Алыптар айқасы

Алыптар айқасы
ашық дереккөз
Алыптар айқасы

Тараз төрінде халықаралық балуандар бәсекесі болады

27-29 қарашада Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнир өтеді. Осы аптаның жұма күні жалауын желбіреткелі отыр­ған турнирге Ресей, Моңғолия, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Иран, Нигерия, Италия елдерінен еркін күрес шеберлері қатысып, байрақты бәсекенің көрігін қыздырмақшы. Айтулы додаға еліміздің құрамасы да сақадай сай. Нағыз тәжірибелі балуандар ел намысын қорғамақ. Бұл турнирге сегіз салмақ дәрежесі бойынша бірнеше елден үздік балуандар қатысады деп күтілуде. Әр салмақта жеңімпазға 5 мың, екінші жүлдегерге 3 мың, үшінші орын иесіне 1 мың АҚШ доллары берілмек. Әр салмақ бойынша жеңімпаз спортшының жаттықтырушылары да 1 мың АҚШ долларына ие болады. Сондай-ақ, көрермендер арасында кіру билеті бойынша қайырымдылық лоторея ойнатылып, түскен қаражат әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға үлестіріледі деп күтілуде. Турнир барысында 350 адамға дастархан жайылып, Д.Қонаевтың рухына арналып ас беріледі. Айта кету керек, 2006 жылдан 2012 жылға дейін жасөспірімдер арасында өткізіліп келген аталмыш турнир 2013 жылдан бастап ересектер арасында ұйымдастырылып, жылдан-жылға жарыстың ауқымы да кеңейіп келеді. Ұйымдастырушылардың мақсаты – келешекте бұл турнирді «Гран При» сериялы жарыстар деңгейіне көтеру болып отыр. Егер шын мәнінде бұл мақсат орындалатын болса, онда әлем бойынша еркін күрестен ең үздік елдердің атан жілік, ай мүйізді балуандары Тараздың төріндегі боз кілемде белдесетін болады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар