Заманауи техникалар таныстырылды

Заманауи техникалар таныстырылды
ашық дереккөз
Заманауи техникалар таныстырылды
Меркі ауданында қант қызылшасын өсіру – маңызды саланың бірі. Қант зауытының да осында орналасқанын ескерсек, мұнда балтамыр өсіру ісін қолға алу маңыздылығы күн тәртібінде тұрғанын атап өткен орынды. Осы орайда, бірнеше жылдан бері өңірдегі қызылша өнімін арттыру мақсатында ғалымдар және осы саланың жетекші мамандарымен кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге ауданда тұрақты түрде семинарлар өткізіліп, шаруаларға қызылша өсірудің артықшылықтары мен пайдасы, оны өсірудің озық мүмкіндіктері насихатталып отырады. Мәселен, кеше аудан шаруа қожалықтары жетекшілерінің қатысуымен Меркі ауылында «Заманауи жабдықты қолдана отырып қант қызылшасын өсіру ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті. Бұл жолғы семинар ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге қажетті техникалар туралы болды. Семинарға аудан әкімі Жорабек Баубеков, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Әбжапаров және Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Қордай, Шу, Талас аудандарының ауыл шаруашылығы мамандары мен қант қызылшасын баптайтын шаруалар қатысты. Аудан әкімі Жорабек Баубеков ауданның ауыл шаруашылығы, оның ішінде қызылша өндіру бағытындағы көрсеткіштерге тоқталды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларының өнімін арттыру мақсатында қолға алынған кешенді іс-шаралар туралы айтқан аудан әкімі өткен жылғы табиғи апатқа байланысты енді жаңа су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізудің маңыздылығын жеткізді. Бұл бағытта Меркі ауданында жұмыстар әлдеқашан басталып кеткен. Мысалы, өткен жылы 8262 гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланып, ол толық орындалған. «Жас» шаруа қожалығы 280, «Мыхан орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектар алқапқа түркиялық заманауи жаңбырлатқыш агрегаттарын орнатқан. Жиын барысында «СТ Agro» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіру мен жинауға қажетті заманауи техникаларымен таныстырды. – Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге әлеуеті өте жоғары, жері құнарлы, сондықтан, өндіріске жаңа техникалар мен жабдықтарды енгізу арқылы өнім көлемін арттыру маңызды. Осы мақсатта біз жергілікті шаруаларға қолдау көрсеткіміз келеді, – дейді «СТ Agro» компаниясы көкөніс шаруашылығы және сату бөлімінің басшысы Геннадий Беннер. Оның айтуынша, техникалары мен технологиялары озық дамыған Франция секілді Еуропа елдерінің өзінде гектарына ең көп дегенде 55-60 тоннаға дейін өнім алынады екен. «Біздің өңірде озық технологиясыз- ақ гектарына 60-90 тонна аралығында қызылша алуға мүмкіндік бар. Енді заманауи технологияларды шаруашылыққа енгізіп, жетік техникалармен жұмыс істесек, біздің Еуропа елдерінен екі есе көп өнім алуға мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетерлік, осыны шаруаларға түсіндіру маңызды», – дейді ол. Аудан әкімдігі мамандарының айтуынша, «СТ Agro» компаниясы – ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанға жеткізушісі және еліміздегі агросектор нарығында үздік қызмет көрсетуші компаниялардың қатарынан екен. Семинар барысында жер жыртуға, тұқым себуге, өнім жинауға және су үнемдеуге арналған заманауи техникалардың түрлері таныстырылып, жергілікті шаруаларға оларды жеткізудің жолдары айтылды. Сонымен қатар, өңірдегі шаруа қожалықтардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, компания өкілдері мен жергілікті шаруалардың өзара серіктестігі жайында бірқатар шешімдер қабылданды.  

Қазыбек КАМАЛ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар