Әулиеата үздіктері марапатталды

Әулиеата үздіктері марапатталды
ашық дереккөз
Әулиеата үздіктері марапатталды
Білімі мен зеректігі үлгі боларлық үздік жастардың қолында болашаққа жол сілтер шамшырақ бар. Сол шырақты лаулата жаққан белсенділерді ынталандырып, қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты өңірлік жастар форумы өтті. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әуелі жастар ұйымдары мен жас кәсіпкерлердің көрмесін аралап, танысты. – Ел болашағы – жастардың қолында. Сондықтан, барлық салада жастарға қолдау білдіреміз. Мемлекет тарапынан жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, саланы қаржыландыру жылдан жылға артып келеді. Жастар саясатын жүзеге асыру, қолдау өткен жылмен салыстырғанда 66,7 пайызға артты. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге басымдық берілуде. 28445 жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жастар тартылды. Алдағы уақытта жастардың болашағы жарқын болатынына, олардың таптырмас маман иесі атанатынына кәміл сенемін, – деді облыс басшысы. Форум аясында «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысының жеңімпаздарын және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. – «Жас келсе – іске» деген қанатты сөз бар. Осы сөзді санамызға сіңіріп өскендіктен, үнемі еңбекке талпынып өстік. Біздің мақсатымыз – «Ақылды бағдаршам» жасау. «Ақылды бағдаршам» жасау үшін бізге мемлекет тарапынан 500 мыңның сертификаты ұсынылды. Біз осы жоба аясында алдымен Алматы қаласындағы байқаудан 3-орын иеленген едік. Жалпы, бұл жобамызды дайындау үшін 3 ай уақытымызды арнадық, – дейді «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша жеңімпазы Айбек Сейдазимов. Сонымен қатар, киелі Әулиеата топырағында дүниеге келіп, түрлі салада өңірдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген жастардың өмірбаяны мен «Әулиеата жастары» энциклопедиялық кітабының тұсауы кесілді.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар