Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
ашық дереккөз
Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жуалы ауданына жұмыс сапары жергілікті тұрғындармен кездесуден басталды. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Аймақ басшысы кездесуде ең алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтті. Облыс әкімі 2023 жылы аймақта экономикалық өсім 102,4 пайызға артып, ауыл шаруашылығында 567,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін айтты. Сонымен қатар, есепті кезеңде өңірімізге 517,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 726 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылы облыста 81 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза есеп беріп, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 85,7 млрд.теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,3 пайызға орындалған. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестиция 10 млрд.теңгеге жетіп отыр. Облыс әкімі аудан басшылығына ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, туризм саласын дамыту мен аудан аумағындағы мал қыстату қыстақтарының жай-күйін бақылауға алу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы аудандағы өңдеу өнеркәсібінің өнімі төмендеуін, сақалды құрылыс нысандарын, кейбір елді мекендердің табиғи газға қосылмағанын, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-ші бағыты баяу іске асырылып жатқанын және аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы көше жолдарының жай-күйі, елді мекенді абаттандыру мен жастардың жұмыспен қамту, жыл сайын ауыл-аймақта туындайтын ауыз су мәселелерін шешу қажеттігін атап өтті. Барлық сұрақтар бойынша Ербол Қарашөкеев аудан мен ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді. Бұдан кейін, жуалылықтар көкейдегі сауалдарын жолдады. Олар негізінен елді мекендерді газдандыру, ауыз су, көпір салу, жастарды жұмыспен қамту, мал соятын арнайы орын салу мен экологияға қатысты және өзге де мәселелер көтерді. Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен жүйелі жоспарларды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді. Облыс әкімі аудан басшылығына азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау, ауылдарды абаттандыру бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін баса айтты. Кездесу соңында аймақ басшысы бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар