Ел үмітін алып ұшқан түлектер

Ел үмітін алып ұшқан түлектер
ашық дереккөз
Ел үмітін алып ұшқан түлектер
Биылғы оқу жылын аймақта жеті жарым мыңнан астам студент сәтті аяқтап отыр. Олардың арасында ертеңгі ел аманатын арқалап, сенімін абыроймен ақтайтын сан саланың майталмандары қаншама. Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты түлектерінің салтанатты диплом тапсыру шарасына қатысып, олардың жарқын болашағына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Осылайша, кеше отандық еңбек нарығы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 37 бакалавриат және 23 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша бітірген білікті, сапалы білімді, креативті, жоғары мәдениетті жаңа буын мамандарымен толықты. Он бес жыл бойы қоғамға қажетті сан саланың мамандарын дайындап келе жатқан оқу ордасы түлектеріне биылғы дипломдарды аймақ басшысының өзі табыстады. – Бұл күн – әр түлектің өмірінде маңызды орын алатын, келешек қадамдарына тың серпіліс, жаңа үміт сыйлайтын күн! Сендердің үлкен өмірге қанат қағып отырған осы сәт еліміздің жаңа бастамаларымен, жаңа бетбұрыс кезеңімен сәйкес келіп отыр. Сондықтан, елдің ертеңгі болашағы ретінде жастарға үлкен үміт артылады. Жас түлек ретінде мемлекетіміздің тұғырын биік, еңсесін тік ететіндеріңе кәміл сенеміз. Сендер бүгінгі жаңа қоғамға еркін еніп, адами капиталды дамытуда білімді басты құндылық ретінде алуларың қажет. Сондай-ақ, ғылым мен технология дамыған мезгілде бәсекеге қабілетті маманға айналып, нарықтың сұранысына ие кәсіп көздерін меңгерулерің керек. Бүгінгі таңда елімізде білім аламын деген жастарға мол мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көптеген шаралар атқарылуда. Өңірімізде уақытпен үндес дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты. Биыл оқу ордасының ашылғанына – 15 жыл. Осы аз ғана уақыт ішінде институт айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ел дамуына маңызды рөл атқаратын маман иесін дайындауға баса назар аударды. Мамандық дайындау ісін ел экономикасының дамуына бағыттады. Оқу орнына Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Оқу ордасының бас ғимараты алдында Шерағаның еңселі ескерткіші бой көтерді. Биыл институт 100 орынға грант бөліп отыр. Жалпы, бұл игі шаралар білім мен ғылымның ілгері дамуына жетелейтіні сөзсіз. Биылғы оқу жылын өңірде 7,5 мыңнан астам студент сәтті аяқтаса, оның 3 мыңнан астамы осы оқу орнының түлектері. Өткен оқу жылында институт түлектерінің 72 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұл меже биыл да орындалуы керек. Үлкен өмірге басқан қадамдарына сәттілік тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде. Айта кетсек, 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарына бакалавриатқа 30 грант және медицина мамандығы бойынша резидентураға 30 грант бөлінген, ал 2023-2024 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен 55 орын бакалавриатқа және 35 грант резидентураға бөлініп отыр. Сән-салтанаты жарасқан шарада түлектерге магистр және бакалавр дәрежесіндегі үздік дипломдар табысталды. Аға буын атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, түлектердің білекке емес, білімге сенетін заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының жұлдызы Саят Медеуов бастаған өнер иелері әннен шашу шашып, ата-аналар мен түлектердің қуанышын еселеді. Өз кезегінде үздік дипломды ғана емес, ел үмітін арқалаған түлектер де оқытушыларға алғыстарын жеткізді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар