Құрылыс жұмыстары қарқынды

Құрылыс жұмыстары қарқынды
ашық дереккөз
Құрылыс жұмыстары қарқынды

Облысымызда арнайы жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Мұхтар Ерман «БиномСтройдеталь» тұрғын үй құрылыс жабдықтарын жасау кәсіпорнына барды. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы бұл комбинаттың іргетасы 2010 жылы қаланған. 2012 жылдан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғын үй құрылыстарына қажетті түрлі материалдар шығарып келеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асуына кәсіпорынның қосып отырған үлесі қомақты. Былтыр Тараз қаласында кәсіпорын құрылысшылары 12 мың шаршы метр тұрғын үй салып, ел игілігіне ұсыныпты. Атап айтқанда, 80 пәтерлі бір, 68 пәтерлі бір, 21 пәтерлі үш көп қабатты үйді салған. «БиномСтройдетальдің» қолтаңбасы бар. Комбинат биыл 30 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр. Бұл ретте аудан орталықтарына да көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызбақ. Халық қалаулылары мұндағы жұмыс барысымен танысты. Депутаттар су шаруашылығына қажетті науалар, іргетас блоктарын, үй құрылысына қажетті жабдықтарды көріп, отандық өнімдерге көңілдері толды. Халық қалаулылары Фахриддин Әбдінәбиұлы өзімізде шығарылған әрбір отандық өнім үлкен қуаныш екенін айтса, Мұхтар Ерман «Нұрлы жер» бағдарламасына құрылыс салуға бөлінген жердің инфрақұрылымы талапқа сай болуы қажеттігіне тоқталды. Халық қалаулылары комбинат жұмысшыларымен де ашық-жарқын, еркін әңгіме өткізді. Мұнда 125 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақылары 85-90 мың теңге көлемінде. «Мен осы «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 7 жылдан бері тұрақты жұмыс істеймін. Құрылысшы-шебермін. Мұнда жұмысшыға барлық жағдай жасалған. Кәсіпорынның болашағына үлкен үмітпен қараймын. Жылдан-жылға мүмкіндіктің молая беретініне көзіміз жетіп отыр», – деді жұмысшы Ербол Төребеков. Кәсіпорын өткен жылды 560 миллион теңге таза табыспен аяқтаған. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов депутаттарды «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық ғимаратына бастап барды. Сондай-ақ, олар Айша бибі кесенесін, Қарой ауылындағы «Нұр әлім» жекеменшік балабақшасын, Полатқосшы ауылындағы «Берсанунаев» ЖШС-ның шұжық цехын аралап, жұмыс барысымен танысып, қарапайым тұрғындардың мәселелеріне назар аударды. Депутат Фахриддин Қаратаев мұндай кездесулерде айтылған әр пікір құнды екенін, әр тұрғынның ұсынысын Мәжіліс мінберінен шешуге күш салатындарын, «Балапан» бағдарламасы бойынша осы кезге дейін балалардың 90 пайызы мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы қажеттігін атап өтті.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар