Ақ аламанда кімдер атой салуы мүмкін?

Ақ аламанда кімдер атой салуы мүмкін?
ашық дереккөз
Ақ аламанда кімдер атой салуы мүмкін?

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алатау баурайындағы ару қала Алматыда бүкіләлемдік қысқы Универсиада өтетіні белгілі. Студент спортшылардың жасындай жарқырайтын сәті күн санап жақындап келеді. Әлемнің шамамен 55 елінен 2000-ға жуық спортшы бақ сынайтын бәсірелі додада ел қоржынына кімдер олжа салуы мүмкін? Осы сауалға жауап іздей бастағанда бірден ойға мәнерлеп сырғанау спортының саңлағы Денис Тен оралады. Сочи Олимпиадасында алғашқы кезеңнен соң аутсайдерлер қатарында қалып қойса да, шешуші сәтте барын салып, қола жүлдеге иелік еткен Тен шындаса алтынға таласа алатын мүмкіндігі бар. Бес құрлық чемпионы студенттер додасында мерейімізді тасытады деген сенімдеміз. Алатау баурайындағы аламанда қазақ арулары жүлдеге іліге ала ма? Көкейкесті сауал. Дегенмен, үкілі үмітіміз баршылық. Фристайл (акробатика) спортынан Сочи Олимпиадасында үздік алтылыққа енген Жанбота Алдабергенова әлем біріншілігінің күмісін мойнына іліп, Еуропа кубогінің абсолютті чемпионы атанғаны мәлім. Демек, жыл өткен сайын нәтижесін үстемелей түскен қаракөз қазақ қызының, тіпті, алтын алуға да шамасы жетеді.

Фристайл (могул) спортының шебері Юлия Галышевадан да үлкен үміт күтуге болады. Жыл өткен сайын нәтижесін жақсартып келе жатқан Галышева алдымен Ванкуверде он бірінші орын иеленсе, Сочиде жетінші орынға табан тіреген. Араға бір жыл салып, әлем біріншілігінде қола жүлдені мойнына тақты. Байқайсыз ба, Галышева бір көтерілсе, төрт сатыға бір-ақ көтеріледі екен. Жо-жоқ, бұл жолы нәтижесін екі сатыға жақсартса да жетуші еді. Әрине, алтын алу үшін... Қысқасы, жүлденің бірі Юлия қыздың мойнында жарқыраса жарасатындай... Тағы сол фристайл (могул) спорты. Дмитрий Рейхардта бір ғана мақсат бар. Ол Гранадада өткен Универсиаданың күміс жүлдесін еншіледі. Сочи Олимпиадасында бесінші орыннан көрінді. Енді Универсиада күмісін алтынға ауыстырғысы келеді. Несі бар, талапты ерге нұр жауар... Конькишілер сынында да Қазақстанның алар үлесі бар деп пайымдаймыз. Мәселен, Роман Кречтің соңғы жылдардағы нәтижесі көңіл тоғайтады. Бес жүз метр қашықтықта құстай жүйткитін Креч Сочи Олимпиадасында жетінші орынға орнықты. Сол жарыста 1000 метр қашықтықта он үшінші орынға жайғасты. Дәл қазір Кречтің бабы келіп тұр, бағы жанса болғаны. Бұл Олимпиада емес, демек, Роман Креч алтын жүлдеге таласпаса да, қола медальдан үміті бар оғландардың бірі. Конькимен жүгірушілер додасында топқа түсетін Екатерина Айдованың соңғы кездердегі нәтижесі көңіл көншітетінін мамандар айтып жүр. Үш бірдей қашықтықта (500 метр, 1000 метр, 1500 метр) жарыс жолына шығатын Айдова бір алтын алады дейді мамандар. Бәлкім, біздің мамандар Катя қыздан сенсация күтіп отырған болар. Кім білсін... Сондай-ақ, осы спорт түрінен сынға түсетін Федор Мезенцевтен де жүлде күтеміз. Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев, Ольга Тихонова, Нұртілек Қажғали, Ким Йонг А, Мадина Жанбосынова мен Анастасия Крестова бастаған шорт-тректен ел құрамасының да жүлдегерлер қатарынан көрінетін мүмкіндігі мол. Сочи Олимпиадасында ақтық сынға алқынбай шығып, бесінші орынды иемденген бұл құраманы сол кезде мамандар «дода сенсациясы» деп санаған болатын. Бүгінде команда мүшелерінің тәжірибесі толықты. Тіпті алтын жүлдеге иелік етіп жатса да таңғалмаймыз. Биатлоншылар сынында да ел үмітін арқалаған спортшылар жеткілікті. Олар да жүлде жолында жан аяп қалмасы анық. Түйіп айтқанда, біз жоғарыда аттары аталған спортшылардың жүлдеге ілігу мүмкіндіктерін жоғары бағалаймыз. Дода болған соң кейде нағыз фавориттер жүлдеден тыс қалып, есесіне ел медаль күтпеген саңлақтар олжа салып жататын кездер жиі болады. Демек, есімі елге беймәлім өрендердің де көк Туды биікте желбіретулері мүмкін екенін жоққа шығармаймыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар