Бір дертті арқалаған екеу

Бір дертті арқалаған екеу
ашық дереккөз
Бір дертті арқалаған екеу
Бес қабатты үйдің алдында бас түйістіріп тұрған екеуді көзім шалды. Басында жас ғашықтардың бірі болар деп, өтіп кетуге тырысқаныммен, жастары елуді алқымдаған жандар екенін байқаған соң тосылып қалдым. Жігіт ағасы әйелдің көзіне түскен кекілін асықпай жинап, жаулығын түзеді. Әйелді арқалығы бар скамейкаға сүйеп, жерге отыра қалып, аяқ киімін дұрыстап кигізіп, бауын байлады. Жайлап жүріп, куә болған көріністі көз алмай бақылап келемін. Қастарынан өтіп бара жатып: «Саған жүрген пайдалы деген соң, көп жүргізіп қойдым-ау деймін, қайдан білейін» деп күбірлеп жатқанын анық естідім. Құр сүлдері қалған әйелді тұрғызбақ болып оқталғаны сол, құлатып ала жаздады. Дереу бір қолынан ұстап, қолтығынан сүйедім. Әйел тым әлсіз екен. Былқ-сылқ етіп, аяғын жерге тірей де алмады. Күйеуі маған «өзім көтеремін» деп белгі берді. Жанарынан жас парлап тұр. Елуді еңсерген екеу үшін осы сәт те қымбат-ау. Тіпті дәл осы минутта дәуір тоқтап қалса да, сүйген жарын дәл осы күйде мәңгілік арқалап жүргеніне де разы сияқты. Әйелді көтеріп есікке беттеген кісінің қолынан домофонның кілтін алып, есікті аштым. – Қай қабатқа? – деймін дегбірсізденіп. – Бесінші қабат, – деді жігіт ағасы. Жазық жердің өзінде сүрініп, әрең кетіп бара жатқанына жаным ашып, тағы сүйемек болып едім, «арқама салып жіберші» деп еңкейді. Әйелдің дерті жанына батса да, үнсіз ернін тістеп тұр. Ол да өзінен бұрын күйеуін ойлайтын сияқты. Мойны салбырап, басын тік ұстауға қауқары жетпей дір-дір етіп тұрса да, күйеуінен көз алмады. Жоғары көтеріліп бара жатып: – Алла, қуат бере гөр, – деген даусы құлағымда қалып қойды... «Махаббат жеңеді» дедім мен де іштей сыбырлап, бір дертті екіге бөліп, арқалаған екеудің соңынан қарап тұрып.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар