Жол сапасы сын көтере ме?

Жол сапасы сын көтере ме?
ашық дереккөз
Жол сапасы сын көтере ме?
Бұл күнде темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілердің басым бөлігі күре жолдардың қазіргі жағдайына наразы. Себебі, біраз уақыт бұрын қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жөндеуден өткен кей жолдардың асфальт жабындысы әдбен ескіріп, шұрық-тесік болған. Әйтеуір, жолға жауапты мекеме өкілдері жыл сайын жамап-жасқап амалдап келеді. Десе де, қыруар қаржы жұмсалып, білдей бір мердігер компаниялардың жұмысшылары еңбек еткен қара жолдың бүгінгідей хәлге түсуіне кім жауапты? Сонда қайсыбір жүйелі жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана орындалғаны ма? «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының қызметкерлері жыл басынан бері 25 рет іссапарға шығып, бас-аяғы 31 нысанға инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 33 данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілген. Сәйкесінше, жол-құрылыс материалдарының 4 данасы нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. - Іс-сапарлар кезінде республикалық маңызы бар жолдарда жалпы 9 ақау анықталды. Нақтылай түссек, жол бетіндегі шұңқырлар, темiр коршаулардын зақымдануы, кысқы жол күтіміндегі ақаулар мен жол жиегіндегі қар жамылғысы және қар тазалау барысындағы олқылықтар белгілі болды. Қазіргі таңда барлық анықталған ақаулар бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдарына 6 хат жолданды. Әрине, мердігерлер ең алдымен, жұмыстың сапасына айрықша көңіл бөлсе, асфальт жабынын орнату технологиясы өз жемісін береді. Тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдар сапаға мән берсе, жол-құрылыс саласында кемшіліктер жойылып, заң бұзушылықтар тыйылар еді, - дейді өңірлік филиалдың сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Әлиахметов. Айта кетейік, өткен жылы филиал қызметкерлері 495 нысанға 816 рет іссапар жасап, 2576 жол-құрылыс материалдарын сынақтан өткізген. Нәтижесінде 873 (34%) жол-құрылыс материалдарының талаптарға сай келмейтіні белгілі болған. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдарда – 18, жергілікті жолдарда – 718 және қалалық жолдарда – 137 кемшілік анықталған.

Ұқсас жаңалықтар