Самға, Сарысу!

Самға, Сарысу!
ашық дереккөз
Самға, Сарысу!

«Сарысуда бизнесмендер белсенділігі жоғары», – деді облыс әкімінің орынбасары  Ғ.Есқалиев ауданда өткен семинар-кеңесте

25

Жаңатас қаласында өткізілетін кәсіпкерлер жиыны алдында аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке жолығып, бірқатар жайларға қаныққанбыз.

– Өткен жылғымен салыстырғанда кәсіпкерлікке ден қойып, өзін-өзі еңбекпен қамту екі есеге дейін өсті – дейді Қ. Мәдібек, – әрі кәсібін дамытуға бизнес-жоспар жасау мәдениеті де артып келеді. Оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын насихаттау туралы семинар-кеңесте аудандағы атқарылған жұмыстар туралы әкімінің баяндамасынан көзіміз толық жетті. – Ауданда жыл басынан бері қала мен ауылдық округтерде бағдарламаға қатысушылардың тізімі жасалып, екінші деңгейлі банктерден несие алуға және мемлекеттік грантқа қатысуға 57 жаңа инвестициялық жобалар іріктелген, бұл жобалардың жалпы құны 230 миллион теңгені құрады, – деді аудан әкімі. – Осы 57 үміткер кәсіпкердің ішінен Жаңатас қаласынан ұсынылған 31 жобаның 17-сінің құжаттары Тараз қаласындағы «Банк Центр Кредит», «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамдарының филиалдарына өткізілді. Жобаларға қажетті несие көлемі - 157,8 миллион теңге. Ал, ауылдық округтерден ұсынылған жобаларды іске асыруға қажетті несиелік ресурстар үшін қойылып отырған кепілдік мүліктерді банктер қабылдамай, жобаларын кері қайтарған. Осы ретте сарысулықтардың «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына өкпе-реніштері де жоқ емес. Бағдарламаның бірінші бағытында өндірістік-индустриялық аймақтарды дамыту мәселесі көзделген. Бұл жобаны іске асыру бойынша ауданнан 60 гектар жер учаскесі нақтыланған. Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 12 жаңа жобалар әзірленді. Олар – кірпіш, асфальт-бетон, әктас, ас тұзы зауыттары, жылыжай құрылысы, көкөніс сақтау қоймасы, шұжық, ет дайындау, жүн қабылдау және жуу (қой, ешкі жүні), қамыстан құрылыс материалдарын дайындау цехтары және құс фабрикасы. Индустриялық аймаққа инфрақұрылымды жеткізу «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында көзделген тәртіппен аумақтың шекарасына дейін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте индустриялық аймақтың сыртқы және ішкі инфрақұрылымына бірыңғай техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу керек. Бұл құжаттарды ресімдеу «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылып отыр. Индустриялық аймаққа дейінгі инфрақұрылымдарға орташа есеппен 181,4 миллион теңге қаражат қажет. Олар – автокөлік жолы, теміржол тұйығы, электр желісі бағандарын орнату, су құбырын тарту. Сарысулықтар осы мәселелердің де оң шешімін тапқанын қалап отыр. Бағдарламаның төртінші бағытында кәсіпкерлік әлеуетті күшейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесе отырып 55 кәсіпкерді «Бизнес-кеңесші» оқу курсынан өткізіп, сертификаттар берілді және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын насихаттау үшін жылжымалы мобильдік кеңес беру орталығы 2 мәрте келіп қызмет көрсетті. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму – 2010-2014» бағдарламасы бойынша ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, онда жаңа жұмыс орындарын ұлғайту негізгі бағыттың бірі болғандықтан, индустрияландыру картасына жылда жобалар ұсынылады. Сондай жобалардың бірі – «Жаңатас» металлургиялық комбинаты өз ісін қайта жаңғыртуға мүмкіндік ала алмай отыр. 2013 жылы кірпіш зауытының жобасын іске асырушы «SAPA KIRPISH» ЖШС-ның, 2014 жылы «БақЖанқұрылыс» ЖШС асфальт-бетон зауытының құжаттарын өңірлік индустрияландыру картасына енгізуге ұсыныстар жасалынғанымен, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасынан жобаларды картаға енгізуден бас тарту туралы жауаптар беріліп отыр. 2014 жылдың екінші жартыжылдығында жобалық-сметалық құны 300 миллион теңгені құрайтын «Асыл-тұз компаниясы» ЖШС-ның тұз зауыты құрылысының жобасы ұсынылатын болады. Кеңесте сөз алған кәсіпкер С.Ерімбеков жобасының құны 3 миллиард теңгеге бағаланатын сүт өнімдері кешені үшін несие алудың жолдарын сұрастырса, еңбек ардагері А.Рыспанов банктердің несие беру кезінде аудандағы үй-жайларды кепілге алмайтындығын, кәсіпкер Р.Сыздықбаева қайтарымсыз несие алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» мен Қазақстан Халық Банкін жағалап әуреге түскенін сөз етті. Облыс әкімінің орынбасары Ғ. Есқалиев аудандағы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне тиісті банк басшыларының өкілдерімен бірігіп, ұсынылған 17 жобаны қаржылай қолдау мәселесін шешуді тапсырды. –Кәсіпкерлер бизнесінің жобасын жасауға көмектесу үшін облыстық бюджеттен Кәсіпкерлер палатасына 100 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ аудандағы «Бизнес-инкубатор» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де бұл жұмысқа белсене қатысуға тиісті, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Шынтуайтында, мемлекет кәсіпкерлікті қолдаудың барлық мүмкіндіктерін жасауда. Соны тиімді пайдалану істі тікелей ұйымдастыратын тараптарға қатысты. Сондықтан, жобаларды тез әрі мұқият қарап, мүмкіндігіне қарай оң шешім шығарып, қаражаттық қолдауға қол жеткізуге көмектесуге міндеттіміз. Ол ауданның индустриялық аймақ құруға ұмтылыстарын толығымен қолдайтындығын жеткізді. Шынында да, асфальт-бетон, кірпіш зауыттарының құрылысы басталып кеткенін, құс фабрикасы мен ас тұзы зауыты, жылыжайлар құрылысы күн тәртібінде тұрғанын ескерсек, оған қоса «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС мен Шолақтау тау-кен кешенінің өндірісті ұлғайтудағы ұмтылыстарын есепке алсақ, ауданда өндіріс пен кәсіпкерліктің қарқын ала бастағанын байқау қиын емес. Семинар-кеңеске қатысушылар жақында ғана іске кіріскен сүт өнімдерін дайындау цехы мен оны шикізатпен қамтамасыз ететін шаруа қожалығы жетекшілерінің өзара ықпалдастығы туралы құжатқа қол қоюларының куәсі болды. Сол сияқты, түрлі қалдықтарды қайта өңдеу цехы мен пластикалық заттарды өткізуді мойнына алған көріктендіру-көгеріштендіру мекемесінің басшылары да өзара уағдаласты. Семинар-кеңестен кейін облыс әкімінің орынбасары Ғ. Есқалиев пен аудан әкімі Қ. Мәдібек қаладағы индустриялық аймақ пен бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көріп, олардың жұмыстарына оң бағаларын берді. Қазақ «кәсібің – нәсібің» дейді. Сол ұлағатты сөзді сарысулықтардың бойына сіңіріп, өздерін-өздері жұмыспен қамтуға жұмылғандары өзге аймақтар үшін үлгі етуге тұрарлық. Ендеше «жақсы істер жалғасын таба берсін» деп тілейік.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Жаңатас қаласы,

Сарысу ауданы.

Суретті түсірген Татьяна Борисенко

Ұқсас жаңалықтар