Бағасы биік бастама

Бағасы биік бастама
ашық дереккөз
Бағасы биік бастама
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастамасына М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушы- профессорлық құрамы мен студенттері де қолдау білдірді. Осы мақсатта аталмыш оқу орнында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Шараны университеттің бірінші проректоры Асқар Абдуалы ашып, жүргізді. Басқосу барысында «Заң» факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің тиімділігі мен өзектілігі туралы әңгімеледі. – Соңғы күндері Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы үндеуін жариялағанын баршамыз естіп, біліп отырмыз. Қазіргі таңда бұл бастаманы қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар кеңінен қолдауда. Біз де бұл бастаманы дер кезінде көтерілгенін бағамдап отырмыз. Конституцияда көзделген талаптарға сәйкес, елімізде Президент сайлауы 2016 жылғы 1 желтоқсанда өтуі тиіс болатын. Алайда, келесі жылы Парламент және жергілікті өкілді органдар мәслихаттардың сайлауы да өткізілмек. Үлкен ауқымдағы бұл сайлауларды өткізу оңай шаруа емес. Онда, әрине, үміткерлерді тіркеу, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, дауыс беру рәсімін ұйымдастыру, оның қорытындыларын жариялау сияқты шаруалардың атқарылатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, сайлау жылы болғалы тұр. Сондықтан да Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің тиімділігі зор, – деді Қ.Нұрманбетов. Жиында сонымен қатар «Экономика және бизнес» факультетінің деканы Сара Исақова, «Жастар ғылыми зерттеу» орталығының басшысы Парида Мамедова, «Туризм» кафедрасының аға оқытушысы Әлия Жусамбаева, «Филология» факультетінің магистранты, облыстық «Арай» газетінің тілшісі Талғат Нұрханов, өзге де бірқатар студенттер сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті. Сөйлеушілердің бәрі де Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу дер кезінде көтерілген дұрыс бастама екендігін тілге тиек етті. * * * Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының білімгерлері «Бірлігі жарасқан Жамбыл жастары Елбасын қолдаймыз!» деген ұранда флэш-моб өткізді. Онда облыс жастары кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізуді қолдайтындықтарын көрсетті. Шара барысында облыстағы барлық үкіметтік емес ұйымдардың ойы бір арнаға тоғысты. – Әлемде дағдарыс белең алып, саяси ахуал ушығып тұрған уақытта біз жастар ел қамы үшін аянбай еңбек еткен Елбасымыздың қасына шоғырлануымыз қажет. Келесі жылы көпшілік білетіндей ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтеді. Сол үшін біз осы бастан қамдану керекпіз. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің үндеуін бірлігі жарасқан Жамбыл жастары қолдайды дегім келеді, – деді «Жамбыл облысы жастар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастанұлы.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

 

Ұқсас жаңалықтар