Қожайындық көзқарас қалыптасып келеді

Қожайындық көзқарас қалыптасып келеді
ашық дереккөз
Қожайындық көзқарас қалыптасып келеді

 Есенқұл ДҮТБАЕВ, «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы.

Бүгінгі таңда елімізде Жер кодексіндегі түзетулер ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны баршаға мәлім. Жер тағдыры – ел тағдыры екеніне ерекше көңіл бөлген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жер кодексіне түзетулерге 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялады. Бұл әбден құптарлық шешім болды. Жоғарыда аталған заңның ел ішінде қозғау туғызған жекелеген баптарына байланысты байыпты байлам жасауға уақыт бар. Жалпы, кеңесіп пішкен тонның келте болмасы белгілі. Ата-бабаларымыздан ұрпаққа мұра болып қалған ұлан-ғайыр жеріміз – қасиет, киеміз, баға жетпес байлығымыз. Оның қадіріне жету, игілігімізге тиімді пайдалана білу – баршамыз үшін де міндетті борыш. Мен де Жер-анамыздың төсінен бала-шағамның ырыс-несібесін теріп жүрген қарапайым еңбек адамының бірімін. Өскелең өмір талабына сай жеке шаруашылығымды аштым. Отбасы мүшелері ортақ мақсатта ұйымшылдықпен еңбек еттік. Мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсірумен айналыстық. Желдің өтінде жүріп еткен еңбек, төккен теріміз текке кеткен жоқ. Шаруамыз жайланды, мұртымыз майланды. Ырыс-несібенің молайып, отбасы берекесінің шалқуы қасиетті Жер-ананың киесі деп білеміз. Биыл да берекелі жыл болғалы отыр. Жерге жауын-шашын мол түсті. Көсегенің көк жонына күздік бидайды – 200, арпаны – 250, мақсарыны – 800, көпжылдық шөпті 70 гектар алқапқа еккенбіз. Одан мол өнім жинап алатынымызға бек сенімдіміз. Өз басым қарапайым шаруа адамы болғандықтан, жер туралы даңғаза, даудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қандай нәрсені болса да ақыл таразысына салып, түсіністікпен, байыппен қарастырған жөн. Ең бастысы, жерге жергілікті тұрғындардың өздері ие болуы тиіс. Мысалы, биыл мені қоспағанда, аудан бойынша 18 мың гектардан астам жерге дақылдың түр-түрі орналастырылды. Бұл – аудандағы игерілуге тиісті алқаптың 90 пайызы деген сөз. Суымыз да көп емес. Бірақ соған қарамастан, жылдан-жылға жерге қожайындық көзқарас қалыптасып келеді. Менің ойымша, жерді шаруаларға арзан бағамен берсе, одан ешкім де ұтылмайды. Шетелдіктерге, әсіресе, шекаралас жатқан көршілес мемлекеттер азаматтарына жер сатылмауы, тіпті жалға да берілмеуі керек. Өйткені жердің иесі – біз. Бос жатқан алқаптарды игеруге, тиімді пайдалануға өзіміздің де күшіміз қаптал жетеді деген ойдамын. Тек жер қатынастары талапқа сай реттелсе, жеткілікті. Осы күнге дейін жұртымыз Жер-ананың төсін еміп, күнелтті, кең жазиралы даламыздың асты мен үсті толы қазына, байлығы әлі де талай ұрпақты асырауға жетеді деп нық сеніммен айта аламыз.

Түркістан ауылы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар