Есіл мен Талас бойындағы жауһарлар

Есіл мен Талас бойындағы жауһарлар
ашық дереккөз
Есіл мен Талас бойындағы жауһарлар

Ерке Есілдің жағалауындағы бас қала Елордамызға қарап сүйсінесің. Иә, Астана Еуразияның жүрегі ғана емес, талай тілектердің тірегі, талай жүректердің тілегі болды. Астана – ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Содан болар, ерке Есілге шешіле сыр тарқатқанда, шарқ ұрған шағаладай көңіліңіз де шарықтап, Бәйтерекке қарап бәйіт арнағыңыз келеді. Себебі, сұлулығы мен ұлылығын ұқтырған Ұлы даланың ордасы – тәуелсіз еліміздің айбынын асырып тұр. Мемлекет бар жерде астана, астана бар жерде мемлекет болады. Мемлекеттілікті айғақтайтын бірден-бір фактор елдің астанасы екендігі хақ. Осы тұста дүниенің төрт бұрышын жалғастырған Ұлы Жібек жолы үстінде орналасқан көне қала Тараз жайлы да айтпай кетпесек болмас. Себебі, Астана бүгінгі жаңашылдықтың, жасампаздықтың астанасы болса, Тараз – кешегі сан қатпарлы тарихымыздың темірқазығы. Керей мен Жәнібек хандар басқа емес, дәл осы Жамбыл өңіріне келіп шатырын тігіп, Қазақ хандығының қара шаңырағын көтерген. Тарау-тарау тарих парақтарына түрлі із қалдырған Тараз жері тарихқа тұнып тұр. Ал көне шаһар екі мың жыл бойы Сағди, Рудаки, Моуләви, Һафез сынды Шығыс шайырларының жырларына арқау болған. Бүгінде экономикасы дамыған, мәдениет пен әдебиет­тің ордасы рухани орталыққа айналуда. Шежірелі шаһардың өткені – тарих, бүгіні кемел, ертеңі жарқын. Астана – әз Тәуке ханның жаз жайлауы болып, батырларымыз бен шешендеріміз, билеріміз бен хандарымыз жиі-жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күресте елді болашаққа бастаған мекен болса, Тараз – Қазақ хандығының туы тігілген Қозыбасы биігі – Шу-Талас аңғарын аумағына сыйғызған өңірдің бас қаласы. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараздың да, ел ордасы Астананың да ел тарихында алар орны ерекше. Астана ертегідегі батырлардай жыл санап емес, күн сайын жасарып, жаңарып келеді. Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналды. Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі, сәулет өнерінің қайта­ланбас үлгілерінің бірі – Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Хан Шатыр» ірі сауда-ойын орталығы... Сазды субұрқақтар мен әдемі гүлзарларға қарап, пенде біткен ақынға айналып кетер ме дейсің. Алаштың асқақ арманы ақиқатқа айналғанда, азаттығымыздың айбыны болған Елордамыз – Елбасымыздың қолтаңбасы. Бүгінде алты құрлық ат шалдырған Астанамыздың абыройы күннен-күнге асып, жылдан-жылға жасарып, жасап келеді. Астана мәртебесі жоғарылаған сайын Тәуелсіздігіміз де мәңгі жасайтыны хақ.

dsc_8350 %d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0

img_3721 img_91961264571304 img_6546 img_3778 img_3694 img_0900 astana-dostoprimechatelnosti 34

Наурызбек сарша, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар