Кластерлік жүйе көші түзелді ме?

Кластерлік жүйе көші түзелді ме?
ашық дереккөз
Кластерлік жүйе көші түзелді ме?

Жалпы, кластер (ағылшынша cluster) дегенiмiздiң өзi – белгiлi бiр өнiм шығаратын нысанның өзге де өндiрiс орындарымен ықпалдаса әрекет жасап, ел экономикасының сан салада жан-жақты дамуына септесу ғой. Яғни, қандай да бір өнімнің жергілікті жерде ұқсатылып, өңделіп дайын тауарға айналдырылуы. Осының нәтижесінде еліміздің әлемдік тауарлармен бәсекеге түсе алатын өнімдер шығарып, болашақта шикізатқа тәуелділіктен арылатындығы болжамдалуда. Осыған қарап, кешегі кеңестік кезеңде жетпіс жыл бойы аумағында бірде-бір өңдеуші өндіріс орны жоқ, «шикізаттық қойма» ғана болып келген еліміз үшін ақжарылқап заман туды, енді отандық кәсіпкерлеріміз намысқа қамшы басатын шығар-ау деп те күттік. Алайда, жағдай бәз баяғы қалпынан онша көп өзгере қоймаған секілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар жалпы кәсіпкерлік нысандарының 0,3 пайызын ғана құрайды. Содан да азық-түлік өнімдерінің денін сырттан, картоп пен құлпынайды – Қырғыздан, балалар тағамдарын, жеміс-жидек шырындары мен түрлі қоспаларды – Украинадан, банан, лимон, мандаринді – Таяу Шығыс елдерінен, алма, алмұрт өнімдерін – Қытайдан, өрік, мейізді – Өзбекстаннан, аяқ киім, былғары күртешелерді Түркиядан аламыз. Көбісі өз бидайымызды өзімізге «қуырып беріп» отыр. Әзірге қызанақ, қияр өзімізді жеткілікті қамтуға жетіп тұр дегеніміз болмаса. Оның артылғанын қыста сақтайтын қоймаларымыз сайлы ма? Осы өнім түрлерін өңдеп, ұқсатып, экспортқа, ЕАЭО нарығына шығарып, көл-көсір табысқа неге кенелмеске? Ұлттық брендтеріміз – қымыз, шұбат, қазы-қартамыздың дәмі талайдың таңдайына татып, тамсандыруын да ойласақ қой. Жасыратыны жоқ, отандық инвесторларымыздың басым дені негізінен қаржысын той индустриясын дамытуға құюда. Өңдеуші кәсіпорындар салуға емес. Бір ғана облысымыз орталығында бүгінде бес жүздей мейрамхана бар. Кәсіпкерлердің бұл істен қалтасы қалыңдамаса, жұқарып жатқан жоқ. Алып сату мен делдалдық етудің өзінен қыруар қаржы түсіп тұр. Статистика да солай дейді. Бүгінгі таңда шағын бизнес үлесі облыс бойынша 67378 жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының 99,4 пайызын құрайды. Олар негізінен, ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында шоғырланған. Рас, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге түрлі көмектер көрсетіледі, мемлекет субсидиялар бөледі. Соның нәтижесінде ауылдағы бизнес субъектілерінің саны өсіп келеді. Дегенмен, олардан күтілетін елеулі нәтижелер туралы айтуға әлі ерте. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова: «Әсіресе, ауыл шаруашылық өндірісін табысты дамыту үшін бізге міндетті түрде ауыл шаруашылық өнімдері бойынша көтерме сауда-тарату логистикалық орталықтарын құру қажет. Себебі, кәсіпкерлер қойма және сақтау проблемаларымен жиі соқтығысады. Маусым кезінде біздің оңтүстікте пияздың аз мөлшерін ешкім алмайды, ал есесіне мұндай партиялар Қазақстанның солтүстік бөлігі мен Ресейде сұранысқа ие, ол жақтан нарыққа алма, картоп, сәбіз және басқа көкөністер мен жемістер жеткізуді көп сұрайды. Ал біз оған жауап бере алмаймыз, өйткені сенімді жеткізушілеріміз жоқ. Ұсақ фермер тауарын өз бетімен алыс қашықтыққа жеткізуге қабілетсіз. Бірақ, егерде осындай өнімді жинап, тұтынушыға жеткізетін орталық болса, айталық, темір жол вагондарымен дәл сондай логистикалық орталықтардағы серіктестеріне жеткізсе, онда көлік шығындары екі есеге арзандайтыны сөзсіз. Өнiмге салық салғанда, оны өндiрушi кәсiпорынның өңдеушi кәсiпорыннан қаншалықты қашықтықта орналасқаны, олардың осыған байланысты қанша шығын шығаратыны ескерiлуi керек қой», – деген пікірін алға тартады бұл тұрғыда («Атамекен» ҰКП сайтынан) . Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабековтің айтуынша, өңірде ет, сүт кластерлері қарқынды дамып келеді. Қой мен сиыр бордақылайтын екі бірдей кешен ашылады. Кәсіпорындар жеке иеліктерден күніне 500-600, тіпті 1000 басқа дейін қой қабылдайды. Орташа салмақтағы дені сау, жас мал болса болды. Екеуі де негізінен шет елдерге ет экспорттайды. Өңірімізде осыған орай мал басы да өз төлі есебінен көбейтілуде. «Алтын асық» несиелеу бағдарламасы бойынша биыл жоспардағы 22 мыңның орнына 25 мың бас уақ мал сатып алынып, бұл тұрғыдағы көрсеткіш 130 пайызға асыра орындалыпты. Мал тұқымын асылдандыру жөнінен де облысымыз ел аумағында алдыңғы қатарға шығып отыр. Сүт кластері бойынша да солай. Сүт пен құс етін өңдеу ісін дамытуға байланысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бастамасымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы басқармалары тарапынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде аулалық қосалқы шаруашылықтарында мүйізді ірі қара малын өсірушілер үшін 1,5 миллиард теңгеге келісімшарт жасалуда. Мұның алдындағы жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржы сомасы 1 миллиард 700 миллион теңгені құрапты. Тараз қаласындағы «Көкжиек» ЖШС жеткізушілерден күніне 15 тонна сүт өнімін қабылдау әлеуетіне ие. Қайта өңдеп, май, ірімшік, сүзбе, айран, қаймақ өндіру ісімен, сондай-ақ Жуалы, Меркі ірімшік зауыттары, Жуалыда – 3, Меркіде – 2, Таразда «Шалқаров», «Галеника» секілді 4-5 кәсіпорын тұрақты айналысады. Өз өнімдерімен бюджеттік мекемелерді жеткілікті қамтамасыз етуге күш салуда. Сүттің әр литрін 90 теңгеден шектеусіз қабылдайды. Жеткізушілер болса оларға сұраныстары көлемінде сүт тауып бере алмай отыр. Оның үстіне облыста сауын сиырының саны да аз, күнделікті сауылған сүт облыс жұртшылығы үшін әлі де жеткілікті емес. Осы жағы ескеріліп, жеке тұрғындардың 5-10 сауын сиырына арналған шағын тауарлы сүт фермаларын ашуына жағдай жасалуда. Бұл ретте былтыр «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ірі тауарлы сүт фермасы ашылуына қол жеткізілген. Биыл бұл жоспар соның жартысы көлемінде ғана орындалыпты. Мұның себебін мамандар сүт бағасының төмендігімен әрі бұл тұрғыда қора-жайда қи шығарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылуы талабы қойылуымен де байланыстырады. Бұл біраз кәсіпкерге қолбайлау да болғанға ұқсайды. Дейтұрғанмен, Меркі мен Жуалы аудандарында бір мезгілде 1000 бас сиыр саууға лайықталған бірегей құрылымдардың ашылуына қадам жасалуы бұл олқылықтың орнын едәуір толықтырады деп те күтілуде. Бүгінде жалпы өңірімізде сүтті қайта өңдеудің пайыздық үлесі 50 пайызға жетіп отыр. – Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 210 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар тіркелген. Оның ішінде бүгінгі күні нақты 180 кәсіпорын жұмыс істеуде. Мұнда 2700-ге жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың басым көпшілігі және ірі-орта өндіріс орындары негізінен Тараз қаласы мен Меркі ауданы аумағына шоғырландырылған. Сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындардың орташа жүктелімі 63 пайызды құрайды, – дейді бұл тұрғыда Еркебұлан Даниярбекұлы. Жамбыл жерінде көкөніс, жеміс-жидек, жүзім, бау-бақша дақылдарын, қант қызылшасын және басқа да егіншілік өнімдерін егіп, өсіруде ертеден келе жатқан дәстүрлі мектеп, іс-тәжірибе және өндірістік қуаттар бар. Осының өзі облыста осы салада өнім өндіру және оны қайта өңдеу кластерлерін құруға алғашқы алғышарттарға жол ашып, мүмкіндіктер береді. Облыста биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 266,3 мың, көкөніс – 27, 3 мың, майлы дақылдар – 76,5 мың, бақша дақылдары – 10,3 мың, картоп 8,8 мың гектарға егіліп өсірілді. Көлемі едәуір қысқарып кеткен қант қызылшасы егістігінің көлемі ұлғайтылып, биыл 5, 7 мың гектарға жеткізіліпті. Қазіргі уақытта бақша дақылдары толықтай жиналып, гектар қайтарымы 266,8 центнерден айналып, жалпы түсімі 275,7 мың тоннаны құрап отыр. Қазірге дейін 185 мың тонна картоп жиналған. Әр гектарынан 216,7 центнерден өнім алынуда. Айта кету керек, Шу ауданындағы «Тасөткел» магистральды каналының оң жақ жағалауындағы 2300 гектар тәлімі егістік жерлерге заманауи озық технология, тамшылатып суаруды енгізу ісі жүзеге асырылуда. Алқаптың 1205 гектарына көкөніс, 990 гектарына бақша дақылдары, 105 гектарына мал азықтық дақылдар орналастырылды. Ауданда барлығы 26 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндігі бар көкөніс қоймалары жұмыс істеуде. Олардың жетеуі 200-ден 1500 тоннаға дейін көкөніс сақтау әлеуетіне ие. Біреуінің сыйымдылығы 19 мың тоннаға лайықталған. Құны шамамен 850 миллион теңгені құрайтын, жалпы сыйымдылығы 5 мың тонна болатын 2 көкөніс қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Шу ауданына кезекті сапары барысында өңір басшысы осында көкөніс кластерін құру қолға алынып жатқанына назар аударып, «Осы бастамамызды әрі қарай жалғастыру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу цехы құрылысын жүргізуге мүмкіндігі бар инвесторлар тарту, кластерге қажетті инфрақұрылымды және логистиканы дамыту қажет. Осы алдымызға қойған жұмыстарды тиімді атқаратын болсақ, біздің 2020 жылға дейін егіншілік шаруашылығының жалпы түсімін екі есеге арттыруға мүмкіндігіміз болады» деп атап көрсеткен болатын. Сайып келгенде айтарымыз, облыста көкөніс, ет, сүт қана емес,тоқыма, химия, туризм кластерлері дамытылуына да батыл қадамдар жасалу үстінде. Бірқатар оң нәтижелер де бар. Дейтұрғанмен, облыстың салалық өндірістік кластерлерін қалыптастыру үшін кәсіпқой идеологиялық ақпараттық-сараптамалық аппараты бар мықты құрылымның қажеттігі де айқын сезілуде. Мұны кәсіпкерлердің өздері де айтады. Шынында да өнімді өндіруші, өңдеуші және өткеруші салалар ісінің тиімді үйлестірілуі айрықша маңызды. Уақыт осыны талап етіп те отыр.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар