Рашид – әлем чемпионы

Рашид – әлем чемпионы
ашық дереккөз
Рашид – әлем чемпионы

Ирландияның Дублин қаласында кикбоксингтен жастар арасында өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапындағы жамбылдық Рашид Дауров чемпион атанды. Бұл байрақты бәсекеге әлемнің 52 елінен 1700 спортшы қатысты. 63,5 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз абыройымызды асқақтатты. Алғашқы кездесулерінде даусыз жеңіске жеткен Рашид ширек финалда португалдық спортшыны, жартылай финалда поляк спортшысын 3:0 есебімен айқын ұтты. Ал финалда жерлесімізге харват спортшысы қарсылас атанды. Кездесу алдында мамандар бұл жекпе-жек қазақстандық спортшыға оңайға түспейтіні туралы болжам айтқан болатын. Алайда, бұл асығыс айтылған сөз екен. Жерлесіміз нағыз бабында екенін шешуші ойында да көрсете білді. Болжам көкейде тұрғанымен, ойын барысында бәрі басқаша болды. Дауров финалда да 3:0 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Жарысқа жерлесіміз жақсы дайындықпен барды. Бұл жеңіске Дауровтың жеке бапкері Закир Малиевтің де қосқан үлесі қомақты. Бапкер мен шәкірттің айлар бойы төккен маңдай терлері өз жемісін берді. Рашид бұған дейін еліміздің үш дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. Қордайлық спортшы Рашид енді Ресей­дің Анапа қаласында жақын күндерде жалауы желбірейтін әлем кубогіне дайындалуда.

 Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар