Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды
ашық дереккөз
Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Байзақ ауданындағы жарылыстың қасіреті өңірдің ғана емес, күллі еліміздің қабырғасын қайыстырған еді. Биыл сол оқиғаның орын алғанына да жыл толып отыр. Осы ретте Тараз қаласындағы өрт сөндіру саласының жауынгерлері оқиға орнында опат болған әріптестерін еске алып, рухтарына тағзым етті. Қызмет барысында қаза болған сала сардарларын еске алу шарасына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Берікжүсіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, өрт сөндіру қызметінің ардагерлері мен майталмандары, опат болған оғландардың отбасылары қатысты. Бір минут үнсіздік жарияланып, мінсіз қызмет етіп жүріп мезгілсіз қаза тапқан майталмандардың ғұмырбаяндары жеке-жеке аталып өтті. Олардың рухына арналған мемориалды кешенге гүл шоқтары қойылды. – Бұл оқиға сала мамандарының және олардың отбасыларының ғана емес, барша қазақтың қайғысы болды. Батырларымызды еске алу, ұрпаққа олардың ерлігін ұлықтау біздің азаматтық парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл батырларымыздың ерлігі барлығымыздың жадымызда қалады. «Орнында бар оңалар», – дейді еліміз. Сондықтан осындай ержүрек, қызметіне адал батырларымыздың ұрпақтары аман болсын және еліміздің келешегі жарқын болсын, – деді өз сөзінде салааралық министрлікке қарасты комитет төрағасы Нұрболат Бекболатұлы. Расында да он отбасыны ғана емес, қалың қазақ елін қара жамылдырған қайғылы оқиға арада бір жыл тұрмақ, ондаған жылдар өтсе де ұмытылмайды. Гүл шоқтарын қою барысында марқұмдардың ата-аналары, ұрпақтары, аяулы жарлары көздеріне жас алса, әріптестері естеліктерімен бөлісті. – Төтенше жағдай әрдайым айтып келмейтін апат. Әрбір төтенше оқиға орын алғанда алдымен бірінші болып көмек қолын созатын өздеріңізсіздер. Құтқарушыларды бейбіт заманның батырлары деп айтуға толықтай негіз бар. Жылдар жылжып өткенімен сын сағатта қатерге кеудесін тосқан айбынды ерлеріміздің өр тұлғасы мен ерліктері ешуақытта ұмытылмайды. Елінің тыныштығы мен амандығы үшін қауіпке бас тігу оңай іс емес. Ерлігімен ел жүрегіне есімдерін жазып кеткен батырларға деген құрмет ешқашан толастамайды. Бүгін де қайсар ерлердің рухына тағзым етудеміз. Қызметтерін адал атқарған жауынгерлерге шексіз алғысымызды айтамыз. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі, өшпес өнеге. Кейінгі жас ұрпақ қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып өсеріне сенімдіміз. Елін, жерін қастерлеген боздақтардың есімі халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Мұндай апаттар алдағы уақытта елімізде қайталанбасын. Елімізде тек бейбітшілік болсын, – деді өз сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров. Жүрек елжіретер жүздесуде опат болған оғландардың мезгілсіз қызмет барысындағы қандыкөйлек жолдастары, көзкөрген әріптестері Сағи Әбдіразақов пен Нұрғазы Бердіханов арнау өлеңдерін тебіреніспен оқыды. Сала ардагері Нұржан Биназаров ел тыныштығы жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген мамандардың ісін, ерліктің аспанында рухтары қырандай еркін самғап жүрген майталмандардың батылдығын сөз етіп, ізбасар ұрпаққа ақ батасын берді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

 

     

Ұқсас жаңалықтар