Ақпаратты бұрмалау заңға қайшы

Ақпаратты бұрмалау заңға қайшы
ашық дереккөз
Ақпаратты бұрмалау заңға қайшы
Ақпараттық технология қарыштап дамыған жаңа ғасыр адамдарға мол мүмкіндік сыйлауын тоқтатар емес. Солардың ішіндегі күнделікті қолданатынымыз – смартфондар, әлеуметтік желілер және хат-хабар қатынасын оңайлатқан мессенджерлер. Дегенмен, адамзат игілігі үшін жасалған мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмайтындар да бар. Олардың бір бөлігі – жалған ақпарат тарататындар. Мұндай жазбалар әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар туындап, саяси оқиғалар орын алып жатқан кезде көптеп тарайды. Сондай-ақ, жалған ақпараттарды белгілі бір топтар немесе адамдар ел ішіне іріткі салу мақсатында таратуы мүмкін. Оған қоса, өз ортасында әзіл ретінде айтылған әңгімені таратып жіберетіндер де бар. Сондықтан, ресми әрі расталған ақпараттарға сенім артып, өзіңізге келген ақпаратты таратпау қажет. Олай болмаған күнде жаза арқалап кетуіңіз әбден мүмкін. Жалған ақпарат таратқаны үшін басы дауға қалған журналист Мария Мельникованың үстінен Қылмыстық Кодекстің 274-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісімен іс қозғалғаны бұқаралық ақпарат өкілдерінің есінде екені хақ. Журналист өзінің Facebook парақшасына орталық Абай алаңындағы «Абай ескерткіші алынып тасталған» деген ақпарат таратқан. Журналистің мұндай жалған ақпаратты таратуына не себеп болғаны белгісіз. Ол өзінің бұл әрекетін ешқандай қателік деп санамайды. «Мен өз тарапымнан ешқандай қоғамға зиянын келтіретіндей қауіпті ақпарат таратқан жоқпын. Жай ғана суретке түскенде Абай ескерткіші көрінбейді. Мен соны ғана айтқым келді. Ал, ақпаратты алып тастаймын дегенше полиция қызметкерлері келіп, тергеуді бастап кетті. Мен бұл әрекетіме еш өкінбеймін, бөтен ой да болған жоқ, әлеуметтік желіге күнделікті жазба ретінде жарияладым, болды», – дейді ол. Төртінші билік өкілі саналатын журналистердің де жалған ақпарат тарататын жағдайлары жиі кездесіп жатады. Себебі, олар ең бірінші болып ақпарат беруге асығады. Бүкіл ақпарат құралдары яғни, медиа өкілдері арасында жаңалықты алғаш таратсам деген ой болады. Өйткені, журналист өзі жұмыс істейтін орталыққа еш жерде жарық көріп үлгермеген мәліметті бергеннен кейін қалғандарының барлығы оған сілтеме жасайды. Сайт, әлеуметтік желі болса, рейтингі өседі. Бұл факторлар жалған ақпараттың тез таралуына әсер етеді. Ақпарат жарысында шынайы ақпарат пен өтірік ақпарат әрдайым «жарысады» десек болады. Жалған ақпарат тез тарайды. Ал, шынайы ақпарат кешігіп жарияланады. Себебі, өтірік айтып, оны тарату оңай. Ал, шындықты тарату үшін оны зерттеу керек, зерделеу керек, факт жинау керек, эксперттердің ойын толықтыру керек. Қорыта айтқанда, жалған ақпараттың таралуына ең үлкен себептің бірі – шынайы ақпараттың мезгілінде жарияланбауы. Мұндай қылмыстардың жасалу себептері де әртүрлі. Олар – кек алу, бұзақылық, сол мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау, құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын тексеріп көру. Ал, кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Өйткені, достарының арасында өзінің батыр екендігін, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу, үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін де осылай істейді екен. Интернетте қолжетімді ақпараттың көптігі және жалған жаңалықтардың көбеюі сыни тұрғыдан ойлау қажеттілігін де көрсетеді. Сондықтан, балаларға кішкентай кезінен сыни тұрғыдан ойлауды үйрету керек. Бұл жастардың білімнің үшінші деңгейіне қадам басып, еңбекке дайындалу барысында қалыптасуына керек негізгі дағды. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаевтың айтуынша, мұндай қоңыраулар еріккеннен, әзіл ретінде сондай-ақ, ішімдікке мас күйде отырып жасалатынын атап өтті. Мәселен, Астанада қыркүйек айында Ішкі істер министрлігі жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратқан адамның портреті жасалғанын хабарлаған болатын. «Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстармен қарсы күресуге барлық мүмкіндіктері бар, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. 90 пайыздан астамы ізі суымай кезекші тәулікте ашылды», – деп атап көрсетті Алмас Талқанбаев. Жалған ақпараттың тез таралып, талқыға кең көлемде түсуі қоғамдағы резонансқа, соңғы шыққан жаңалыққа тікелей байланысты. Егер ақпарат мазмұны үндеу, үгіттеу, сақтық, агрессиялық сипатта болса, адам миы оны қабылдауға, шын санауға дайын тұрады. Жалған ақпараттан әсер алған қолданушы оны тарата отырып, өзінің іс-әрекетінің қаншалықты маңызды екенін көбіне дұрыс бағамдай бермейді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес, жалған ақпарат беру, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан, ақпараттық жүйедегі әр іс-әрекет асқан жауапкершілікті талап етеді. Қырық рет қайталанған өтірік шындық ретінде қабылданатыны рас. Ал, өтіріктің, жалған ақпараттың әлеуметтік ілгерілеуге ықпалы өте кереғар. Қоғамдық сананың дамуына зияны орасан. Яғни, мұндай ақпарат түрлері адамдардың санасын улайды һәм адастырады. Жалпы, кез келген жаңалық ой аясында пікірталасқа түсіп, тақырыпты, мәселені әбден зерттеп, талқылап барып, бір тоқтамға келген жөн. Ал, жан-жақты зерделемей, жалған ақпаратқа иланған кезде адамның ақыл-ойы оңай басқарылатын болып қалады. Критикалық ойлау, медиа-сауат секілді түсініктерді ысырып қойып, шындыққа жанаспайтын, жоқ нәрсенің шырмауында кетеді. Бұл материалдық, моральдық шығынға ғана емес, рухани соқырлыққа да алып баруы ғажап емес. Сонымен қатар, өзіңізге тікелей қатысы бар ақпараттарды белгілі бір адамдармен бөлісуіңіз де еріксіз түрде жаңалыққа айналады. Ал, белгілі бір мәселеге қатысты айтылған пікірлерге дәлел немесе сол туралы бұрын айтылған сөздер болмаса, көпшілік үшін бұл сенімді ақпарат бола алмайды. Сізден дәлел талап етіледі. Тіпті, егер ақпарат дұрыс болмаса да, ол туралы көп айтылып, көп жазылып жүрсе, халық оны ақиқат ретінде қабылдайды. Бұл көпшіліктің ойын адастыратын мәселе. Технологияның дамуымен пайда болған осы мәселелерді шешуде біз қайтадан технологияның соңғы жаңалықтарына жүгінеміз. Сонымен қатар, қазір кез келген адам тек өзінің естігісі келген ақпаратын ғана тұтына алу мүмкіндігіне ие болды. Яғни, адамдар айналадағы ақпараттарды таңдап тұтынады. Бұл да біржақты көзқарастың қалыптасуына ықпал ететін фактор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айында «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заң күшіне енді. Онда бұдан былай блогерлер жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік-жауапкершілікке тартылатыны жазылған. Ал, интернетте жарнама жасайтындар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі шарт. «Министрлік заңсыз контентті анықтау бойынша үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Соның ішінде есірткі заттарын тарату, порнография, экстремистік сипаттағы материалдар және тағы басқа мәселелер бар. Жаңа заңнан кейін сол заңсыз контенттің тізімі кеңейіп отыр. Мониторинг бұрынғыдай жалғаса береді. Оны күшейту үшін мемлекеттік қызметшілердің штатын кеңейтудің қажеттігі жоқ деп ойлаймын. Заң бар, жалған ақпарат таратқаны үшін нақты жауапкершілік көрсетілген. Блогерлердің ақпаратын алып қарайтын болсақ, оның арғы жағында журналистердің үлкен еңбегі жатыр. Олар сол ақпаратты халыққа жеткізіп отырады», – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Заң бойынша жалған ақпарат үшін айыппұл салынады. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске «456-2» деген жаңа бап енгізілген болатын. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік айыппұл сомасы жеке тұлғалар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш яғни, 69 000 теңге. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 103 500 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40 айлық есептік көрсеткішке 138 000 теңге. Ал, орта кәсіпкерлік субъектілері – 80 (276 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері – 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге) төлейтін болады. Егер құқықбұзушылық бір жылда қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге өседі. Тіпті, қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға – 40 айлық есептік көрсеткіш (138 000 теңге) немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу, блогерлерге – 15 айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 айлық есептік көрсеткіш. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 айлық есептік көрсеткіш.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар