Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қалай?

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы  қалай?
ашық дереккөз
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қалай?

Кезекті алқа мәжілісі әдеттегідей емес, құттықтаудан басталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлттық экономика министрлігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке еңбегінің табысты болуына тілектестік білдірді. Жалпы, мемлекеттік бағдар­ламалардың қалай жүзеге асырылып жатқаны үнемі бақылауда болатыны баршаға белгілі. Ал бірақ, көпшілік мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы, мемлекеттік органдардың актілері мен қаулыларының орындалу деңгейінің де сараланатынын қаперге ала бермейтін секілді. Аудандар мен ауылдық округ әкімдерінің орындаушылық мәселесінде жіберген басты кемшілігі де осы. Әкімдік мәжілісінде осыған көз жеткіздік. Әкімдік мәжілісінде мемлекеттік бағдарламалар, тиісті актілер мен қаулылардың орындалу барысы және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын баяндаған облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен қатар, кемшіліктерге де тоқталды. – Мемлекеттік органдардағы орындаушылық тәртіп мәселесі – мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың басты тетігі. Бұны Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқындап берді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінген. Облыс әкімі аппараты бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқаруда. Атап айтсақ, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау, мемлекеттік органдар арасында қызметкерлерді тағылымдамадан өткізіп, тәжірибе алмасу, жалпыға бірдей құқықтық оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар нәтижесіз емес. Мәселен, жыл сайынғы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауда облыс әкімінің аппараты екінші жыл қатарынан облыстар арасында жоғары бағаланып келеді (2014 жылы – 1-орын, 2015 жылы – 3-орын). 2014 жылы орындаушылық тәртіп пен құқықтық қамтамасыз ету бағыттары жоғары бағаланса, 2015 жылы персоналды басқару және стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және оларды іске асыру бағыттарындағы жұмыстар тиімділігін көрсетті. Дегенмен, төмен көрсеткіштерге ие болған бағыттарды да атап өткен жөн. 2015 жылдың қорытындысында ақпараттық технологияларды қолдану бағыты бойынша біздің өңір облыстардың ішінде 15-орынға (2015 жылы 10-орында) жайғасса, бюджеттік қаржыларды басқару бағыты екінші жыл қатарынан 5-орыннан жоғары көтерілген жоқ. Себебі, 2015 жылы және биыл мемлекеттік органдарды автоматтандыруға қаржы бөлінбеді, – дейді аппарат басшысы. Рахметілдә Сегізбайұлы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да облыс әкімі аппаратының бақылауында тұрғанын айтады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды болғанымен кемшіліктер де жоқ емес екен. Мәселен, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, денсаулық сақтау, білім, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары және ішкі істер департаменті мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалында 2011-2015 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасының базалық көрсеткіштер тізбесіндегі 10 нысаналы индикаторлар мен 5 тікелей нәтижелік көрсеткіштер орындалмаған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалуында да олқылықтар бар. Мәліметтерге сүйенсек, биыл аталған бағдарламаны қаржыландыруға 10,3 миллиард теңге бөлініп, бірінші бағыт бойынша барлығы 1480 жұмыс орындары ашылып, 830 адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамаларымен жұмысқа орналастырылған. Дегенмен, Тараз қаласында – 115, аудандар арасында Жуалыда – 36, Қордайда – 42, Меркіде – 73, Шуда– 81, жалпы 347 адамның 1 қыркүйекке дейін міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша барлығы 337 адамға 926,4 миллион теңге шағын несие беріліп, несие алушылар қосымша тұрақты 156 жұмыс орнын ашқан. Алайда, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас аудандарында жалпы 161 несие алушы бар болғаны 19 адамды жұмыспен қамтыса, Мойынқұмда 25 несие алушы бір де бір жұмыс орнын ашпаған. Ал қайта даярлау курстарына жіберіліп, біліктілігін арттырған азаматтардың Қордайда – 6-ауы, Мойынқұмда – 5-еуі, Шуда 9-ы жұмысқа орналастырылмаған. «Бұл аталған аудан басшыларының мемлекеттік бағдарламаның тиісті деңгейде орындалуына көңіл бөлмейтіндігін көрсетеді», – дейді Рахметілдә Рахманбердиев.

Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында жыл басында облыста жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Жаңа құрылым есепті кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген шаралар қабылдаған. Ағымдағы жылдың 8 айында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында 714 есеп беру кездесулерін өткізген. Дегенмен, бұл қадамдардың қылмыстарды азайтуға тікелей ықпалы аз болып тұрған сыңайлы. Мұның себебін баяндамашы 81 ауылдық учаскелік полицияның өздеріне қарасты елді мекендерде тұрмайтындығымен байланыстырады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке бұл мәселені қатаң бақылауға алып, бір шара қолдануды тапсырды. «81 учаскелік полиция өзіне қарасты ауылда тұрмайды. Біз кімге сеніп отырмыз сонда? 6000 тұрғыны, 200, 500, 1000 отбасы бар. Олар кімге сенім артады? Бұл мәселені осылай қалдыруға болмайды», – деді Кәрім Нәсбекұлы.

Жиында кейбір ауылдық округ әкімдіктерінде, басқармаларда орындаушылық тәртіптің босаңсығаны айтылды. Басшылар азаматтарды жеке қабылдау, сайтпен жұмыс істеу, оны жаңғыртуды назардан тыс қалдырған. Облыс әкімі осындай олқылықтарға жол берген басқарма басшыларынан мәселенің мән-жайын сұрады. Облыстық жастар басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаевтың жауабына қанағаттанбады. Ал жіберілген кемшіліктердің себебін түсіндіре алмаған облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбековтен жиынға несіне келгенін сұрады. Алқа мәжілісінде Қордай, Мойынқұм аудандарының әкімдері Қайрат Досаев пен Бақытжан Нүркеновтің есептері тыңдалды. Қордай ауданы әкімінің жеке блогы бір жарым жылдан бері жұмыс істемей келгенінің себебін ашып түсіндіре алмады. Істің көзін табады деген басшының жиында кері кеткен тірліктердің салдарын жоғалған кілттен іздегені таңғалдырды. Бүгінде Қордай аудандық әкімдігі бойынша 23 штат бірлігі бос, ал ауылдық округ әкімдері азаматтармен жеке қабылдау жүргізуге келгенде селқостық танытуда. Мұндай олқылықтар Мойынқұм ауданында да кездеседі.

Ұқсас жаңалықтар