыс істейді. Бұдан басқа Қонаев ауылының 300-дей тұрғыны өздерінің үй іргесіндегі бақшалықтарына жыл сайын қияр өсіруде. Сондай-ақ, Шу қаласында «Аң шаруашылығы» елді мекенінде жеке кәсіпкер Байдосов 2 гектар алқапта жылыжай салуда. Ауданда егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу ісі де сәтімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы барлығы 880 гектар алқап осы әдіспен суарылған. Ал 2015-2019 жылдары көкөніс кластерін құру кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес Тасөткел магистралды каналының оң жақ жағалауындағы тәлімі жерлерді суармалы алқаптарға айналдыру үшін Ескі-Шу, Жаңа жол, Бірлікүстем ауылдық округтерінде инфрақұрылым жүргізілуде. Мұндай ауқымды жұмыстар мал шаруашылығы саласына да тән. Әсіресе, ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының ірілендірілу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ауданда бүгінгі күні 4 АТК құжаттарын қайта рәсімдеуде. Оның ішінде 24 шаруа қожалығын біріктірген «Жаңа жол-Достық», «Ерхан Қонаев» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері әділет басқармасына тіркелген. Сондай-ақ, ет дайындаушы екі мекеменің ашылуы тауар өндірушілер үшін едәуір жеңілдіктер туындатуда. Баяндамашы «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары да оң нәтиже беріп жатқандығын атап өтті. Жалпы, «Агробизнес-2020» бағдарламасы іске асырылғалы ауданға 2 мыңнан астам асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы әкелініп, 2400 басқа арналған 7 бордақылау алаңы іске қосылған. Сондай-ақ, 2016 жылы аудан бойынша егін және мал шаруашылығы салаларын субсидиялау бойынша 564 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне барлығы 393,2 миллион теңге бөлінген. Шаруалардың материалдық-техникалық әлеуеті де нығайтылу үстінде. Бүгінде аудан бойынша тіркелген 5977 кәсіпкерлік нысанында 16 966 адам жұмысқа тартылып отыр. Жарыссөз барысында күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев ауданның абаттандыру жұмыстарына көңілі толатынын және жуырда жөндеуден өткен вокзал алаңының көз қуантатындығын, Шоқпар ауылында клуб бой көтеретіндігіне ризашылығын жеткізді. Тұрғындар тарапынан аудан орталығындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, мектептен тыс білім мекемесіне арнайы ғимарат беру, Шу қаласындағы бірнеше көше мен кәріз тоғанын жөндеп, ретке келтіру, аудан орталығындағы үйлерге газ құбырын тарту құнын қолжетімді ету мәселелері қозғалды. Рүстем Дәулетұлы аталмыш сауалдарға тиісінше нақты жауаптар қайтарды. Есеп беру жиынын облыс әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы қорытып, аудан әкімі Р. Дәулеттің қорытынды есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар