Көп тілегі орындалса керек

Көп тілегі орындалса керек
ашық дереккөз
Көп тілегі орындалса керек

 Нұржан 

ӘЖІБЕКОВ, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы.

Елбасының 5 реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35-қадамында көзделген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруді ынталандыру үшін 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес Жер кодексіне түзетулер енгізілген болатын. Ол заң биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс болатын. Жаңа құқықтық нормалар бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылар үшін едәуір жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, олардың жалға алған жерлерін кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшерінде айқындалатын жеңілдік бағамен 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы сатып алуына да мүмкіндіктері бар. Мұндай жағдайда жерге деген шынайы қожайындық көзқарас қалыптасатыны анық. Елбасы мұны күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында да атап көрсетті. Жер кодексіне енгізілген түзетулер мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жекеменшікке аукцион арқылы беруді көздейді. Сондай-ақ, жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша шектеулер алынып тасталынады. Норма жерді пайдаланушыларға жалға алу құқығымен құқықтық мәмілелер жасасуға, атап айтқанда, банкке кепілге беруге, жалдау мерзімі ішінде иеліктен шығаруға (қосалқы жалдауға табыстаудан басқа) мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы аграрлық сектордың дамуына, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ ауыл шаруашылық өндірісіне қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік туғызады деп күтілген. Алайда, аталған заңдағы толықтырулардың ұстанымы ұғынықты болмауы, жаңа нормалардың мән-жайы тиісті топтарға жеткізіліп, егжей-тегжейлі түсіндірілмеуі жұртшылықтың күмәнін туғызды. Осыған байланысты Елбасымыз қоғамда қозғау тудырған бірқатар нормаларды, нақтылап айтқанда, заңда көрсетілген 4 норманы күшіне енгізуді жарты жыл мұғдарында доғара тұруды ұйғарып, бұл аралықта жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, заң талаптарын халыққа толық түсіндіріп, қорытындысын Парламентпен бірлесе шешіп, келісімге келу керек екендігін ерекше атап көрсетті. Президент «Жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ» деп қадап айтты. Елбасының шешімін аудан халқы да мақұлдап, айрықша ризашылықтарын білдіруде. Қандай реформа болсын ол адам үшін, адамның игілігі үшін жасалатыны ақиқат қой. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына орай аудан жұртшылығы арасында арнайы жасақталған топтар Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл да болса демократияның жарқын үлгісі деп түсінеміз. Алдағы уақытта Жер кодексінде халық тілегі де ескерілетініне сеніміміз мол.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар