Тарихы бай туған жер

Тарихы бай туған жер
ашық дереккөз
Тарихы бай туған жер
Тұрар Рысқұлов ауданы – облысымыздағы төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы, жері – жәннат, суы – шәрбат өлкесі бар, жүрегі дархан, көңілі кең, ынтымағы жарасқан көпұлтты халқы бар киелі де құт мекен. 1938 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Меркі ауданынан бөлініп, Луговой атауымен шаңырақ көтерген. Луговой – Тұрар Рысқұлов ауданының бұрынғы атауы және 1938 жылдан бері аудан орталығы саналып келді. Аудан құрылғанда оның құрамында 27 ұжымшар, 2 кеңшар және 10 ауылдық кеңес болды. Ұлы Отан соғысы жылдары Құлан өңірінің ер-азаматтары да майданға аттанып, Отанды Гитлерлік Германиядан қорғау жолында ерлікпен шайқасты. Соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезінде аудан еңбеккерлері жоспарлы экономикаға сәйкес, социалистік жарыстың алғы шебінен көрінді. Мыңғыртып мал өсірді, селдетіп сүт сауды, миллион пұттап дән бастырды. Тың игеру жылдары Құлан өңірінен «Қорағаты», «Подгорный», Ленин мемлекеттік асыл тұқымды қой совхозы секілді тыңға түрен салған жаңа шаруашылықтар шаңырақ көтерді. Ондаған Социалистік Еңбек Ерлері шығып, есімдері одаққа мәлім болды. Аудан жұртшылығы тәуелсіздіктің арайлы таңын кең-байтақ еліміздің барша халықтары секілді ерекше қуанышпен қарсы алды. 1992 жылы аудан орталығы ауылдың шығыс шетіндегі ортағасырлық қаланың атына сәйкес, Құлан болып өзгертілсе, 1999 жылы 1 наурыздан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Тұрар Рысқұлов ауданы болып қайта аталып, көпұлтты құландықтардың көптен күткен арман-тілегі жүзеге асып, киелі топыраққа халқымыздың аяулы перзенті, елінің еркіндігі жолында мерт болған Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Ауылдың сыртқы келбеті мен жобалануы кеңестік құрылыс жылдарында қалыптасты. Сол жылдары Луговойда жөндеу механигі, май шайқайтын кірпіш зауыттары, тоқыма фабрикасы, нан-тамақ комбинаты, типография, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, қонақүй, сауда және қоғамдық тамақтану кәсіпорындары, кітап дүкені, мәдениет үйі, кітапханалар, кинотеатр, мәдениет және демалыс паркі, тарихи-өлкетану мұражайы, мал дәрігерлік техникумы, орта сегізжылдық және музыка мектептері, пионерлер үйі салынып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, «Социалистік еңбек» – «Социалистический труд», «Коммунистік еңбек» – «Коммунистический труд» газеттері басылып шығарылған. 1936 жылы Луговойдан 30 шақырым жердегі Көгершін ауылында республикадағы спорт және асыл тұқымды жылқыларды өсіретін ең үлкен №97 Луговой жылқы зауыты құрылды. Онда 1960 жылы Рим Олимпиадалық ойындарының чемпионы – Абсент өсірілген. Ауылда ХХ ғасырдың 20 жылдарында салынған тұрғын үйлер, мектеп және тағы басқа жеке құрылыстар сақталған. Құлан территориясында және оның айналасында VI-ХII ғ.ғ қаласы, біздің заманымызға дейінгі III ғасырдан орта ғасырларға дейінгі обалы қорымдар, бекіністі қоныстар сияқты археологиялық ескерткіштер шоғырланған. Бүгінде аудан аумағында 84 тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Оның ішінде 6 сәулет және қала құрылысы, 66 археологиялық, 12 Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш бар. Негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен, сондай-ақ, өнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысады. Өңір түгелдей дерлік шөл және шөлейтті аймаққа жатады. Жері таулы, құмды. Табиғаты сұлу. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бай. Өзінің осындай географиялық ерекшеліктеріне қарамастан, көпұлтты аудан жұртшылығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп, экономиканы өрге бастыруға лайықты үлестерін қосуда. 1988 жылы аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде облыс бойынша алдыңғы қатарға шығып, аудан егіншілері мемлекетке миллион пұттан астам астық тапсырды. Партия, кеңес жұмыстарында, ауданның әл-ауқатының артуы жолында өз ісінің білгір мамандары, белсенді басшылар аянбай еңбек етті. «Еңбек етсең емерсің» дейді дана қазақ. Еңбектің нағыз үлгісін көрсеткен құландық дихандар өңірдің дәулетін арттыру жолында еңбектенуде. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Құландай қала тарихының бір бөлшегі болу біз үшін үлкен мәртебе. Туған жер – әркімнің шыр етіп дүниеге келген, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Сондықтан да 85 жыл бұрын өз алдына отау құрып шыққан ауданның бүгінде бет-бейнесі өзгергеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.  

Гүлнұр ЖАМАЛБЕКОВА,

Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің әдіскері.

 

Ұқсас жаңалықтар