Су жетіспеушілігінен шаруалар зардап шегуде

Су жетіспеушілігінен шаруалар зардап шегуде
ашық дереккөз
Су жетіспеушілігінен шаруалар зардап шегуде
Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау үшін жалпы 27,0 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде тек егін шаруашылығына 8,2 миллиард теңге қарастырылған. Қаңтар-шілде айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің шығарылымы 161,0 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға орындалды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына 42,0 миллиард теңге, мал шаруашылығы бағытында 118,8 миллиард теңге. Осы жылы 762,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 6,3 мың гектарға артық орындалған. Оның ішінде, 386,2 мың гектар дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 65,6 мың гектар майлы дақылдар, 43,1 мың гектар көкөніс, 16,7 мың гектар бақша дақылдары, 11,4 мың гектар картоп, 10,9 мың гектар қант қызылшасы және 207,6 мың гектар мал азығы дақылдары. Егін жинау жұмыстарына 10 063 дана ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылып, бұл жұмыстарға бөлінген 15,7 мың тонна дизель отыны 250 теңгеден таратылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл егіс алқаптарына 54,0 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге шаруалар тарапынан 31,3 мың тонна тыңайтқыштар алынып, 91,0 мың гектарға ендіріліп отыр. – Мал азығы бойынша өткен жылы 347,1 гектарға 2 279,7 мың тонна жиналса, биыл 351,2 гектарға 2 374,1 мың тонна өнім көлемін құрап, 4,1 пайызға артып отыр. Оның ішінде, пішен 1 915,3 мың тонна, пішендеме 77,2 мың тонна, сабан 381,5 мың тонна дайындалды. Сонымен қатар, биылғы жылы көршілес Қырғыз мемлекетінен берілетін су көлемі өз деңгейінде берілмеуі салдарынан және «Қазгидромет» Жамбыл облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың шілдесі мен тамызы аралығында 20 күн бойы және одан да көп салыстырмалы ауа ылғалдылығы күндіз 30 пайыздан немесе одан аз сақталуына байланысты, облыста қауіпті табиғи құбылыс яғни, қуаңшылық жағдайы қалыптасып отыр. Аудандық деңгейде құрылған комиссия мүшелерінің зерделенген қорытынды шешіміне сәйкес облыстың 6 ауданында, атап айтқанда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандарындағы ағын су тапшылығынан 347 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері зардап шекті. 7,8 мың гектар алқаптан алынатын өнім күйіп кетті. Мұндағы басты дақылдар – қант қызылшасы, көпжылдық шөп пен дәндік жүгері, көкөніс, бақша және тағы да басқа өнім түрлері, – дейді Нұрби Рахметханұлы. Оның айтуынша, облыс бойынша 7,8 мың гектар суармалы егіс алқаптары жарамсыз деп танылуда. Қуаңшылықтың салдарынан ауылшаруашылық дақылдарынан алынып жатқан өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40-50 пайызға төмендеген. Яғни, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 358,5 мың тонна, көкөніс дақылдары 328,0 мың тонна, бақша дақылдары 414,6 мың тонна, майлы дақылдар 5,4 мың тоннаға, картоп дақылы 73,7 мың тоннаға азайған. Ғылыми-зерттеу институттарымен келісілген технологиялық картаға сәйкес, зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шығындары 3,5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, тамыз айында Талас, Шу өзендерінде су тапшылығы жалғасатын жағдайда, суармалы егіс алқаптары жарамсыз болу қаупі 2-3 есеге дейін артпақ. Бұл жағдайда фермерлердің шығындары ұлғаюы мүмкін. Қалыптасқан қуаңшылық жағдайына байланысты, 2023 жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі шыққан. Соның негізінде республикалық бюджеттен төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтен қаржы бөлінеді деп күтілуде. Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қойған сұрақтарға жауап берді.  

 Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар