«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Даланың Дауылпаз жыры ДАМЫЛДАМАЙДЫ

Даланың  Дауылпаз жыры ДАМЫЛДАМАЙДЫ
ашық дереккөз
Даланың Дауылпаз жыры ДАМЫЛДАМАЙДЫ

Облысымызда алғаш рет  дастандар мен қиссаларды жатқа айтушылар байқауы өтті

Қазақ хандығының 550 жылдығы және 6 шілде Астананың туған күніне орай  «Дауылпаз жыры даланың» атты дастандар мен қиссаларды жатқа айтудан облыстық байқау өтті. Шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Байқауға он бес үміткер өз өтініштерін білдіріп, бақ сынады.  Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова  шараның мән-маңызына тоқталды. – Халқымыздың ұмытыла бастаған ерлік, елдік дәстүрлерін кеңінен насихаттайтын дастандары мен қиссаларын жаңғыртып, оларды бүгінгі ұрпақтың игілігіне жарату – сіз бен біздің парызымыз. Біз сол мұраларды жаңғырту арқылы жастардың еліміздің тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне деген асқақ сезімдерін оята аламыз. Біздің көздегеніміз сол жас ұрпақтың ертеңгі күнге деген нық сенімін арттыру, патриоттыққа шақыру ғана, – деген Рахия Сейітбекқызы қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң қисса-дастандарды жатқа оқушы үміткерлер сахнаға біртіндеп көтеріліп, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың өнеріне баға беруші қазылар алқасының құрамында өңірімізге белгілі қаламгерлер облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген,  драматург Елен Әлімжан, ақын Қайырбек Асанов, әнші-сазгер Жандос Омаров болды. Олар үміткерлердің сахна мәдениеті мен киім үлгісінің жарасымдылығына, есте сақтау қабілеттерінің жоғарылығы мен мәнерлеп оқу шеберліктеріне аса мән берді. Өз кезегінде қатысушылар да аянып қалмады. Тіпті, кейбір үміткерлердің қиял-ұшқырлықтары астасып, жаттағандарын композициялық көрініспен жеткізгені, тағы бірінің бейне  бір жыраулардай домбырамен төкпелете жөнелгендері де жүрек қылын шертіп, көрер көзге керім әсер қалдырып жатты. Десек те, «әттеген-ай» дейтін кемшіліктер де қылаң беріп, олар қазылардың сын-ескертпелеріне ұшырап отырды. Айталық, кейбір қисса оқушылар сахналық киім үлгісіне мүлде мән бермесе, енді бірі сахна мәдениетінен ауытқып, дауыс ырғақтарын ретке келтіре алмай, айқайға басып әуреге салынды. Cондай-ақ, дастан-қиссаларды заманауи түрде жеткіземін деп, байырғы мақамды эстраданың сүреңсіз салтына ыңғайлап алғандар да кездесті. Тұңғыш рет өтіп отырған соң, мұндай кемшіліктерге түсіністік танытылды. Нәтижесінде «Қобыланды батыр» жырын мүдірмей, шығарманың мінезіне қарай екпіндете жатқа оқып, жігерлі кейіппен көпшіліктің жүрегіне жеткізген Т.Рысқұлов ауданынан келген 7-сынып оқушысы Жансая Сәрсенбаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Абайдың ғибратқа толы «Масғұт» поэмасын әдемі өрнектеп оқыған шулық Жансая Шыңғысханқызы жүлделі I орынды жеңіп алса, сарысулық Света Сердалиева «Тұмар патша» туралы аңыз шығармасымен II орын биігінен көрінді. Сонымен қатар, «Төрехан» дастанын оқыған қордайлық Нұрғиса Тұрғалиев пен «Елім-ай» дастанын жатқа орындаған Мойынқұм ауданының өкілі Шапағат Мітәш III орынға лайық деп табылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар және бағалы заттармен марапатталды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар