Қордайдың қоңыр желін де кәдеге жараттық

Қордайдың қоңыр желін де кәдеге жараттық
ашық дереккөз
Қордайдың қоңыр желін де кәдеге жараттық

%d1%82-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%be%d0%b2-%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d0%bc-%d0%be%d1%80-%d1%80%d1%8bТөленді Болатбеков, аудан әкімінің орынбасары.

Осыдан алты жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тұсауы кесіліп, Елбасы оны ұзақ мерзімді және мағынасы зор деп бағалаған еді. Оның ішінде келесі жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында үш ай бойы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесімен мазмұндас жобалар да бар. Осыған байланысты Үкіметтің 2013 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қабылданды. Облыстардың аумақтарын дамытуда электр энергиясының жаңғырмалы көздерін дамыту міндеттері де көзделген болса, біздің өңір көрменің басты тақырыбына айналып отырған осы «жасыл энергияға» бетбұрыс жөнінен еліміздегі жол бастаушы болғаны мәлім. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Изен Су» ЖШС Қордай асуында еліміздегі алғашқы желден, «КазЭковатт» ЖШС Отар ауылының маңынан күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансалардың қанатқақты жобаларын іске қосқан болатын. Бұл бастамалар уақыт өте келе жалғасын тауып, «Виста-Интернешнл» ЖШС Қордай асуында өндірістік қуаты 21 мегаватт болатын, жалпы сомасы 6362 миллион теңгенің жобасын іске асырды. Салыстырмалы түрде алсақ, егер «Изен Су» ЖШС іске қосқан қытайлық өндірістегі алғашқы екі жел электр стансалары 500-ден астам үй шаруашылығын (Алға, Мұзбел, Көгадыр тәрізді шағын үш ауыл) электр қуатымен қамтамасыз ететін болса, қуаты 21 мегаватт болатын германиялық жаңа жел электр стансалары Қордайдай үлкен ауданды электр қуатымен толық қамтамасыз етуге жетіп қалғандай екен. 2014 жылдың соңында Астадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» тақырыбында жалпыұлттық телекөпір өткені мәлім. Осыған қордайлық жобаның 9 мегаватт болатын 1-кезегінің аяқталуы ұсынылды. Телекөпір барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Елбасына жобаның жүзеге асырылу барысы жайын «Виста-Интернешнл» ЖШС директоры Евгений Омашев баяндаған болатын. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ЭКСПО-2017-ге дайындық аясында біздің компания Қордайда қуаты 21 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын салуда. Бүгін қуаты 9 МВт-ты құрайтын Германияда шығарылған 9 жел генераторының бірінші кезеңі салынды. 12 жел генераторын салу арқылы жобалық қуатына шығу алдағы жылдың 3-тоқсанында жүзеге асады. Бұл Оңтүстік өңірдегі электр энергиясы тапшылығын жояды. Құрметті Президент мырза! Біз Сізден жобамызды бастауға рұқсат беруіңізді өтінеміз» деді серіктестік директоры. «Жел энергетикасы – 2017 жылғы ЭКСПО көрмесінің басты тақырыбының бірі. Ол менің есімде, ол туралы маған баяндаған болатын және қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергетикасын орнатуда алдыңғы орындардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет. Кәсіпорынды іске қосыңыздар, сәттілік тілеймін» деп, Елбасы рұқсатын бергеннен кейін арнайы тетік басылып, жел электр стансасының бірінші кезегінің жұмысы іске қосылды. Өткен жылы «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның жел электр стансалары арқылы жалпы сомасы 1024 миллион теңге болатын 40 миллион 324 мың киловатт-сағат электр қуаты өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті жобалық 47 миллион киловатт-сағатқа жеткізу көзделіп отыр. Өткен жартыжылдықта ғана 785,2 миллион теңгенің 34623 киловатт-сағат электр қуаты өндірілді. Жылдың он екі айында адуын жел бір толастамайтын Қордай асуы жел электр стансалары үшін бекер таңдалмаған. Экологиялық таза табиғи қуат өндірілетін аймақтарды анықтау бойынша алдын ала жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне орай, мұнда жел электр стансаларының шоғыры әлі де көбейетін болады. Бүгінде «Алматы – Тараз» бағытындағы Қордай асуымен өтетін күре жол бойынан жел электр стансаларының қырық шақты биік мұнаралары ашық күндері көз ұшынан көрінеді. Оның көбінің қалбағайы айналып жұмыс істеп тұрса, бірнешеуі әлі құрастырылып реттелу үстінде. Ал оларды орнатып, іске қосу – бірқыдыру шаруа. Алдымен әр мұнараның астына 700 тонналық іргетас құйылады. Үш бөліктен тұратын мұнараның биіктігі 60-тан 90 метрге дейін, роторының диаметрі – 54 метр, қалбағайдың әр қалағының салмағы – бір жарым тонна. Ол желдің екпіні секундына 5 метрден асқанда айнала бастайды. Қарлы, тұманды күндері мұнара басындағы қалбағайлары көрінбейді, тек сырылдаған даусы естіледі. Қордай асуында былтырдан бері үшінші компания «Ветро Инвест» ЖШС да жалпы өндірістік қуаты 53,75 МВт болатын жел электр стансаларын орнатуды бастады. Құны 12 753 миллион теңгеге бағаланған жобаның толық іске асырылу мерзімі – 2017 жылдың соңы. Олар барлығы отыз үш қондырғы орнататын болса, оның отыз бірі – 1,65 МВт, екеуі – 1,3 МВт-тық. Бүгінге дейін 19 қондырғы жеткізіліп, олардың 12-сі орнатылды. Қазір мұнда елу жұмыс орны ашылған, құрылыс аяқталып жоба толық іске қосылғанда он үш тұрақты жұмыс орны болады. Сөйтіп, барлығын қосқанда, Қордайдағы жел электр стансалары шоғыры оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын жоюға сүбелі үлес болып қосылмақ. Жалпы, өңірде табиғи түрде қуат өндіретін су, жел және күн электр стансаларының жүйесі қарқынды дамып келеді. Облыстың бірқатар аудандарында ЭКСПО көрмесінің өзекті тақырыбына айналып отырған «жасыл энергия» стансалары салынып, біртіндеп іске қосылып жатыр. 2017 жылға қарай өңірде мұндай стансалармен жалпы қуаты 400 мегаваттық электр қуатын өндіру көзделуде. Бұл облысымыздың ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына қосылған қомақты үлес болмақшы.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар