Ұлы дала елі құндылықтары ұлықталды

Ұлы дала елі құндылықтары ұлықталды
ашық дереккөз
Ұлы дала елі құндылықтары ұлықталды

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Ұлы Дала Елі құндылықтары және ғаламдық білім беру индустриясындағы интеграция» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш жоғары оқу ордасының 50 жылдығына орай Қазақ филологиясы кафедрасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған алқалы жиынға елімізге белгілі ғалым-зерттеушілер, танымал тіл мамандары және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысты. IMG_762++9Конференция «Мәңгілік Ел» болуды мұрат тұтқан Ұлы Дала Елінің рухани құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, ғылым мен білім беру индустриясындағы интеграциялау үдерістерін дамыту мақсаттарына негізделсе, осы төңіректегі түрлі салмақты ойлар мен пікірлер баяндамашылардың тарапынан жан-жақты қаузалды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова жиынға қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. – Құрметті конференцияға қатысушылар, ұлт тарихының алтын діңгегі ретінде әспеттелер тарихы терең Тараз өңіріне қош келдіңіздер! Көзі қарақты қауым «ұстаздар ұстаханасы» деп ат қойып, айдар таққан педагогикалық институтта ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала Елі» идеясын Қазақстан халқы мен жас ұрпақ арасында насихаттау һәм түсіндіру. Жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ тілінің өзектілігі мен ерекшелігін жете ұғындыру. Осы орайда, бүгінгі жиынның мәні мен маңызы қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті, – деді проректор өз сөзінде. Бұдан кейін сөз алған «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген мен облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт шараның мақсаты мен мазмұнына тоқталып, «Ұлы Дала Елі» идеясы отандық білім беру саласын дамытуға, яки жетілдіруге берік тұғыр болуы қажеттігін айтты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде алғаш болып сөз алған Сүлейман Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «Көп тілді үйретудің кейбір өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. – Ата-бабалар тұжырымына жүгінсек, тіл – ұлттың ұйытқысы, түп тамырымыздың негізі. Түйсіне білген адамға тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Олай болса, Мемлекет басшысының «Ұлы Дала Елі» идеясы аясында қазақ тілінің көсегесі көгеріп, жандануы керек. Өйткені, Ұлы Дала Елінің ертеңгі тағдыры тілін қадірлейтін, дәстүрін дәріптейтін текті жас ұрпақтың қолында. Ұлттың өркендеуі мықты болуы үшін оның тілі мықты болуы керек. Тіл мықты болуы үшін оның атқаратын белгілі қызметтері бар. Ол жалпы халықтық тіл болуы керек, мектептің, қызмет көрсетудің, ғылымның, білімнің және халықаралық қарым-қатынастың тіліне айналуы шарт, – деді Дандай Ысқақұлы өз баяндамасында. Сонымен қатар, жиын барысында «Махмұд Қашқари «сөздігіндегі» бір-екі дыбыс ауысқан сөздер үлесі» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Ыспандияр Ақайұлы, «С.Шәймерденовтің «Өмір нұры» повесінде кейіпкерлер бейнесінің берілу жолдары» тақырыбында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанбай Қадыров, «Көркем мәтіндегі «Ойсурет концептісі» тақырыбында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Кәріпжанова, «Мәңгілік Ел идеясы және білім беру саласындағы интеграция» тақырыбында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова және «Ұлттық әдебиеттегі даналық мәселесі» тақырыбында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев баяндама жасады. Сонымен қатар, жиын барысында жоғары оқу орындары мен жалпы білім беру мекемелеріндегі жаңаша ойлайтын, зияткерлік капитал мен инновациялық технологияны игерген заманауи ұстаздар мен ғалымдар өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, конференция аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Ұлы Дала құндылықтары: тіл мен әдебиет, мәдениет пен тарих, таным мен тағылым», «Ғаламдық білім берудің сапасы: интеллектуалдық капитал, инновациялық технология» және «Білім беру жүйесіндегі индустриализация: заманға сай білім берудің интеграциялық үдерістері» тақырыптары бойынша секциялық жұмыстар жүргізілді. Келіп түскен материалдар негізінде алдағы уақытта арнайы жинақ шығарылмақ.

Жанғазы АХМЕТ,

"Ақ жол".

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар