Елдің игілігіне қызмет етсін

Елдің игілігіне қызмет етсін
ашық дереккөз
Елдің игілігіне қызмет етсін

Жер – халықтың байлығы. Оған елдің бейжай қарай алмайтыны сондықтан. Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан, көп жылдар жер мен елге қызмет жасадым. Сол себепті, мұндай мәселелер мені де айналып өтпейді. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде жазып, ауызекі айтылып та жатыр. 

Өзім жетекшілік ететін «Орынбақ-Ата» фермерлік шаруа қожалығы 2015 жылы құрылған. Шаруа қожалығының есебінде 215 гектар, (оның ішінде 150 гектары егістік, 65 гектар – жайылымдық) жер учаскелері тіркелген. 3 адам жұмыс жасайды, олардың орташа еңбек жалақылары 50 000-60 000 теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздегі реформаларды жүзеге асырудың жолдарын белгілейтін «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жариялады. Соның 35-қадамында ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсаты қарастырылған. Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану дегеніміз – әрбір шаруашылық құрылымының иелері жерлерін өз мақсатына сай пайдалануы. Мемлекет меншігіндегі жерді өз иелігіне алған шаруалар жерге басқа көзқараспен қарайды. «Өзімдікі дегенде өгіздей қара күшім бар» демекші, яғни жер өзінікі болғандықтан, оны ұтымды пайдалануға тырысады. Бұл мәселені де ойласу қажет. Ұзын сөздің қысқасы, жер бос жатпай, тиімді пайдаланылуы керек. Сонда ғана біз елімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етеміз. Сондықтан, Елбасы жариялаған мораторийді пайдаланып, осы мәселені байыппен шешіп алғанымыз абзал.

 Шахайхан Асанов,

«Орынбақ-Ата» шаруа қожалығының жетекшісі.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар