Биыл 43 жас маманға пәтер беріледі

Биыл 43 жас маманға  пәтер беріледі
ашық дереккөз
Биыл 43 жас маманға пәтер беріледі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық мәдени кодымызды нақтылап, ғылым, білім, мәдениет секілді негізгі құндылықтарымыздың даму бағытын көрсетіп бергені белгілі. Бұл орайда Т.Рысқұлов ауданында да ауқымды жұмыстар жүзеге асты. «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылып, «Білім және тәрбие», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламалары бойынша 10 жоба енгізіліп, олардың жалпы құны 367 миллион 400 мың теңгені құрапты. Бұл жөнінде Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтты. Оның ақпаратына сүйенсек, «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев өз қаражатына заманауи үлгідегі 92 орындық балабақша соғып, коммуналдық меншікке беріпті. Сондай-ақ ол Д.Қонаев ауылынан да 60 орындық балабақша салып беруді міндетіне алған. Кәсіпкер Табылды Кемелбеков, Азаматхан Әміртай да өз қаражаттарына спорт нысандарын салып беріп, игі іс жасапты. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша аудан аумағындағы ортағасырлық қалалар – Құлан, Өрнек тарихи-мәдени ескерткіштері ЮНЕСКО тарапынан Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар «Киелі жерлер картасы» жасақталып, киелі және тарихи маңызы бар орындар көпшілікке таныстырылуда. Туризмді дамыту, өткен ғасырларды сипаттайтын орындарды қайта жаңғырту жұмыстары сапалы жүргізілетін болады. Ірі кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен ат спорты ойындары алаңын жасақтау жоспарланыпты. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Жас өлкетанушылар» экспедициясын құру, «Өлкетану» үйірме-клуб жұмыстарын дамыту жүзеге асып жатыр екен. Ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етіп жүрген 62 жас маман пәтер кезегін күтуде. 43 маман биыл пәтерлі болса, өзгесінің қажеттілігі мүмкіндікке қарай шешіледі. Биыл ауданға тағы 16 дәрігер аталған бағдарлама бойынша келген. Мұнан соң Бейсенбек Әшімалыұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар