Ғылым таппай мақтанба

Ғылым таппай мақтанба
ашық дереккөз
Ғылым таппай мақтанба

дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз

Облыс әкімдігі мен Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті арасында өзара іскерлік байланыс бар. Бұдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен университет ректоры Тілектес Есполов екіжақты тиімді келісім­дерге қол жеткізген еді. Облыс басшысы білім шаңырағында да болып, жаңашыл жұмыстарына 

куә болып қайтқан.

Өткен сенбіде облыс әкімдігінде аталған университет өкілдерінің қатысуымен өткізілген жиын екі тараптың байланысын одан әрі қарай нығайтуға арналды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев ашып, бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларының озық ойлы ғалымдары шоғырланған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны екеніне, мұнда білім жетілдірудің маңыздылығына, агроөнеркәсіп кешендерін ғылыми және инновациялық жетістіктерді қолдана отырып дамытудың ерекшелігіне тоқталды.

Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту департаментінің директоры Бөрібай Жексембин сөзін облысымыздың экономикасы жылдан-жылға өсу үстінде екені «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің маңайында орналасқан ауылдардың ажарынан байқалатынынан бастады. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы білікті мамандар бар жерде ерекше өркендейтінін, тіпті жеке қожалықтарды басқарып отырған фермерлерді де арнайы курстардан өткізу тек оң нәтиже беретініне тоқталып, аталған университетте әлемнің дамыған елдерінің озық тәжірибелері талданатын халықаралық деңгейдегі жаңа зертханалар көптеп ашылып жатқанын айтып өтті. Әңгіменің түйіні кез-келген маманға бір алған білім жеткіліксіз, себебі уақыт бір орнында тұрмайды, әр сәті өрлеу мен жаңашыл қадамға толы бүгінгідей кезеңде білімді жетілдіріп отыру өте өзекті екеніне сайды. Аталған университет құрамындағы біліктілікті арттыру институтының директоры Нұртаза Шәметов кәсіпкерлікті ғылыми негізде дамытудың берер пайдасы өте жоғары болатынын атап өтіп, бұл ретте ауыл шаруашылығымен және өндіріспен шұғылданушыларды барлық мүмкіндіктер бар аграрлық университетте арнайы білім алуға шақырды. Университет өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстар жиынға қатысып отырған департаменттер мен басқармалардың басшылары және өзге де құрылым жетекшілері тарапынан қолдау тапты. Олар заңға қайшы келмейтін жолдармен қаржы бөлінсе, мамандарын ҚазҰАУ-ға оқытуға ықыласты екендерін жеткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне де аталған университет ғалымдарын шақыртып, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруға болатынын айтты. Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев қант қызылшасын өсіру күн тәртібінен түспейтінін, сол дақылды қалай өсіру технологиясын білетін маман таппай қиналғаны жөнінде ойын ортаға салса, «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалы директорының орынбасары Берік Нұралиев аграрлық университеттің ұсынысын жамбылдық сушылар да қызу қолдайтынын жеткізді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, ауыл шаруашылығы саласына жаңашылдық қажеттігі, мамандар мен фермерлер біліктілігін арттыру өзекті екенін баяндай келе, аграрлық университет өкілдерінің ұсынысы сала өкілдері тарапынан үлкен қолдау табатынына сенім білдіріп, аталған оқу орны өкілдеріне құнды ой-пікірлері үшін алғысын айтты.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар