Нью-Йорк, Лондон, Астана...

Нью-Йорк,  Лондон,  Астана...
ашық дереккөз
Нью-Йорк, Лондон, Астана...

Әлемдік қаржы орталықтарын шарлаған жамбылдың жампозы

Студент кезде лаунж барда жұмыс істейді. Табысы айына жетпіс мың теңгеден асты. Университетті бітірген соң мамандығына қарай жұмысқа орналасады. Лаунж бардағы жұмысын жалғастыра берсе де болатын еді, бірақ диплом құлағының түбінен «сен нағыз мамансың» деп намысты оятты. Бюджеттік жұмыста ақшаны күреп табамын деп ойлады. Алпыс мыңға жетпейтін алғашқы айлығын қалтасына салғанда банкоматтың мониторынан «сен ақымақсың» деген жазуды «оқыды». Дипломы жоқ кездегі табысына қазіргі табысы неге жетпейтінін түсінуге ақылы жетпей, ақыры сол күнкөріске еті үйреніп кетті. Тұрақты жұмыс, жылына бір рет келетін еңбек демалысы, әріптестерімен күнде салық жүйесінің «әділетсіздігін» талқылау, жетістікке жеткен адамды көреалмау – олардың әдеті. «Work & Travel» халық­аралық бағдарламасымен АҚШ-та, «болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған Жасұлан Алдановтың замандастары туралы сыни көзқараста бастаған әңгімесінен түртіп алғаным осы.

1606411_254912574675742_1– Жасұлан, сіз АҚШ-та, Еуропада оқыдыңыз. Жаңа әңгіме арасында орыс кварталын айтып қалдыңыз. Соған тоқталайықшы... – Мінген ұшағымыз бізді Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласына «топ» еткізді. Уәделескен адамдар екі апта бойы жұмыс тауып бере алмаған соң өз күнімізді өзіміз көруге тәуекел еттік. Чикаго көшесінде де жұмыссыз сандалып жүрдім. Ақырында Нью-Йорк қаласында орналасқан «Brightan beach» деп аталатын орыс кварталындағы «Татьяна» мейрамханасынан жұмыс табылды. Ол жерге ТМД-ға кіретін елдің азаматтары жиі бас сұғады. Мен дүниежүзінің жетекші қаласында орыстың шағын да болса кварталын өз көзіммен көрдім. – Қытай әлемнің әр түкпіріне адам капиталын шоғырландырған, олар чайнатаун деп аталады. «Үй ішінен үй тіккен» шығыстағы көршіміздің кварталында болдыңыз ба? – Чайнатаун – шынымен де қытай халқының капиталы. Елден жырақ жүрсе де, олар ата-баба дәстүрін өте берік ұстанады. Шығыстағы көршіміздің миграциясынан, мұхиттың ар жағындағы ел бізді басып қалады деп үрейленбейді. Әлемдегі чайнатаундарда 130 миллионнан астам қытайлық келімсек күнелтуде. Қалашықтарда мейрамханалар, шағын маркеттер, шаштараз және нотариалдық кеңселердің маңдайша жазулары міндетті түрде қытайша жазылады. Қытайлық кварталдарда банк және банкомат бола бермейді, себебі олар несие алғанды ұнатпайды және бір-бірінен қарыз алып кәсібін дөңгелетеді. Әлемдегі ірі чайнатаундар қай елдерде, қай қалаларда қоныстанғанын тізіп шығайын. Азия құрлығынан тыс ең ежелгі чайнатаунның іргесі 1850 жылы Сан-Францискода қаланған. Әлемдегі ірі қытай қалашықтары Австралияның Сиднейінде, Брис-бенінде, АҚШ-тың Нью-Йорк, Сан-Францискосында, Таиландтың Бангкогында, Францияның Парижінде, Жапонияның Йокохома және Англия, Бельгия, Италия, Голландия елінің қалаларында да дуалын қалаған. Нью-Йорктегі чайнатаунға бара қалсаңыз, құдды бір қытайдың қақ ортасында жүргендей әсер аласыз. Олардың көбісі ағылшын тілін білмейді де. – Чайнатаундардың дағдарысқа түспей қанат жаюының сыры неде? – Таразда дүнгендердің абыройын асқақтатып тұрған не нәрсе? Ұлттық асханалары. Олар соның арқасында дәулетке кенеліп отыр ма? Жоқ. Олар о бастан бақша өнімдерін өсіруге бейім. Демек, олар шикі пияз, шалқан, картопты пісіріп пайда тауып отыр. Енді жерлерін кеңітіп ауыл шаруашылығына білек түріп кірісіп кетті. Сол сияқты қытай капиталын шетелде ұстап тұрған фактор – ұлттық асханасы. Чайнатаундарды қытай билігі де «суғарып» тұрады. Оларда керісінше өз еліне инвестиция салады. Жаһанның кез-келген түкпіріндегі чайнатаун қытай тағамдарын дайындайтын мейрамханалардан басталған екен. – Жасұлан, сіз әлемдік жетекші оқу орындарының бірі – Саутгемптон университетінде магистратурада оқыдыңыз, экономика теориясынан дәріс алдыңыз. Лондон қаласының әрбір 35-тұрғыны миллионер екені сіз үшін жаңалық емес қой? – Бұйырса, біздің қаржы орталығымыз ЭКСПО кешенінде орналасады деп жүрміз. Ал Лондонның қаржы орталығы «Canary Warf» деп аталады. Тараз қаласында үш жүз мыңнан аса тұрғын болса, Лондон қаласында сегіз миллионнан аса адам бар. Лондон әлемдегі ең ірі қаржы орталығының үштігіне кіреді. Осы қалада 395600 миллионер тұрады. Пәленбай миллионер алақандай жерге қалай шоғырланып отыр деген сұрақ сізді мазаласа түсіндірейін. Біріншіден, Англия – әлемде дәурені жүріп тұрған капитализмнің отаны. Екіншіден, өткен ғасырда фабрика мен зауыттар, түрлі өндірістік станоктар, көліктер, қару-жарақ түрлері Лондонда ойлап табылып, әлемге экспортталған. Үшіншіден, көлік индустриясы Англияны капитализмнің отанына айналдырған. Салыстырмалы түрде Токио мен Нью-Йорк қаласы миллионерлер саны бойынша Лондонның алдында. – Нью-Йорктегі аты шулы Wall Street көшесін экономика кітаптарынан жиі кездестіруге болады. Әлемге танымал мультимиллионерлер осы көшеде орналасқан кеңселерде отырып дәулетке кенеліпті дейді ғой. – Wall Street – Манхэттен ауданындағы қарапайым көше атауы, әлем бойынша бірінші орында тұрған қаржы орталығының дәлізі. Онда түрлі қор биржалары, ірі банк кеңселері, корпорациялар, өнеркәсіпте монополияға айналған басқармалар орналасқан. Wall Street көшесінің тарихи-мәдени ескерткіші – «Федерал-холл» деп аталатын ғимарат. Осы ғимаратта 1789 жылы АҚШ президентінің тұңғыш рет иннаугурациясы өткен. Қысқасы, ол дүниежүзінде абыройы асқақтап тұрған көше. – Сонда шекесі шылқыған байлардың бәрі Батыс пен мұхиттын ар жағында жүр ме? Азия сан соғып, тақырдың үстінде отыр ма? – Олай деуге әсте болмайды. Әлемде мультимиллионерлер шоғырланған Лондоннан басқа да қалалар баршылық. Мәселен, қытайдағы Гонконгта 15400 мультимиллионер бар болса, мақтап отырған Лондонда мультимиллионерлер саны – 9700. Гонконг қыруар жетістікке қалай жетті десеңіз, қаржы орталығы деген тақырып тағы да алдыңыздан шығады. Лондон мен Нью-Йорктан кейін қаржы орталығының операцияларын орындау бойынша Гонконг қалыспай келеді. Бір ғасыр бұрын ғана кедейлер қаласы болған Гонконгты Ұлыбритания Қытайдан тура жүз жылға жалға алып, 1997 жылы қаланы дамытып, Қытайға қайтарып берді. Ғасыр ішінде ол жақта барлық инфрақұрылым қалыптасып, жұмыс өз инерциясымен жүріп жатты. Көршіміздің даналығы Гонконгта қалыптасқан ағылшындық стильдегі капиталистік жүйені бұзбай сақтап қалуында. Қытай билігі «Бір ел – екі жүйе» деген қағидатты сақтай отырып, қайта қосылған аумаққа ерекше әкімшілік ауданы мәртебесін берді. Содан Гонконг өзінің корпоративтік дербестігін, бұрынғысынша ағылшындық либералдық заңдылықтарды сақтап қалды. Нәтижесінде, байыған үстіне бай бола түсті. Қытай экономикасының локомотивіне айналды. – Елбасымыздың Астана қаржы орталығын құру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргені жемісін берсе, барша қазақстандықтардың тұрмысы жақсаратынына көзімізді жеткіздіңіз. Елбасы Дубай халықаралық қаржы орталығын жиі мысалға келтіретінін сіз де байқаған шығарсыз... – Арабтардың да негізгі кіріс көзі – мұнай. Мұнайдың да дәурені өтіп, жылдан-жылға құны кері кетуде. Не істеу керек? Әлемнің дамыған елдері баламалы энергия көздеріне көшуді әлдеқашан бастап кеткен. Демек, келешекте мұнаймен үлкен қазынаны толтыру қиынға соғады. (Шағын және орта кәсіпкерлік – өз алдына бөлек әңгіме.) Арабтар экономиканы әртараптандыруға 2004 жылы кірісті. Сол жылдан бері негізі қаланған Дубай халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеп келеді. Бізге бұл модель несімен жақын? Менің ойымша, Дубай қаржы орталығы – ілгеріде құрылған қаржы орталықтарының кем-кетіктерін зерттеп, сараптап барып құрылған сауатты жүйе. – Астана халықаралық қаржы орталығын құру бізге не береді? Елбасымыз бұл орталықтың қатынас құралы ресми түрде ағылшын тілі болады деп ескертті. – Ол, ең бірінші, біздің елді шикізатқа тәуелді болудан құтқарады деп ойлаймын. Өңдеуші елден өндіруші елге айналдырады. Өңдіріске жаңа технологияларды алып келеді. Бұл қалай жүзеге асады? Ойымыз жүзеге асса, біздің кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы климатқа инвесторлар тартылады. Көбіміз «офшор» деген сөзді естігенде халықтан «қызғанып» ұстаған қаржыны апарып тығып қоятын қойма көз алдымызға елестейді. Мысалға, мен шетел азаматымын, екі қап ақшам бар, оны сол елде сақтайтын болсам, жылына жиырма пайыз салық төлеу керекпін. Ал сол екі қап ақшаны Астана қаржы орталығының «офшорында» сақтасам, жылына бар болғаны бір пайыз ғана салық төлеймін. Ақылды адам ретінде мен қай жерді таңдайды деп ойлайсыз? Қаржы құралы үшін қолайлы климатты жасау дегеніміз – осы. Енді мен қаржымды алып келген соң қарап отырамын ба, сол аймақтың нарығын зерттеп, айналымға саламын. Менің арқамда сол жерде жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың тұрмысы түзеледі. Инвесторлар өз аяғымен келді деген осы да... Қазіргі уақытта ағылшын тілін біреуге зорлап оқыта алмайсың. Керек адам ағылшын тілін өзі үшін үйреніп алады. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар